Атырау, 27 қараша 14:58
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Ағаш суарушылар шлангы мен қураған ағаштар туралы айтып берді

1 636 просмотра

Өткен жылы қала басшылығы суармалы су құбырының құрылысы аяқталғанын хабарлады. Ал біз көшелерде кешкі уақытта «Каспийдормостстрой» ЖШС (КДМС) қызметкерлерінің ағаштарды шлангымен суарып жатқанын жиі кездестіреміз.

Еске сала кетсек, қалалық суармалы су құбырының құрылысына көпжылдық келісімшарт 2017 жылдың 15 желтоқсанында жасалған болатын. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі, мердігер – «Алматыинжстрой» АҚ, құны 1 млрд 628 млн 300 мың 800 теңге.

Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, 2017 жылдың қорытындысы бойынша мердігер 1 млн 800 мың теңге, 2018 жылы –  592 млн 152 мың, 2019 жылы – 346 млн 878 мың теңге игерген. 2020 жылы ақша бөлінбей, ешқандай жұмыс жүрген жоқ. Алайда мемлекеттік сатып алу порталында 840 миллион теңгеден астам сомаға 2020 жылға арналған келісімшарт жарияланды.

Біз ақпарат алу үшін КДМС-ке хабарластық. Олар бізге былай деп жауап берді:

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жыл ішінде (2019-2023 жж.) қаладағы біздің компания суармалы су құбырын жөндеп, аяқтап, суару жүйесі бір жолға қойылды.

Ол 22 учаске арқылы өтіп жатыр: Бейбарыс, Азаттық, Сәтбаев, Әбілқайырхан даңғылдары, Ғұмаров, Владимирский, Құрманғазы, Тайманов, Берғалиев, Амандосов, Баймұханов, Махамбет, Уәлиханов, Ғабдиев, Мәденов, Құнанбаев, Бейбітшілік, Әуезов көшелері және Нұрсая, Самал, Алмагүл ықшамаудандары мен Атырау – Махамбет трассасының А-28 айналма жолы.

Суару жүйесіне су айдайтын 7 жаңа резервуар салынды. Олардың көлемі 100 және 200 текше метрден.

Бүгінгі таңда бізде жалпы ұзындығы 147 000 м су құбыры, 9 резервуар және 12 сорғы станциясы тұрақты жұмыс жасап тұр.

Суару жүйесінде ыңғайлы әрі қолжетімді жерлерге көбіне тамшылатып суару әдісі қолданылады. Сұрақта нақты көрсетілген аумақты алатын болсақ, ол жерде де суару құбыры іске қосылған, бірақ суару роторлар (сплинкерлер) арқылы емес, шлангы арқылы жүзеге асырылады. Өкінішке орай, объективті жағдайға байланысты мұнда суару жүйесін автоматтандыруға мүмкін болмады - біз көгалды жобаның бір бөлігі ретінде бізден бұрын отырғызылған жетілген ағаштары бар учаскеде төседік. Ағаштардың артындағы «соқыр аймақтарға» су жету үшін шлангы арқылы қолмен суару керек. Ал, мәселен, Сәтбаевтың бойындағы аллеяларда немесе Жеңіс саябағында мұндай мәселе жоқ, өйткені онда көгалдар ашық жерлерде орналасқан, ал жағалай өсіп тұрған ағаштар айналмалы суару жүйесіне кедергі келтірмейді. 

«ҚУРАҒАН» АҒАШТАР ТУРАЛЫ

Өкінішке орай, бұл мәселе су жетіспеушілігінен туындап отырған жоқ, өйткені суару жоспарлы және тұрақты жүзеге асырылып отыр.  Жапырақты қарағаш жапырақжегіш қоңызы «кептіріп тастаған». Ыстықта қарағаш талы күйзеліске ұшырап, әлсіреп, зиянкестің шабуылына төтеп бере алмайды. Оның құрттары дами келе жапырақтың жұмсақ жерін кеміріп, қатты тарамыстарын қалдырады, сөйтіп жапырақтың құр қаңқасы қалып, құрғақ және сынғыш келеді. Бұл күндері осындай қоңыздың шабуылынан тек біздің өңір ғана емес, еліміздің батысы мен оңтүстігінде де зардап шегіп отыр: Ақтөбе, Қызылорда, Алматы...

Жапырақжегіш қоңызы – қарағаштың байырғы жауы, ол суыққа өте төзімді, қаладағыдай жылы жағдайда жеңіл қыстап шығады.  Жәндіктер кез-келген қуыста, жертөледе және шатырларда, тіпті топырақтың арасына жасырынып алады. Атырауда соңғы жылдары қыс онша ызғарлы болған жоқ, бұл жағдай жазда зиянкестің көп таралуына ықпал етіп отыр. Күн жылынған бойда топырақтан және қуыс-қуыстан зиянкестердің жаппай ұшқыны басталады. Жыл сайын көктемде мамандандырылған мердігер бізге күтім жасау үшін берілген аймақтың топырағы мен ағаштарын фитосанитариялық өңдеуден өткізеді – бұл қала көшелері, саябақтар, алаңдар секілді жалпы пайдалану орындарындағы жасыл желектер.

Бұл шара зиянкестерді үркітуге көмектеседі, бірақ олар үйлердің  іргесіндегі, мектеп, балабақша мен оқу орындарының алаңдарындағы, қоғамдық ұйымдар, спорт нысандары, денсаулық сақтау мекемелері, шіркеу мен мешіттердің айналасындағы өңделмеген ағаштарда пайда болуы мүмкін... Бұл аумақтардың барлығы біздің қызмет көрсету аймағына кірмейді. Ал ол жерлерде пайда болған жапырақ қоңызы жапырақтарды тез кеміріп тастап, жаңа қорек көзін іздеп, орталық көшелерге оңай шығып кете алады. Біз зардап шеккен аймақтарды өңдеп отыруді жиілеттік, бірақ басқа аймақтар қоңыздан қорғалмаған.

Бұл мәселенің шешімі ретінде өңдеуге ертерек кірісіп, тек біздің есебіміздегі ғана емес одан тыс аумақтарда да өңдейтін жерлерді көбейту қажет деп есептейміз.  

Қала билігі де бұл мәселеге алаңдап, оны шешудің жолдарын қарастыруды қолға алғалы жатыр».

Бірақ, біз мәселен, Әуезовтен Азаттыққа дейінгі учаске неге әлі күнге дейін суару жүйесіне қосылмаған деген сауалға жауап ала алмадық.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

8 тамыз 2023, 21:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.