Атырау, 25 желтоқсан 06:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Аралдағы алауыздық

4 627 просмотра

Consolidated Contractors Company (ССС) компаниясының қызметкерлері ереуілден кейін өздерінің қудалауға түскенін мәлімдеді.

«АЖ»-ға Каспий теңізіндегі жасанды D аралында жұмыс істейтін ССС компаниясының (Agip KCO компаниясының мердігері) құрылысшылар тобы хабарласқан еді. Олар сонымен қатар, облыс әкімі Бергей Рысқалиевқа ұжымдық хат жолдапты.

«ССС компаниясында құрылған кәсіподақ біздің құқығымызды қорғамайды, сондықтан біз әділет департаментінде тіркелген «Каспий қоғамы» қоғамдық бірлестігін құрдық. Бұдан кейін біздің көшбасшыларымыз Әнуар Исмайылов, Асқар Қалиулин және басқа да бірнеше адамдар жұмыстан шығарылды. Біз оларды қайтадан жұмысқа алуын талап етеміз», - деп мәлімдейді қол қойған 65 адам, олар облыс әкімінен осы жағдайға араласуын өтінеді.

Естеріңізге салайық, өткен жылдың тамызында D аралында қазақстандық ССС компаниясы қызметкерлерінің ереуілі орын алған еді. Жүк ілушілер мен тұрба монтаждаушылар заң бойынша тиесілі үстеме ақыларын төлеуді және еңбекақыларын көбейтуді талап етті. Сол кезде облыстық әкімшілік дауды шешуге тікелей қатысып, ереуілге шығушылардың талаптарының басым бөлігі қанағаттандырылған болатын.

КӘСІПОДАҚ ЖИНАЛЫСЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ – БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ

Біз жұмысшылардың хатында айтылғандардың бірімен, ССС компаниясының бұрынғы тұрба монтаждаушысы Әнуар ИСМАЙЫЛОВПЕН кездескен едік. Оның айтуынша, оның жұмысындағы жағымсыз жайттар 2010 жылдың ақпанында «Каспий қоғамы» қоғамдық бірлестігін ресми түрде тіркегеннен кейін басталған.  

«Өткен жылы Қашағандағы қазақстандық жұмысшылар өте ауыр жағдайда жұмыс істеді, - дейді Исмайылов. – Жазда, теңіздегі температура 50 градусқа дейін көтерілген кезде жұмысшыларға тіпті салқын су да берілген жоқ. Біз жатақхананың қапырық бөлмелерінде ыстықтан берекетіміз қашып жүргенде, шетелдік жұмысшылар кондиционер астында салқындап, рахаттанып жүрді. Вахталық 28 күн мен демалыстың 28 күнінде қолымызға 70 мың теңге алдық – егер оны екіге бөлер болсақ, айына 35 мың теңгеден келеді. Кәсіподақ осының бәріне көз жұма қарады».

Сол кезде жұмысшылардың құқығын нақты қорғай алатын «Каспий қоғамы» ұйымын құруды ұйғарған. Тіркелгеннен кейін олар алдымен ұжымдық келісім-шартты көрсетуді талап еткен. Бірақ жұмыс беруші оларға оны көрсетуден бас тартқан.

Ә.Исмайыловтың айтуынша, ақпан айында аралда жиналыс өткізіліп, оған Атырау облыстық құрылысшылар кәсіподағы комитетінің төрағасы Есет Өтеулиев қатысқан. Жиналыс қызу өтті, адамдар іштерінде жатқан нәрсенің бәрін айтып, олардың пікірінше, салғырттықпен қарайтын жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Байшөкеновті алып тастауды талап етіпті. Бірақ ол сол орнында қалыпты. Есесіне анағұрлым белсенді «бүлікшілер» ұшып кеткен: компания басшылығы «Каспий қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Асқар Қалиуллинді, Жалғас Мырзашевті, Руслан Ғабдиевті, Роллан Есқалиевті, Рүстем Тілековті, Руслан Құдайбергеновті, Ринат  Мәжитовті, Ермек Булгатовты, Жанәлі Молдағалиевті жұмыстан шығарып жіберген.

Исмайыловтың өзін де «жұмыс орнында себепсіз 4 сағат жоқ болған» деп, жұмыстан шығарып жіберген. Бұл бөлек әңгіме.

БІТІМГЕРГЕ «АЛҒЫС»

Бұл туралы Әнуар Исмайыловтің өзі былай дейді: «Ақпан айында суперинтеданттың орнына уақытша палестиналық электрик Абдолла тағайындалды. Бастық болғаннан кейін ол аралда жұмыс істейтін қазақ қыздарына ашықтан ашық қырғидай тие бастады. Оларға «сендерге аз төлейді, ал мен көп төлеймін» деп, интимдік қарым-қатынаста болуды ұсынған. Шамасы, мұның бәрі шеңберден шығып кеткен болуы керек, өйткені бір күні шетелдік басшылық тұратын бокстың жанында арматурамен және тұрбалармен қаруланған жұмысшылар тобы жиналып, Абдолладан қазақ әйелдерінің алдында өзінің әрекеті үшін жұртшылық алдында кешірім сұрап, Қазақстаннан тезірек кетуін талап еткен».

