Атырау, 19 қараша 14:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Қоқыс тарифі көтерілді. Бірақ бұған қандай дәлел бар?

Сурет Бейнежазба
1 607 просмотра

«Арнаулы автобаза» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифінің көтерілгені туралы біздің жарияланымыздан кейін редакцияға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік НСАНБАЕВТАН оның есептелу негіздемесі бар жауап келді.

«ТАРИФ ӘЛІ ДЕ ТӨМЕН»

Міне, әкімдік ұсынған негіздеменің мәтіні: «Қалалық ТКШ өкілі болып табылатын ЖАО (жергілікті атқарушы орган) «Ерай-Сервис» ЖШС мамандандырылған ұйымына ҚШҰ (қоқыс шығаратын ұйым) тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруды, оны сұрыптауды және кейін сапалы деңгейде көме алатын тарифті есептеу үшін жүгінді.

Бұл ұйым кісі басына 680 теңге тарифін енгізді. Алайда бұл көрсеткіштің тым жоғары екенін түсініп, оны қайта қарауды сұрадық. Нәтижесінде тариф 595, кейін 460 деңгейіне дейін қайта қаралып, соңында 395 теңге (орташа өлшеммен) көрсеткіш енгізілді.

Бұл тариф ҚШҰ қызметкерлердің жалақысын көтеруге, арнайы техникалар паркін және қоқыс алаңдарының санын көбейтуге, сондай-ақ 100% сұрыптауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тариф ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі №377 бұйрығымен бекітілген «Халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифті есептеу әдістемесіне» сәйкес есептелді. Онда есеп қоқыс шығарудың нақты құнына негізделеді. Бұдан басқа, мұндай 2 есе көбейгеннің өзінде (205 теңгеден 395 теңгеге дейін) тариф басқа өңірлермен салыстырғанда әлі де төмен болып қалып отырғанын атап өткен жөн деп санаймыз».

 «ҚҰЖАТТАРДЫ БЕРМЕЙДІ»

Барлығы түсінікті сияқты, бірақ тарифтің негіздемесі, әдетте, әріптер емес, сандар көп құжат сияқты көрінеді. Ақпарат үшін, тарифтің негіздемесі шығыс пен кірісті көрсететін есептеулер ұсынылған нақты және айқын құжат болуы керек.

- Осы уақыт бойы біз бәрін өз бетімізше тексеріп, есептеу үшін әкімдіктен барлық қажетті құжаттарды ұсынуын сұрап келеміз, - дейді «Қазақстан халық партиясы» ҚБ облыстық филиалының төрайымы Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА. – Бұл құжаттар құдды Атырау тұрғындарына қатысы жоқ әлдебір коммерциялық құпия секілді. Бұлай болмауы керек: «Арнаулы автобаза» қызметтеріне ақы төлеуді міндеттемес бұрын, билік тым болмағанда қала тұрғындарына ақшаларының қайда жұмсалатынын хабардар етуге тиіс.

КОДЕКСТЕР, КОНТЕЙНЕРЛЕР ЖӘНЕ ҚОҚЫС БОТҚАСЫ

С.Нсанбаевтың хатында тағы бір-екі сәйкессіздік бар. Ол бұл тариф «қоқыс алаңдарының санын көбейтуге мүмкіндік береді» дейді. Алайда ҚР Экология кодексінің 367-бабына сәйкес, абоненттерден қоқыс жинауға арналған қосымша орындардың ақысы алынбайды. Осы баптың 2-тармағында бұл жергілікті атқарушы органдардың міндеті екендігі көрсетілген. 3-тармақта: «тұрғын үйлерде тұратын жеке тұлғалар (яғни біз) қоқыстарды контейнерлерге шығаруға және қалдықтарды тасымалдау қызметінің ақысын төлеуге міндетті» делінген. Экология кодексінде ақшаны контейнер сатып алуға да жұмсау керек деген қосымша баптар мен тармақтар жоқ.

