Атырау, 10 қазан 16:39
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Әкім және кәсіпкер: кімдікі дұрыс?

5 986 просмотра

«АЖ» қосынына Индер ауданының кәсіпкерлері Керімбай САБЫРҒАЛИЕВ, Сұңғат ИЗБАСАРОВ аудан әкімі Жангелді Рахметқалиевтің үстінен шағымдана келген болатын. Кәсіпкерлердің айтуынша кәсіптеріне қол сұғып отырған әкімнің іс‑әрекетіне қатысты олар  облыстық прокуратураға, Президент аппаратына, «Нұр Отан» партиясына шағым түсірген.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш аудандандағы билік пен кәсіпкерлер арасындағы келіспеушілік өткен жылы қатты өріс алды. Осы орайда «АЖ» газетінің 2010 жылдың нөмірлерінде “Билік тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен»(28 қазан), «Даудың басы дәріханадан басталды», «Аштық жариялаудан басқа амалымыз қалмады» (9 желтоқсан) мақалалары жарық көрген болатын.  

ҚЫСЫМШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҢА ТҮРІ

Жеке кәсіпкер Керімбай САБЫРҒАЛИЕВ (суретте) Ж. Рахметқалиев 2009 жылы ауданға әкім болып келгеннен бері неге екені белгісіз ашық қудалауға түскені жөнінде мұң шаққан болатын. Артына шам алып түскен биліктің әрекетінен шаршаған кәсіпкер екі күннің бірінде құзырлы орындардың есігін тоздырумен жүрсе, қысымшылықтың салдарынан жұмыстары тұралап қалуда. Ал аудан әкімінің жеке кәсіпкерге тісін батыруы неден басталып еді? Ел аузындағы әңгіме бойынша аудан әкімі орталық «Талап» базарының жерін облыстағы бір дөкейге алып беріп, супермаркет салдырмақшы‑мыс. Бірақ «Талап» базарының қожайыны К. Сабырғалиев әкім ойлағандай оңай шағыла қоятын жаңғақ болмай шықты. Көнбеді. Оның үстіне базарға биліктің қайта‑қайта тиісуінен шаршаған осында жұмыс жасайтын жүздеген саудагер Парламент Мәжілісінің депутаты Ирак ЕЛЕКЕЕВКЕ дейін арызданған болатын. Ал жергілікті әкімдік базарға шабуылды үсті‑үстіне үдете бастайды. Алдымен билік базарды алу мақсатымен 2009 жылдың 4 қарашасында аудан әкімі Ж. Рахметқалиевтің өкімімен «Дулат» ЖШС‑нің жеке меншігіндегі жер телімін («Талап» базары орналасқан. Л. Қ.) мемлекет мұқтажына алу үшін комиссия құрады. Бірақ комиссия бұдан ештеңе шығара алмайды. Ендігі кезекте базардағы өзбектерді қудалау басталады. Заң тұрғысынан алып, визалық тексеру емес, өзбектерді «Талап» базарынан шығарып, «Жас ұлан» базарына жеткізу ойластырылады. Бірақ өзекеңдер билік айтты деп «Жас ұланға» көше қоймайды. Болмағасын әкімдік басқа амалдар қарастырады. Оған дәлел, 2009 жылдың 29 қазанында сол кездегі кент әкімі Б. Мусаев бұрынғы ІІБ бастығы Б. Қапаровтың атына кент тұрғынының аудан әкіміне жазған арызы бойынша «Талап» базарындағы өзбектерді сауда жасауға «Жас ұлан» базарына ауыстыруды ұсынып, соған байланысты көші‑қон полициясы инспекторы арқылы өзге елдің саудагерлеріне шара алып, ықпал етуін сұраған ресми хатын жолдайды. Ақыр соңында аудан әкімдігі араласуымен  өткен жылдың күзінде барлық өзбектер қуылады. Осының кесірінен баға бірнеше есе өсіп, ал жергілікті халық қажетті заттарын таппай қиналып қалды. Бұл турасында көптеген адам әлі күнге дейін «АЖ» поштасына үздіксіз шағым түсіруде. «Талап» базары жабыла қоймаған соң антисанитариялық жағдайға жеткенін қыс кезінде көрген әкімдік ондағы жүздеген саудагердің (оның артында төрт жүздей адам бар) нандығын сол жерден тауып отырғанына қарамастан аудандық МСЭҚБ‑мін алға тартып, Атырау облысы ауданаралық экономикалық сотқа арыздандыртады. Сот базарды әкімдік ойланғанындай мүлдем жабу емес, уақытша бір айға жабу жөнінде шешім етті, бірақ заңды күшіне ене қойған жоқ. Сот әлі жалғасуда.

