27 маусым – 2 шілде аралығында Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан «Елорда кубогы» ІІ халықаралық турнирі өтіп, оған 10 елден 200-ден астам спортшы қатысты. Бір қуантарлығы, 75 келіге дейінгі салмақта Атырау бокс мектебінің өкілі Нұрқанат РАЙС турнир жеңімпазы атанып, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады.
Нұрқанат Райс – ҚР спорт шебері, Ұлттық құраманың мүшесі, әлем чемпионатының финалисі, көптеген халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы.
Үздіксіз жаттығулар кестесінен уақыт белгілеп, чемпионмен тілдескен едік.
- Нұрқанат, сізді бокстан халықаралық «Елорда кубогы» турниріндегі жеңісіңізбен құттықтаймыз. Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Спортқа қалай келдіңіз? Өміріңізді боксқа арнамасаңыз кім болар едіңіз?
– Мен Шымкент қаласындағы Айнабұлақ ауданында қарапайым отбасында туып-өстім, отбасымызда төрт ағайындымыз. 2008 жылы ауданымызда күрес және бокс секциялары ашылған кезде мені спортқа әкем әкелді. Әкем маған «күреске қатыссаң қайтеді?» деген еді. Бастапқыда күреспен айналыстым. Одан кейін боксқа қызыға бастадым. Одан әрі 6-сыныпты бітіріп, 2012 жылы Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына оқуға түстім. Сол жерде қарқынды жаттығуларым басталды. Егер спорт болмаса, ат жарысымен (Көкпар) айналысқан болар едім, өйткені әкем де, атам да, ағаларым да ат жарысымен айналысқан. Ал қазір інілерім де осы спорт түрімен айналысады. 2018 жылы боксты тастап, ат жарысын қолға алуды ойладым, бірақ дәл сол кезде облыстық бокс федерациясының шақыруымен Атырауға келдім.
– Спортпен терең шұғылдану үшін балалық қызықтардан бас тарту сізге қаншалықты қиын болды?
– Бала кезімде бокс мен үшін ойын секілді, ойын-сауық түрі сияқты болды. Бірақ 2012 жылы спорт мектебіне оқуға түскеннен кейін туыстарымнан, отбасылық іс-шаралардан, үйлену тойларынан, туған күндерден және басқалардан біртіндеп алыстай бастадым. Мақсатым спортта жетістікке жету болатын, жаттығуды бәрінен де жоғары қойдым. Қазір жасым үлкейген сайын туыстарымнан қаншалықты алыстап кеткенімді түсініп жүрмін... Қазір кейбіреулерінің жүзін де танымайтын шығармын.
– Ата-анаңыз боксқа қалай қарайды?
– Әрине, ата-анамды, әсіресе анамды алаңдатты, өйткені бокс жарақат алу қаупі жоғары спорт түрі ғой. Жақында ол менен боксты қашан қоятынымды сұрады. Әрине, мен оны түсінемін, уайымдайды ғой. «Ұлым, бокспен қанша уақыттан бері айналысып жүрсің, сонда біреуін де жеңе алмайсың ба?» деген анамның сөзі жеңістерге жетелеген еді. Бұл менің шамыма қатты тиді (күлді). Әрине, спортты тастай алмаймын, ата-анама ризамын, олар маған қай жағынан болса да қолдау көрсетті.
– Неліктен боксты таңдадыңыз?
– Сөзбен айтып жеткізу қиын. Өйткені бокс – менің бүкіл өмірім, бір сөзбен айтқанда алып әлем. Кішкентай кезімнен Майк Тайсон, Рэй Джонс сияқты атақты боксшылардың бүкіл спорттық жарыстарын, жекпе-жегін қызыға қарайтынмын, солар сияқты болғым келді. Ал, бокс секциясының ашылғаны, бәлкім, отбасымыздың барлығы спортшы болғаны – осының бәрі мені боксқа итермелесе керек. Мен бұған өте қуаныштымын.
- Өзіңізге деген сеніміңізді жоғалтқан кездер бола ма? Мұндай жағдайда не істейсіз?
– Иә, әрине, бұл спорт, бәрі де - жеңіс те, жеңіліс те болуы мүмкін. Олар қатар жүреді. Жас ұлғайған сайын жеңілістерді ауыр қабылдайды екенсің, мысалы, әлем чемпионатындағы жеңіліс. Ол кезде соңына дейін барып, финалға шығуға бел байладым, бірақ екінші жекпе-жекте жеңіліп қалдым. Өзіңді тыныштандыруға тырыссаң да, мұның бәрі жан дүниеңнің түбінде қалады. Бірақ мұндай сәттерде ең бастысы жақын адамдарымның қолдауы, болашаққа сенім ұялатып, кішігірім жеңілістен кейін үлкен жеңіс күтіп тұрғанына сендірген бапкерлердің қолдауы. Шынында да, мен соңғы «Елорда кубогында» жеңіске жеттім - бұл маған алдыңғы ащы жеңілістерді ұмытуға мүмкіндік берді.
