Атырау, 27 қараша 13:44
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​АМӨЗ де, NCOC да Экология кодексі талаптарын сақтамаған

1 355 просмотра

Атырау облыстық экология департаменті 3 шілде күнгі апатқа байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытын жоспардан тыс тексеруді бастады

Бұл туралы Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары, Бас мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым ТЛЕГЕНОВ брифингте хабарлады.

Еске салсақ, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апатты жағдай салдарынан Атырау қаланың басым бөлігі жарықсыз қалды, Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы толық тоқтап, қаланың экологиясына зиян келді. 

С.Тлегеновтың айтуынша, жыл басынан бері 17 жоспардан тыс тексеру жүріп, экологиялық заңнама талаптарын бұзған 25 дерек анықталды, 68 әкімшілік іс қозғалды. Тоғыз іс сотта қаралып, барлығы 7 миллиардтан астам әкімшілік айыппұл салынды. 40 іс бойынша 34 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, толық өндірілді.  

Тлегенов жыл басынан бері Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс жүргізілген төрт тексеру жұмысына тоқталды. Алғашқы тексеруде алау қондырғысында газ жағу бойынша сот шешімімен 618 мың теңге айыппұл салынды. Екіншісінде қондырғылардың бірінде пештің жану режимі бұзылып, қара түтін ауаға тарауына байланысты 911 мың теңге айыппұл салынды. Үшінші жоспардан тыс тексеру кезінде қондырғылардың бірінде технологиялық режим бұзылып, 4823 текше метр газ жағылған. Зауытқа 304 мың теңге айыппұл салды. Төртінші тексеру тағы да газ жағу фактісі бойынша жүрді - 2 млн 207 мың теңге айыппұл салынды.  

Бұдан басқа оңтүстік-батыс жақта санитариялық қорғау аймағында белгісіз қалдықтар төгілгені үшін 517 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Тлегенов АМӨЗ Экология кодексінің 418-бабының 16-тармағының талабын орындауға асықпайтынын да атап өтті:

- Экологиялық эмиссиялардың автоматтандырылған мониторинг жүйесі 2023 жылдың қаңтарынан бастап міндетті түрде болуы керек. Алайда, АМӨЗ бұл жүйеге тек 2024 жылы көшуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 325-бабы бойынша 345 мың теңге айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, China National Chemical Engineering Co., Ltd. (CNCEC) кәсіпорнына қатысты тексеру туралы да айтты.

2015 жылы 31 желтоқсанда «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС мердігері болған кәсіпорын полипропилен өндіру зауытын салуға тиіс болған. Бүкіл экологиялық рұқсат құжатын түгендегенмен, зауытты іске қосу кезінде алауда газ жағу фактісі ескерілмеген. Алауда газ жағуға рұқсат құжатын KPI рәсімдеп, құжаттар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енбек болған. Алайда, оны күтпестен, CNCEC компаниясы зауытты іске қосу кезінде 2022 жылы 1 шілдедеден 3 желтоқсан аралығында алауда газ жаққан. Компанияға ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырылып, 21 млн 267 мың теңге айыппұл салынды. Бүгінде бұл сома толық өндірілген.  

«Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ті тексеру кезінде көмірқышқыл газының мөлшерден тыс асырылғаны үшін 7 млрд 224 млн 485 мың теңге айыппұл салынды. 

Сондай-ақ, былтыр кәсіпорын аумағында рұқсатсыз  су төккені үшін жауапкершілікке тартылып, 10 млн 448 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған. Айта кетсек, бұл айыппұл Karabatan Utility Solutions-ның электр станциясын салған мердігері «Базис Констракшн» компаниясына бағытталды. Мердігер су тазарту қондырғысын салу кезінде суды ағызатын жер болмай көлге құйған. Айыппұл жобада булану тоғандары қарастырылмағаны үшін салынды. Нұсқама бойынша компания 2023 жылдың 31 шілдесіне дейін су ағызылған су қоймасын (көлді) бастапқы қалпына келтіруге міндеттелді. Тлегенов қазір мамандар Karabatan Utility Solutions мен «Базис Констракшн»-ті тексеріп жатқанын хабарлады. 

- Атмосфералық ауаның күкіртсутігемен ластану көздері – Атырау облысы су арнасы мен АМӨЗ-ге тиесілі сол жағалаудағы Тухлая балка және оң жағалаудағы Квадрат булану алаңдары, қаладағы 80-ге жуық кәріздерді тазалау станциялары, іргелес орналасқан мұнай кәсіпорындары, - дейді Тлегенов.

NCOC бойынша Тлегенов компанияны 2022 жылдың қараша-желтоқсанында жүрген профилактикалық бақылау кезінде экологиялық заң талаптарын бұзған он деректі анықтағанын айтты: 

- Деректің бесеуі күкіртті дұрыс сақтамауға қатысты. Күкірт сақтауға арналған блоктардың төбесі пленкамен жабылмған. Төбесінен аққан жауын, жанындағы қабырғалардан кірген жауын суы ағып, күкірт блогы айналасындағы булану алаңына тазартусыз төгілген, яғни экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырылған. Күкірт сақтау блоктарында 730 мың тонна күкірт сақтауға рұқсат берілген. Алайда компания 1 млн 750 мың тоннадай сақтаған. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Екінші тарап өзінің құқықбұзушылығын жаңа Экология кодексімен байланысиырады, себебі ол кодекс талаптарына сәйкес, мұнай өндіруші кәсіпорындар күкіртті сақтау мерзімін азайтуы тиіс. NCOC-ге 2021 жылы экологиялық рұқсат құжаты берлігенде күкіртті азайту жөнінде шарт қойылған. 

Біз тексеруге барған кезде күкіртті уақтау тәсілімен жойып, құтылу жұмысына кіріскен, алайда оның шаңын басу шаралары тіпті оны үгітіп, уату кезінде де қолға алынбаған.  

Қазір 10 бұзушылықтың үшеуі бойынша сот бізбен келіспей NCOC-ді қолдады. Біз шағым дайындадық. Бұл апелляциялық сотта шешіледі, - дейді Тілегенов. 

Сот шешімі шыққанға дейін қалған әкімшілік істі қарау тоқтатылды. Жеті дерек бойынша сот экологиялық департамент позициясын қолдады.

Айнур САПАРОВА

14 тамыз 2023, 16:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.