Ал екінші сәйкессіздік «Арнаулы автобаза 100% сұрыптауды қамтамасыз етеді» деген сөйлемде бар. Шын мәнінде, бұл мүмкін емес. ҚТҚ сұрыптау және пластикті, қағазды және шыныны 100% бөлу мүмкін емес, себебі қағаз бен пластмассаның кейбір түрлері органикалық заттармен жанасқанда қайта өңдеуге жарамсыз болады. Ал, шынымды айтсам, қоқыс таситын көліктен осы қалдықтарды қалай сұрыптауға болатынын елестету қиын. Егер Еуропа елдеріндегідей болса, органикалық қалдықтарды тұрғындар арнайы контейнерге тастап, одан компостқа немесе биогазға айналдырады. Пластик, металл және шыны қалдықтарын басқа контейнерлерге тастаса, кейін олар жаңа өнімдерге өңделеді. Қағаз бен картон бірге жиналып, қағазға өңделеді. Содан кейін мұның бәрін қоқыстардың түріне қарай түрлі қоқыс шығаратын көліктер жинауы керек. Сондықтан Арнаулы автобаза күшімен 100% өңделеді деген мәлімдеме өте күмәнді.

Бірақ жаңа экология кодексі шенеуніктердің өздерін тұйыққа тірегенін елестету қиын емес. Заңда нақты тұжырым бар: пластикті, қағазды, шыныны көмуге тыйым салынады. Бірақ қайта өңделетін қалдықтары бар сол пластик, картон немесе шыны бәрібір полигонға түседі, өйткені қайта өңдеуге жарамсыз материалды жіберетін жер жоқ. Сондықтан Атырауда қолданыстағы полигонға заң бұзғаны үшін айыппұл салынып, ұйғарым беріліп, қайтадан айыппұл салуға болады, өйткені жаңа кодекс күшіне енгелі мұнда әлдене өзгеруі неғайбыл.

 «ГРИНСИТИКЛИНИНГ»  ҚАЙДА ЖОҒАЛДЫ?

Тарифке қайта оралайық. Әлеуметтік желіде басқа ақпарат жоқтықтан тарифке «Арнаулы автобаза» ЖШС қызметінен бөлек, 3,5 миллиард теңгеге испандық технология бойынша салынған іске қосылмаған жеке қоқыс сұрыптау цехы «ГринСитиКлининг» ЖШС бағасы да кіреді деген қауесет тарады. Жартысына жуығы, дәлірек айтсақ, 1,5 млрд – банк несиесі. - Түсінікті болу үшін, ұқсас мысал келтірейін. Мәселен, кәсіпкер мейрамхана салды. Ақшаның бір бөлігі оныкі болса, екінші бөлігі банк несиесі. Оның бизнесіне біздің, тұрғындардың не қатысы бар? Ешқандай. Бұл оның мейрамханасы, оның несиесі... Бірақ кәсіпкер Махмұд Мералиев салған бұл цехқа қатысты жағдай басқаша болып шықты – бұл несиені тұрғындар өтеуі керек, өйткені бұл цех олардың игілігі үшін салынған дейді. Айтпақшы, цех салынбас бұрын қоғамдық тыңдаулар өтуі тиіс болатын. Бұл цех керек пе, жоқ па, адамдардың пікірін сұрау керек еді, бірақ бізден ешкім сұраған жоқ. Цех салынып біткен кезде қоғамдық тыңдаулар басталып, болары болып, бояуы сіңгенде бір хабарланды. Енді барлық тыңдауларда депутаттар 100 пайыз көлемінде қоқысты жинау, шығару және көму ісімен «Арнаулы автобаза» ЖШС айналысатынын нақты айтып келеді. Осы жерде «біздің сұрыптау цехымыз не болды?» деген сұрақ туындайды. Әлеуметтік желіде де жаңа цех туралы билік неге айтпай қалды деп дал. Өйткені, ол салынып бітті, бұдан кейін не болмақ? Оның қызметтері тарифке кірген бе, бар болса, мұны неге бізге айтпайды?

...Әкімдік қызметкерлері анда-санда қолданатын тағы бір оғаш сөз – «қазіргі тариф басқа өңірлермен салыстырғанда ең төмен тарифтердің бірі» деген сөз. Бірақ халық саны мен тығыздығы, аумағының көлемі және сәйкесінше қоқыс шығару көлемі мүлде басқа қалаларды қалай салыстыруға болады? – дейді Б.Досмұхамбетова.

ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚТАР

...Әлеуметтік желідегі біреулер Атырау қаласының 384 мың тұрғынын орташа өлшенген 395 теңгеге көбейткенде, «Арнаулы автобаза» қанша алатынын есептеп көрді. Енді біреулері «Арнаулы автобазаның» арнайы техника паркінің қалайша тозығы жеткен деп таң қалды. Неліктен бұл техниканы сатып алудың орнына әлі күнге дейін біреуден қомақты сомаға жалға алады? «Арнаулы автобаза» қызметін қанша заңды тұлға пайдаланады және олардан қандай кіріс түседі? Атырау бюджетінен қаланы санитариялық тазалауға қанша қаражат бөлінеді? Қолданыстағы сұрыптау кешенінің қуаттылығы қандай? Сұрыпталған қалдықтар (пластик, резеңке, шыны, қағаз, металл) қай елдерге жөнелтіледі және олардан қандай табыс түседі? Шығындарда "Арнаулы автобаза" қызметкерлерінің еңбекақысы мен жанар-жағармай сатып алу қанша пайызды құрайды? Ондағы қарапайым жұмысшылардың жалақысы нақты қанша және ЖШС әкімшілігінің жалақысынан қаншалықты айырмашылығы бар? Бұл сұрақтарға жауаптың берілуі екіталай.

АДАМДАР НЕ ЖАЗЫП ЖАТЫР

…«Тарифті есептеген «ЕрайСервис» ЖШС Атырау тұрғындарының 3 есе көп тұтынып, тиісінше қоқысты көп шығара бастаған деп есептеген болар? – деп жазады жергілікті тұрғындардың бірі әлеуметтік чатта. – Олар бір адамға қоқыс көлемін 1,1 текше мметрден 2,8 текше метрге дейін көбейтті... Содан кейін бұрынғы деңгейге қайтарды. Сонда сандарды қалағандарынша өзгертуге бола ма?»

...«Соңғы 3 жылда жалақы да, зейнетақы да өскен жоқ», - деп жазады әлеуметтік желі қолданушысы, - «Ресми статистика бойынша біздегі инфляция 15-18 пайызды құрайды. Халық тұтынатын тауарлар, азық-түлік, дәрі-дәрмек және т.б. соңғы 3 жылда 2 есе немесе одан да көп өсті. Біз аз тұтына бастап, соған сәйкес, бәлкім, қоқыс көлемі де аз сияқты емес пе? Ал тариф, неліктен екені белгісіз, одан көп...».

Тұрғындар жаңа тарифтің балаларға да жүктелетініне ренішті. Өйткені, кәмелетке толмағандарды қоса алғанда, пәтерде немесе жеке үйде тіркелген әрбір отбасы мүшесі үшін орташа өлшемді 395 теңге төленуі тиіс.

ДЕПУТАТТАР: "БІЗ ЕКІ ЖҮЗДІ ЕМЕСПІЗ!"

Бірін-бірі толықтырған қалалық мәслихат депутаттары тарифті көтеруге неліктен дауыс бергендерін әлеуметтік желі арқылы түсіндіруге тырысты. Солардың бірі №2 сайлау округінің депутаты Юрий ЛИ.: «...Депутаттарға әділетсіздік, ашкөздік, тонау, әрекетсіздік, енжарлық, екіжүзділік және басқа да көптеген келеңсіз теңеулер айтылыпты...

Тарифті көтеру туралы шешім қабылдамас бұрын әріптестеріммен бірге Арнаулы автобазаға барып, кәсіпорынның жағдайын қарап, жұмысшылармен сөйлестік: жағдай өте қиын, жұмысшылар жалақыны көтеруді сұрайды. Жанар-жағармай қымбаттады, материалдық базаны жаңарту қажет, қаржыландырудың жоқтығынан көп мәселе бар», - деп жазды ол постты 2019 жылға арналған тариф құнының арнайы автобазалық есебіне бекітіп.

