Жылыой ауданындағы халықты жылу, сумен қамтып отырған «Жылыойсу» МКК банкроттықтың аз-ақ алдында тұр. Мекеменің экономикалық жағдайы нашарлап, қарызға белшесінен батқан жайы бар.
Қарыз болса шаш етектен
2018 жылы «ГазМұнайСервис» ЖШС-і «Жылыойсу» мекемесін 30 жылға сенімгерлік басқаруға алған. ЖШС басшылығы Жылыойда мүлдем болмаған кәріз суын тазарту стансасын өз күшімізбен саламыз деген міндеттемені қоса алған еді. Алайда ЖШС өз міндеттемесін орындамақ түгілі қарыздан-қарызға батып, экономикалық ахуалы құлдырап кетті. 2022 жылдың күзінде құрылтайшы аудандық әкімдік «ГазМұнайСервис» ЖШС-ін сотқа беру арқылы келісім шартты бұзып мекемені мемлекет меншігіне қайтарып алуына тура келді.
«Жылыойсу» МКК қазіргі жағдайы қуантарлық емес. Неге екені белгісіз МКК директоры Асқар САТЫБАЛДИЕВ әкімшіліктің рұқсатынсыз ешқандай ақпар бере алмайтынын ашып айтты. Мүмкін оның бұл әрекеті биылғы 13 шілдедегі кәріз құдығын жөндеу кезінде осы мекеменің екі жұмысшысы құдыққа құлап кетіп қайтыс болған оқиғамен байланысы бар болар.
Белгілі болғаны: жалпы мекемеде 200-дей адам еңбек етеді. Ол ауыз суды «Астрахан-Маңғышлақ» магистральды су торабынан «КазТрансОил» АҚ арқылы жеткізіп, Құлсары халқын қамтып отыр. Бүгінде «Жылыойсу» мекемесі «КазТрансОил» АҚ-на 300 млн теңге бережақ. Оның 30 млн теңгеге жуығы газ, жарық, т. б. қарыз. Осындай қыруар қарызға белшесінен батқан мекеме амалсыз кеңсе қызметкерлерінің кейбірін 4 сағаттық жұмысқа көшірген.
Эпидемия болу қауіпі бар
Су тазарту қондырғыларының жағдайы қалай? Айтқандай, қалаға тәулігіне 10 мың текше метр су берілетініне қарамастан, Жылыой ауданында олар мүлдем болмаған. Бергей РЫСҚАЛИЕВ әкім болып тұрған кезінде Құлсары қаласында кәріз тазарту стансасының құрылысы басталып, оған 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалғаннан кейін құрылысы тоқтап қалды. Ақырында ол тоналып, қара жер ғана қалған. Бүгінде Құлсары қаласынан шыққан кәріз суы 12 шақырым жердегі сорға құбыр арқылы төгіліп жатыр. Ол бүгінде үлкен көлге айналған.
Жаңа Қаратон ауылында да осындай жағдай. Онда да көптен бері кәріз суы 5-6 шақырым жерде айдалаға ағып жатыр. Жергіліктіт тұрғындар ол жерді «кока-кола» деп атап кеткен. Сол боқ суды мал ішіп жатыр. Ал сол малдың еті мен сүтін халық пайдаланып отыр. Оның денсаулыққа қаншалықты зиян келтіріп отырғанын болжау қиын емес.
Биыл Атырау облысы бойынша экология департаменті осы кәріз суы үшін «Жылыойсу» мекемесіне 90 млн теңгеге жуық айыппұл салды. Өзі ілдалдамен әрең күн көріп отырған «Жылыойсу» мекемесі ол айыппұлды өтеп шықты. Аудан үшін кәріз суын тазарту ғимаратын салу мәселесі көптен көтеріліп жүргенімен аяқсыз қалып келеді. Жалпы осы тақырып мекемеге де, аудан басшылығына да жағымсыз. Аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ сұхбат алу кезінде диктофон мен ұялы телефон пайдалануға тыйым салып, бұрынғыдай қағаз бен қалам алып жүруді ұсынды.
- ... «Жылыойсу» МКК бірнеше млн-ға қарызға батқан, мекемені неге банкрот деп жарияламайды?
- Банкрот болмайды, мекеме ол қарызды өтейді (қалай өтелетінін ашық айтпады. - авт.). Бұл айыппұлды да өтеген. Әрине, жағдайы қиындау, бірақ жұмыс жасап жатыр.
- Ал кәріз суын тазарту стансасы қашан салынады?
-Тәулігіне 10 мың текше метрді қабылдайтын кәріз суын тазарту стансасын салу үшін жобалық сметасының құжаты жасақталып жатыр. Сараптамадан толық өткесін құрылысын бастау үшін қаржы сұралады. Бұл аудандағы ең өзекті мәселенің бірі болып тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор