26-30 сәуір аралығында Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің «Жайық» ДСК-нде бокстан дәстүрлі Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтің рухтарын еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Турнирге қатысуға Сирия, Моңғолия, Украина, Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзірбайжан құрамалары өтінімдерін беріп қойды.
Жарыстың беделімен қатар, қатысушылардың шеберліктері де артып келеді. Ринг қожайындары бұрынғыдай 2-3 «алтын» аламыз деп мақсат қоймайды. Қазір бір жеңімпаз және бір жүлдегер шықса, жақсы болар деп отыр. Турнир қарсаңында біздің құрама жаңа жұмыс жаттықтырушысымен(облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Адик БЕРМЕШОВ өз орнында) толықты. Бұл - бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының аға бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 31 жасар Қанат ОРАҚБАЕВ (суретте). Біз оны «Атырау» ДСК-нде болып жатқан жаттығу үстінде кездестірдік және бірнеше сауал қойдық.
- Қанат Қадырғалиұлы, сізде әр түрлі дәрежедегі медальдар көп екенін білеміз. Осы олжаларыңызды біздің оқырмандарға көрсетейік.
- Мен медальдарымды өзіммен бірге алып жүрмеймін, олар өте көп. Мен 1999 – 2009 жылдар аралығындағы барлық ел чемпионатының жеңімпазымын, Қазақстан спартакиадасының 2 дүркін чемпионымын, 2001 жылғы Шығыс Азия Ойындарының күміс жүлдегерімін, 2003 жылы болған мұнайлы елдер арасындағы Әлем кубогының, 2004 жылғы Азия чемпионатының және 2005 жылғы Әлем кубогының қола медаль иегерімін.
2004 жылы Азия чемпиона-тының жартылай финалында жеңіліп қалып, Афиныдағы Олимпиаданың лицензиясына қол жеткізе алмай қалдым (тек финалистерге ғана берілді). Нәтижесінде келесі лицензиялық турнирге қарағандылық Серік Елеуов қатысып, лицензия ұтып, Афиныда үшінші болды. Жолым болмады, сол кезде мен құрамада өз салмағымда№1 боксшы болып едім.
2009 жылы мен бапкерлік жұмысқа ауыстым. Мырзағали АЙТЖАНОВ ел құрамасының бас бапкері болып тағайындалғанда, ол мені Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) құрамасының аға жаттықтырушысы етіп орнына тастап кетті. Мен ол жерде екі жыл жұмыс жасадым.
- ОҚО құрамасын жаттық-тырып жүргенде қандай жетістіктерге жеттіңіз?
- 2010 жылы өз шәкірттерімді Қазақстан бокс федерациясының кубогының финалына алып шықтым. Біз онда Астана құрамасына жол бердік. Алайда бұл матчтық кездесуде түсініксіз жайттар орын алды. Мен өзімді ұтылдым деп есептемеймін.
Менің жетекшілігіммен Бейжің және Лондон Олимпиадалық ойындарының қатысушысы Біржан Жақыпов Азия ойындарының күміс жүлдегері атанса, Досжан Оспанов – Азия чемпионы, Асқар Абдуллаев көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды.
Мен бұл жерге Атырау бокс федерациясының президенті Асқар Балжановтың шақыртуы-мен келдім. 2016 жылғы Олимпиадалық ойындарға дейін жұмыс жасаймын. Ең төменгі міндет: жергілікті боксшылардың шеберлік деңгейлерін көтеру, ал олимпиадалық лицензиялар болып жатса, тіпті жақсы.
- Шымкент пен Атыраудағы бокстың дамуында өзгешелік-терді байқадыңыз ба?
- Шымкентте бокс - №1 спорт түрі. Спорттық секцияларда балалар өте көп жаттығады, жарыстарға да жанкүйерлер көп келеді. Ал сіздерде айқастарды көруге бас-аяғы 10 адам келеді. Міне, айырмашылық осында.
- Атыраулық спортшы-лардың қайсысынан жақсы үміт күтесіз?
- Ержан Ордабаев, Азамат Досмағамбетов, Нұрсұлтан Амангелдиев, Жасұлан Қапаров, Жасұлан Молдашевтарсияқты жақсы боксшылар көп.
- Бізге сырт көздің пікірі өте маңызды. Жергілікті бапкерлердің қай бағытта жұмыстанғандары жөн?
- Боксшылар жақсы үйретілген, «физикалары» да жоғары деңгейде. Ең бастысы, жарыстарға көп бару керек. Жекпе-жектер тәжірибесі жетіспейді. Оқу-жаттығу жиындарын басқа ел, басқа облыстарға барып өткізу керек. Жас боксшылар аз, мектептерді аралап, ынталы балаларды бокс секциясына тарту керек және аудандарда бокс мектептерін ашу қажет.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