- Ең есте қалған жеңістер мен жеңілістер қайсы? Алғашқы спорттағы жетістікке жеткенге дейін қанша жыл еңбектендіңіз?
– Жеңісім де, жеңілісім де болды, бірақ Азия чемпионатындағы өнерім және әлем чемпионатындағы екі жекпе жегім ерекше есімде. Алғашқы жеңісім 2009 жылы кездейсоқ жарысқа қатысып, ұтқан кезде болды.
– Қарсыласыңызда сізді ең таң қалдырған немесе қайран қалдырған не? Өзіңіз сүйсінетін қарсыластарыңыз бар ма?
- Әр жекпе-жек алдында жеке бапкермен бірге қарсыласты зерттеп, тактикамызды құрастырамыз. Жалпы, әрбір қарсылас құрметке лайық.
– Сіздің басты кәсіби мақсатыңыз қандай?
– Тек бокста ғана емес, басқа да олимпиадалық спорт түрлерінде кез келген спортшының басты мақсаты – әрине, Олимпиада ойындарына қатысу және Олимпиада алтынын, сондай-ақ әлем чемпионының алтын алқасын алу. Менің бүгінгі басты мақсаттарым да осы. Ал мен жетістікке жетсем шексіз бақытты боламын.
- Спорттағы кумиріңізді атасаңыз.
- Бұл біздің лайықты жерлесіміз, бүкіл әлемді мойындатқан Геннадий Головкин, Әбілхан Аманқұл және тағы басқалар.
- Спорттық тамақтану туралы не айта аласыз? Сіз спорт режимін жиі бұзасыз ба?
- Үйде болған кезде ешқандай диета ұстанбаймын, анамның дайындағанын жеймін, бірақ оқу-жаттығу жиынында, әрине, арнайы режим бар, бұл дәрумендер қабылдау және спорттық тамақтану, бұл диетологпен жеке таңдалады. Мен 23.00-де, әрі кеткенде түн ортасында ұйықтауға тырысамын.
- Сыңарыңыз бар ма?
- Өкінішке орай, қазір сүйген қызым жоқ, бірақ табу керек еді (күледі).
– Кәсіби спорт сіздің жеке өміріңізге әсер ете ме?
– Шынымды айтсам, жеке өмірге уақыт жоқ, бар уақытымды спортқа арнап жүрмін. Мысалы, жаттығудан тыс, үйде болған кезде, демалайыншы деп ойлаймын, бірақ бір аптадан кейін бірдеңелер жасап, жаттығып, турникке тартылғым кеп тұрады. Өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Мүмкін бұл түпсана деңгейіндегі нәрсе шығар.
– Балаларыңыздың да өмірін кәсіби спортқа арнағанын қалайсыз ба?
- Жоқ, қаламас едім. Көп адам спортшыларды мықты, дені сау адамдар деп ойлайды - иә, әрине, спортпен айналыспайтын адамдармен салыстырғанда, біз физикалық тұрғыда жаттыққанбыз, күштіміз. Бірақ қарапайым адам мен бізді салыстырсақ, оларға біздің денсаулығымызға қызығуының қажеті жоқ. Бізде жүрегімізге, бауырымызға, асқазанға, тіземізге және т.б. жүк түседі. Қашан болмасын жарақат алу қаупі бар, болашақта балаларымды спортқа берсем де дзюдо немесе жүзуге беретін болармын. Бірақ олар үшін оқу бірінші кезекте болады, қазір боксқа барғысы келетін ініме үнемі айтып отырамын.
– Спорттан қалай демаласыз? Бос уақытты сүйікті ісіңіз қандай? Үйде жиі боласыз ба?
– Айтып өткендей, көкпарды жақсы көремін, бос уақытымда ат жарыстырып, үй шаруасымен айналысамын, отбасыма шаруашылыққа көмектесемін. Көп адам үй шаруасынан қатты шаршайды деп ойлайтын шығар, бірақ мен жай ғана жылқы мен үй шаруасымен айналысқан кезде демалып қаламын. Бұл маған өте ұнайды. Әсіресе, інім Дінмұхаммедпен бірге кешкілік атқа мініп, әңгіме-дүкен құрған кезде. Оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар арасында үйге барамын. Кейде 30-40 күндеп үйге бармайтын кездер болады.