АРНАУЛЫ АВТОБАЗА-2021: «ЕРТЕҢІМІЗГЕ СЕНІМДІМІЗ»

Дегенмен «Арнаулы автобаза» неге сондай аянышты күйге түсті?» деген сұрақ туындайды. ЖШС директоры Алмас ІЗТІЛЕУОВПЕН 2021 жылғы соңғы сұхбаттарының бірінде бәрі керісінше. Үзінді келтірейін: «...Инвестор қабылдаған қатаң шаралардың нәтижесінде «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің кредиторлар мен салық органдары алдындағы барлық қарыздарын өтеуге, компанияны жосықсыз жеткізушілер тізілімінен шығаруға, әлеуметтік шиеленістердің алдын алып, ұжымды сақтауға және қоқыс полигонының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта кәсіпорын қоқыстарды шығаруды және қоқыс полигонының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп, тұрақты жұмыс істеп тұр. 2021-2024 жылдарға арналған полигондағы қоқыстарды утилизациялау және қайта өңдеу бойынша жоба әзірленді. Қалдықтарды сұрыптау мен кәдеге жарату тереңдігіне айтарлықтай әсер ететін және сұрыптау деңгейін 30%-ға, ал жұмыс режимін екі ауысымға ауыстырған кезде 50%-ға дейін арттыруға мүмкіндік беретін қосымша жабдықты сатып алу жоспарлануда.

Қазіргі таңда бізде қаланы санитариялық тазалауға және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсетуге қажетті 68 көлік бар. Атап айтқанда, бұлар – 21 қоқыс шығаратын, 8 самосвал, 18 трактор, төрт жүк көтергіш, екі манипулятор, алты жол жуу көлігі, бір бункер тасығыш (11 бункермен), екі шаңсорғыш және бір бульдозер тракторы. Осы 11 арнайы техника 2020 жылдың наурыз-тамыз айларында сатып алынды. Сонымен қатар 7 самосвал, екі шаңсорғыш, бір бульдозер жалға алынып, 11 бункері бар бір бункер тасығыш сатып алынды. ...Қызметкерлеріміз суықта да, ыстықта да, жаңбырда да, қарда да жұмыс істейді, өйткені Арнаулы автобаза ұжымы ертеңіне сенімді...».

2 жыл ішінде ЖШС-де осындай келеңсіз күрт өзгерістер болып отыр. Бұл ретте тариф әлденеше рет көтерілді, бағаны көтерген сайын Атыраудың енді үлгілі таза қалаға айналатыны сөзсіз деп уәде береді.

ӨРТЕУ ЖӘНЕ ЖАЗБА

Бұл түсініксіздік бүкіл қоқыс хикаясының бұлыңғыр екенін көрсетеді. Бұған Атырау пабликтерінде аралап жүрген аудиожазба да дәлел. Оны қатты тұрмыстық қалдықтардың тарифіне арналған тыңдауда болған «Мой родной Атырау» ҚБ мүшесі Мира РСҚАЛИЕВА ұялы телефонына жазып алған. Онда «Арнаулы автобаза» қызметінің құны электр энергиясының тарифіне «таңылатыны» анық айтылған. Рас, күні кеше, бұл жазба жарияланбай тұрып-ақ, Халық партиясының төрағалығымен өткен жиында жиналғандардың бәрі мұның шындыққа жанаспайтынын айтты. Әзірге әкімдік тарапынан ресми түрде теріске шығару, растау, түсіндіру немесе басқа да әрекет болған жоқ. Болғанын қалар едік...

ҚТҚ хикаясындағы айқынсыздықтың тағы бір дәлелі – 11 мамырға қараған түні көлігі өртелген атыраулық журналист, тарифтің көтерілуіне қарсылық білдірген Виктор СУТЯГИНГЕ қатысты жасалған қылмыстың ақылға қонымсыз мән-жайлары. Виктор Петровичтің фолловерлері (пікірлес жазылушылары) көп, оның қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты теріс пікірлерін қала тұрғындары үнемі құптайды. Бәлкім, бұл біреудің шамына тиген шығар. Әйтеуір, В.Сутягиннің өзі бұл оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстырады.

Ал тарифті көтеру жобасы Әділет басқармасының міндетті мақұлдау сараптамасынан өтті ме деген мәселе сұрақ жауапсыз қалып отыр.

Б. Досмұхамбетова:

– «Жобаға сараптама жасалды ма?» деген сұрағыма  жауап бермеді. Ал, Семейде депутаттар сараптаманың жоқтығынан қатты тұрмыстық қалдықтарға тарифті көтеру туралы өз шешімдерінің күшін жойған жағдай болған еді.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

26 маусым 2023, 23:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.