Шашы бурыл тартқан, киімі жыртық-тесік, әжімдері терең, үнемі темекісінің түтіні будақтап, дал-дұлы шыққан, кітабы қолында жүретін оны «Мерей» базарынан қосалқы бөлшектер алуға келетін Авангард тұрғындары мен жүргізушілері біледі. Ешкімге зияны жоқ, ақсүйектер сияқты сыпайы әрі ұстамды жан. Жергілікті тұрғындар оған керексіз кітаптарын беріп тұрады. Мейлі ол КПСС XXVI съезінің материалдары болсын, мейлі «Граф Монте-Кристо» болсын, ол сыйлық алғанда ұйпалақтанған сақалының астындағы жалғыз тісін көрсетіп, үнемі ризашылықпен күлімсірейді. Ол әсіресе тарихи романдарды жақсы көреді. Қасынан өтіп бара жатып, осы жолы не оқып жатқанын сұрадым. Бұл жолы Марининді оқып жатыр екен.
- Ммм .. Менің жанрым емес, - деп, шаруама қарай бұрыла бергенде, оның:
- ... тоқта! Бүгін менің туған күнім, - деген мұңды дауысын естідім.
Таныстығымызда алғаш рет оқып отырған кітабының авторының аты-жөнінен басқа:
- Бүгін мен 76-ға толдым, - деді.
- Тамақ ішкіңіз келе ме?
Басын изеп, кітапты тарс жауып, мойынсұнып орнынан тұрды да, ұсыныс күтіп, маған қарады. Әрине, біз ең жақын самсаханаға бардық, өйткені оның басқа жерде файс-контрольден өтуі екіталай. Жерден басын көтермей, үш қадам кейін артымнан ере берді. Иықтары салбырап, қолдары артта... Өзімше болжам жасап:
- Сіз түрмеге отырған жоқсыз ба?
Басындағы кепкісі жоғары-төмен қозғалды.
- Сонда не үшін?
- Кісі өлтіргенім үшін.
Біз осылай таныстық. Аты-жөні Валерий Павлович Алимбаров екен. Көп жыл бұрын ол сол кездегі Гурьевке сонау Новосибирскіден келіпті.
Бәлішті жей отырып, ол Магадандағы түрмеде туғанын айтты. Анасы Мария Сергеевна сотталған, ал әкесі Павел Иванович зонада қарауыл (күзетші) болған екен. Анасықарақшылық үшін жазасын өтеп жатқан кезде екеуі бір бірін ұнатқан екен.
– Балалық шағым есімде жоқ десем болады, – дейді сұхбаттасым. – 16 жасымда алғаш рет түрмеге түскен кезден бастап есімде. Біз ол кезде Новосибирскде тұратынбыз. Анам жазасын өтеп шығып, әкем оған үйленді, сәл кейін қарындасым дүниеге келді. Мен қайтадан түрмеге түскенше осылай өмір сүрдік.
- Әңгімелеп беріңізші.
- Ой, ақымақтық қой. Ол кезде жас, албырт кезіміз. Балалармен табиғат аясында демалып жүргенбіз. Жеркепе секілді орын болды, мен сонда тұрдым... Біз сөзге келіп, керісіп, төбелесе бастадық... Жастығымның астынан шолақ мылтықты суырып алдым да, ыдырынып тұрған біреуін ата салдым. Өлтіріп алдым. Сөйтіп 15 жылға жазаландым. Содан кейін отрядтың шаруашылық меңгерушісін өрт сөндіргішпен өлтіріп ала жаздағаным үшін тағы үш жыл қосылды. Нашар адам болатын... Сөйтіп, шықтым. Содан кейін қайтадан 5 жылға отырдым. Қарақшылық үшін. Жалпы темір тордың ар жағында 23 жылым өтті. Ал шыққан кезде дұрыс өмір сүруді білмедім. Бірақ Галя деген жақсы әйелді кездестірдім. Қызымыз дүниеге келді. Өмірім жақсара бастады. Бірақ әйелім ішімдікке жақын болды. Ажырасқан кезде қызым бір жаста еді, оны маған қалдырды. Әрине, содан кейін менің өмірім өзгерді. Кемерово облысында тепловоз машинисі мамандығын оқыдым. Табыс таба бастадым. Маған пәтер берді. Бәрі жақсы болар еді, мына ішімдік болмағанда... Тағы бәліш жесем бола ма? Рақмет.
... Ішкілікпен пәтерімнен айырылдым, ал қарындасым қызымды өзіне алып кетті. Сол кезде Гурьевте күйеуімен бірге тұратын. Мен де осында келдім, біраз уақыт қой бақтым. Машинит ретінде жұмысқа тұра алмадым, кейбір құжаттарым үйлеспейді деді. Әлде түрмеде отырғаным үшін қабылдамады ма, түсінбедім.
– Демек, мұнда туыстарыңыз бар ма?
- Әрине. 4 немере, 4 жиенім бар... Қызым жақында қайтыс болды. Бірақ оларға сирек барамын. Көптен бері отбасымнан айырылдым деп есептеймін. Менің не керегім бар оларға?
- Ал қайда тұрасыз?
– Жазда ана-аа-у бұтаның астында, қыста бейімдеу орталығында боламын. Ешқандай құжатым жоқ. Құдайға сенбеймін. Ештеңеге сенбеймін. Қолымда кітаптар ғана қалды, осымен басқа өмір сүргендей боламын. Не нәрсеге өкінемін? Өмірімді ақымақтықпен өткіздім. 16 жасыма оралып, басқаша әрекет ете алсам ғой. Несін айтайын... Солай болу керек шығар. Маса майы, жаңа көзілдірік және Дәулешім табылса, бақытты болар ем.
- Кім дедіңіз?
- Менің махаббатымды. Даулені. Оны бейімдеу орталығында кездестірдім. Оның хабарсыз кеткеніне 2 жыл болды. Табылса, пәтер жалдап, қалған ғұмырымызда тыныш өмір сүрер едік... Әй, бірақ кімге өтірік айтып отырмын. Ой, мына асқазанымның жарасы да пәле болды. Бәліштерің үшін рахмет, бірақ ішім тағы ауыратын болды... Кетейін.
- Валерий Павлович! Мүмкін сізге бірдеңе керек шығар...
Қария асхана есігінің алдына тоқтап, ойланып қалды. Еңсесі түсіп, түрі абыржыған.
- Ондай ештеңе керек емес. Бір күнім аман-есен өтті. Мен көп жыл бойы бұлай ұзақ сөйлеспедім. Түнде кітап оқу үшін фонарь жақсы... Болды. Мен өмірімде көп нәрсені бүлдірдім, сондықтан бұдан артыққа лайық емеспін... Міне, ішімдегіні де шығардым. Көптен ойымда жүретін. Туған күнімде сәті түсті. Жақсы, аман болыңыз!
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттерді түсірген автор