Айтпақшы, Атырау ішінде ұялы телефондардан өзін қоршаған топтың ортасында шетелдік ер адамның қазақ қыздарынан тізерлеп кешірім сұрап отырғаны жазылған бейнежазбаны көруге болады.

«Осы оқиға болған кезде мен жұмыс орнымда болатынмын, - дейді Исмайылов. – Жұмысшылар арасындағы менің беделімді білетін компанияның менеджері Абдолла Салах маған жүгіріп келіп: «Мистер Әнуар, көмектесіңіз, оларды тоқтатыңыз!» деді. Мен келіп, адамдарды сабырға шақыра бастадым, эмоцияның жетегіне ермеуді өтініп, келіссөз жүргізуге қол жеткіздім. Абдолланы алып тастауға уәде берді, кейін ол шынымен де Қазақстаннан кетіп қалды. Ал маған осы дауды шешуге қатысқанымды «жұмыс орнында себепсіз 4 сағат болмаған» деп белгілепті».

КЕЛІСІМ-ШАРТ БАРШАСЫМЕН ЖАСАЛҒАН, БІРАҚ...

Бізге ССС компаниясының заңгері Райымбек БІЛӘЛОВПЕН сөйлесудің сәті түсті. Оның пікірінше, 700-ден аса адамды біріктіретін ССС компаниясының кәсіподағы жақсы жұмыс істейді. Кәсіподақ комитетінің арқасында ұжымдық еңбек келісім-шартына бірқатар өзгерістер енгізілген.

«Иә, мен жұмысшылардың әлдебір қоғамдық бірлестік құрғанын естідім. Алайда, оның қандай ұйым екеніне қызығушылық білдірмедім. Олардың ешбіреуі осы бірлестіктің құрылғаны туралы басшылыққа хабардар етпегесін біз қайдан білейік? – дейді Р.Біләлов. – Біз көрсетуден бас тартып отыр-мыс делінген ұжымдық келісім-шартқа келер болсақ, ұжымдық келісім-шарт нақты бір жұмысшылармен емес, тұтас ұжыммен жасалған, ал біз оны қолға бере алмаймыз. Осы құжатпен танысқысы келетіндер мұны кез-келген уақытта кеңсеге келіп танысуларына болады.

Өздерін заңсыз жұмыстан қуылғанбыз деп есептейтін жұмысшылар қадағалау органдарына шағымдана алады».

«ОЛ КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСЫН БІЛЕДІ, АЛ, ОЛАР ЕКІ СӨЗДІҢ БАСЫН ҚҰРАЙ АЛМАЙДЫ»

Құрылысшылар кәсіподағы комитетінің төрағасы Есет ӨТЕУЛИЕВТІҢ  айтуынша, 2009 жылы ССС компаниясы қызметкерлері кәсіподақ төрағасы етіп Айтжан Байшөкеновті өздері таңдады. «Мен сол кезде оның кандидатурасын тексеріп көрдім. Ол бұрын да кәсіподақ жұмыстарына қатысқан болып шықты. Бұл жұмыстың барысын біледі. Ал, жұмысшылардың ұсынған кандидаттарының көпшілігі екі сөздің басын құрап айта алмайды»,-дейді Е.Өтеулиев.  Ол сондай-ақ, бір кәсіпорында екі кәсіподақ ұйымының болуы мүмкін емес дегенді алға тартады. «Қашанда жұмыста даулар мен жанжалдар болмай тұрмайды. Оның үстіне «Каспий қоғамы» бірлестігін Қашағанға бәрінен соң жұмысқа кірген қызметкерлер құрған. Мен оларға бәрін ертерек түсіндірдім. Ал, егер ертең тағы да 5-6 қызметкер өздерінің ұйымын құруды қаласа қайтеміз?! Кәсіподақ қызметінің ережесінде бір ұжымда бір кәсіподақ ұйымының жұмыс істеу қажеттілігі туралы айтылады. Сондықтан да мен «Каспий қоғамының» жұмысы үшін жауап бермеймін».

Жұмыстан шығып қалған «Каспий қоғамы» белсенділері қалалық сотқа бұрынғы жұмыстарына қайтадан қабылдауларын сұраған талап арыз берді. Бұдан басқа, олар пролетариат құқығын талап етуде бай тәжірибесі бар «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларынан көмек сұрады.   

Сәния ТОЙКЕН, Азамат МАЙТАНОВ

Д аралындағы былтырғы ереуілдің жаңғырығы

30 наурыз 2011, 18:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.