‑ Бәрін қойып, аудан әкімі Ж. Рахметқалиев басқа да мамандар бар кабинетіндегі кезекті басқосуында ашық түрде рейдерлік шабуыл жасады. Олар базарды өздеріне беруді менен талап етті. Мұнысы енді тым шектен шыққандық еді, халық қамын жейді дегендердің бұл әрекеті жеке кәсіпкерді басынумен қоса, базардағы жүздеген адамның тағдырын ойыншық ету деп түсіндім,‑дейді Керімбай Сабырғалиев.

Бірақ кәсіпкерлер жұмысына кедергі мұнымен тынбайды. Әп‑әсем етіп салып жатқан мал сою пункітінің құрылыс жұмысы осы биліктің кесірінен тоқтап қалған болатын. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы атынан жазылған хатта (2010 жыл 2 ақпан) аудан әкімі Ж. Рахметқалиевтің бірнеше ескертуіне байланысты Индербор кенті жолындағы құрылысы жүріп жатқан мал сою пунктінің орнын өзгерту немесе кафе, асхана жасауға болатыны көрсетілген. Одан кейін кәсіпкер салып жатқан құрылысын амалсыз тоқтатады. Ал бұл құрылысқа кәсіпкер банктен миллиондаған теңге несие алған. Банк мұның жағдайын қайдан білсін, қаржысын даулап жатыр. Енді аудан әкімдігі базар жерін алмақ болып, экономикалық сотқа арызданады. Сот шешімі жеке кәсіпкер пайданысна шықты. Биліктің осындай қудалауынан шаршаған жеке кәсіпкер әділдік барын біліп, соған үміт артуда. Кәсіпкердің адвокаты Қанағат МАШТАХОВТЫҢ мәлімдеуінше биліктің Сабырғалиевке шүйлігуінің мәнісі базар жерін алудан туындаған. Миграцияны пайдаланып, өзбектерді бір қуса, санитарларды да артына салып қоюының мәнісі сонда деп түйіндейді ойын адвокат.           

«НҰР ОТАН» ДА ӘКІМДІ ЖАҚТАДЫ

Индер ауданы Бөдене селосының тумасы Сұңғат ИЗБАСАРОВ (суретте) аудан орталығына бекерден бекер келмеген еді. Ауылда бірнеше жылдап жұмыссыз жүрген отбасы көпшілік жерден өз нәпақасын табудағы қадамы осыншама дауға айналарын білмеген‑тұғын. Даудың басы дәріхана салудан басталды. 2010 жылдың 14 қыркүйегінде жеке кәсіпкер Избасаров Сұңғатқа дәріхана құрылысын жүргізу үшін жер телімін беру туралы кент әкімінің шешімі шығады. Ал 17 қыркүйекте жер телімін иелену негізін анықтау, меншік құқығын рәсімдеуге келісім беру жөніндегі аудандық комиссияның қорытындысымен Оңдасынов тұйық көшесіндегі 0,0049 гектар жер телімі С. Избасаровқа дәріхана құрылысын жүргізу үшін жеке меншік құқығымен келісім берілген. Айта кету керек, комиссия төрағасы, аудан әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Сарсенғалиев, мүшесіндегі бес адам қол қойған. Осындай заңды құжаттар қолына тиісімен жеке кәсіпкер құрылысын жүргізе бастайды. Дәріхананың төбесін жауып жатқанда аяқ астынан шатақ шығады. Избасаровтың айтуынша аудан әкімі тікелей келмесе де «дәріхана кент көркін бұзып тұр, сондықтан дәріхананы салдырмау керек» деген құзырлы орын мамандарына талап қоя бастаған. Аудандық прокуратураның араласуымен жер актісін алған кәсіпкер құрылысын алға бастыра береді. Шындығында дәріхана аудандық аурухананың дәл алдында орналасқан, қасында автобус аялдамасы дүкенімен бар еді. Енді аудан әкімі Избасаровтың қайынбикесі, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Күлжан НҰҒМАНОВАҒА тиісе бастайды. «Нұр Отан» ХДП‑сының 22 қарашасындағы кезектен тыс бюро отырысында аудандық аурухананың алдына заңсыз тұрғызылды делініп отырған дәріханаға жер бөлу мәселесімен айналысқан аудандық жер қатынастары бөлімі бастығының м. а. Қ. Бағынов және аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бастығы К. Нұғманованың мәселелерін қарап, екеуін де жұмыстан босату жөнінде ұсыныс қабылданып, аудан әкімі А. Сарсенғалиевке заңсыз салынған дәріхана құрылысын бұзып, жер телімін қайтарып алу тапсырылады. Бүгінде Избасаровтың дәріхана дауы ауданаралық экономикалық сотқа дейін жетіп, іс тоқтатылған болатын.