– Әлеуметтік желідегі жеке пиарға қалай қарайсыз, жеке парақшаңыз бар ма?
- Иә, Instagram парақшам бар. Адамдар әртүрлі, біреу жақсы жазады, біреу жағымсыз нәрсе жазады, бірақ, нақыл сөз бар ғой, өзіңізді ренжіткен адамдардан төмен деңгейге түсіп, соларға ұқсаудың қажеті жоқ. Керісінше, әлсіздік көрсетпесең, жеңімпаз атанасың.
- «Азаматтық» және спорттық өміріңіздегі ең керемет оқиғаны атасаңыз.
- Ең басында Қазақстанның туы бейнеленген спорттық форма киюді армандадым, кейбір құрдастарым ұлттық құрамаларда болды және эмблемалары бар арнайы костюмдерді киіп жүрді, мен де солай болсам деп, қатты қаладым. Ұлттық құрама мүшесінің костюмін алғаш киген кездегі қуанышым мен мақтанышымды жеткізе алмаймын.
- Жаңадан келген спортшыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жас спортшыларға айтарым: үлкен спортқа келген соң алдыңа биік мақсаттар қойып, тынымсыз еңбекпен жету керек. Сондықтан, қандай спортпен айналыссаңыз да, алға қарай жүру керек.
– Алғашқы бапкеріңіз кім болды және бапкерлердің қайсысына ерекше алғыс айтар едіңіз?
– Туған ауылымда бокс әлемін ашқан алғашқы бапкерім – Алмас Шойманов. Қазір туған жеріме жолым түссе, үнемі жанына барамын, оған алғыс айтамын, өйткені мен жеткен жетістігім үшін ең алдымен Аллаға, сосын ата-анама және, әрине, бірінші бапкеріме қарыздармын. Өзімнің барлық жаттықтырушыларыма үлкен рахмет айтқым келеді, олардың біреуін жоғары қойып, бөліп-жара алмаймын. Үш бапкерім болды, бәрі мені баптады, көп нәрсені үйретті. Қазір жеке бапкерім Нұрлан Айтуаров, оған үлкен рахмет айтқым келеді, бірге жеткен жеңістерім үшін оған алғыс айтамын. Сондай-ақ, материалдық жағынан болсын, моральдық жағынан болсын бізді қолдап, барлық жарыстарға қатысып, тамашалап, құнды ақыл-кеңестерін беріп, спортшыларға көмектесіп, бұл қиын жолды жақсы білетін Атырау облыстық бокс федерациясының президенті Шухрат Абдурашитұлы Данбайға алғысымды білдіргім келеді.
- Өмірлік ұраныңыз қандай?
– Өмірдегі ұраным – халқыма, еліме барынша пайда әкелу, бұл міндетті түрде спортқа ғана қатысты емес. Қай жерде болсам да өз Отанымның лайықты азаматы болуға ұмтыламын, ал спортта спортшыларымыздың мерейін асырып, Қазақстанның туы мақтанышпен желбіреп тұрса дейміз.
- Рингте ғана емес, өміріңіз де сәттілікке толы болсын деп тілейміз.
- Рақмет!
Атырау бокс федерациясының атқарушы директоры Батырхан ҚАЛЫҚОВ:
– Нұрқанат – шәкіртіміз, одан үлкен үміт күтеміз. Келесі оқу-жаттығу жиыны Түркияда, одан кейін – Азия ойындарына дайындық өтеді. Келесі жылы Парижде өтетін Олимпиадаға қатысу үшін Олимпиада лицензиялары ойналатын іріктеу турнирлерінен өту керек. Өзімізді көрсетуіміз керек. Бірақ Нұрқанаттың 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі келесі жылы Олимпиада бағдарламасынан шығарылып, бірден 80 келі болатынын білдік. Сондықтан шешімін табармыз. Бізде жаттығуға барлық жағдай жасалған, өз кезегімде Шухрат Абдурашитұлына үлкен қолдау көрсеткені үшін, спортшыға сенгені үшін шексіз алғысымды білдіремін, өйткені спортшы қашанда өзіне сенгенін сезінеді, бұл оған жаңа күш береді. Нұрқанат сынды Атырауда Ақнар Ищанова, Аманат Сабырғали, Жандос Алпысбай, Марат Әнуарбек және басқа да болашағы зор спортшы боксшылардың жас буыны өсіп келеді.
Елена СҮНДЕТОВА
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