‑ Енді күн жылынса дәріхана құрылысын жалғастыратын боламын. Мені ашындыратыны ұлтарақтай жерді дау‑дамайға жеткізген әкімнің қысымшылығы. Соның кесірінен былтыр қазаннан бері кәсібім тоқтап қалды, төрт балам бар, ауылдағы үйді сатқасын пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Үлкен қызым ақылы оқуда оқып жатыр. Әйелімнің азын‑аулақ кәсібінен түскен қаржыға қарап отырмыз. Таң қалатыным, ешкімге масыл болмай, өзінше тірлік қыламын дегенге аудандық әкімдік неге тұсау болады. Мұнысы Президенттің саясатына қарсы тірлік қой,‑дейді Сұңғат Избасаров.

ӘКІМ ТІЛШІНІ ҚУЫП ШЫҚТЫ

Бұл мәселе жайлы әкімнің пікірін өз аузынан естігіміз келген.

‑ Олар неге бізге арызданбайды. Жағдайды ушықтырмасын, шұқылап не керек? Өзіңіз «разбирать» етпейсіз бе? «Талап» базары облыстағы ең нашар базар, антисанитариялық жағдайға жеткен, мусоры алынбайды, тазалық бетімен кетіп, мысық, тышқан, ит бәрі жүр. «Келбетке» 250 мың теңге қарыз. Базар болғасын халыққа қалыпты жұмыс жасасын. Сот болып жатыр, сонда бәрі белгілі болады,‑деді Индер ауданы әкімі Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВ.

‑ Ал өзбектердің қуылып отырған себебін түсіндіре аласыз ба? Себебі халық уақ‑түйек заттарын, құрылыс материалдарын таппай бізге қайта‑қайта қоңырау шалуда. 180 шақырымдағы Атырауға екінің бірі барып келе алмайды ғой.

‑Өзбекті не қыламыз, египеттіктер бізге не керек?  Қазақ өзбекпен қашан қол ұстасып, бірігіп едік. Олардың сауда жасауы заңсыз.

‑Кент әкімінің «Талаптан» «Жас ұлан базарына» өзбектерді көшіру өкімінің шығу себебі неде?

‑Мен оны білмеймін Өздерінен сұра.

‑ Олай болса облыста, республикада өзбектер неге қуылмайды? Әлде облыс әкімі өзбектерді қуып жіберуді білмей отыр ма екен? Сауда жасауға қатысты заңдылық бәріне бірдей емес пе? 

Бұдан әрі ашуға бөккен Рахметқалиев үстелі үстінде тұрған тілшінің диктофонына жармасты. Қарауылды, заңгерлерді шақырып қоқан-лоқы көрсете бастады. Өкіреңдеген әкімге  әлі жетпейтінін білген «АЖ» тілшісі кабинетті босатуға мәжбүр болды. Ең өкініштісі көп сұрақтардың жауапсыз, көкейде кеткені болып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген С.Тойкен 

    

23 наурыз 2011, 21:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.