1970 жылдың қараша айы. Тайсойғанның қабағы тұнжыраған мұңлы күзі. Мұңлы болса да тәтті еді-ау сол күз... Қарашаның қара суығынан сабағы солғын тартқан бұйрабас түзгіндер мен ауыл сыртындағы сайларға біткен қызыл қурайлар ара-тұра күздің өкпек желі шайқап өткенде ызыңдап, сыбызғы үніндей бір әуез шығаратын. Көк жүзінен жыл құстарының соңғы керуені қиқулап өтетін. Ал күзгі ауадан ауылдың өзіне ғана тән бір сүйкімді иіс сезілуші еді. Осы бір көріністер сол кездегі жас композитор Сейсенбі Құлмағанбетовке шабыт беріп, ерекше тәтті сезім сыйлайтын.
Сол бір күз Сейсенбінің жеке өміріне аздаған өзгерістер әкелді. Ол ата-анасының қолына ағасы мен жеңгесін қалдырып, өзі отбасымен енші алып бөлек шықты. Міне, осы бір оқиға оның «Туған жер - Тайсойғаннан» кейінгі тағы бір тамаша әнінің тууына себеп болып еді. Бұл туралы Сейсенбі ағаның өзі былай дейді:
-Бізге мектептің дәл қасынан үй берді. Оған дейін әкемнің қара шаңырағында менің және ағамның отбасы бар, бәріміз бірге тұрып жаттық. Өзіміз бір кіндіктен екі бала едік. Негізі дәстүр бойынша мен қалып, ағам бөлек шығуы керек қой. Бірақ ағамның аздап жүрегі ауырушы еді. Қасында кісі болғанын тәуір көреміз. Соны ойлады ма, әкем бір күні мені қасына отырғызып алып:
-Әй, қара бала (мені қара бала, ағайды сары бала дейтін), сен бір жағынан оқытушысың ғой, мектепке жақын үйге сен бар. Ағаң менде қала берсін. Мен саған нағыз мұқтаж болсам барам,-деді.
Сөйтіп, келіншегім екеуміз буынып-түйініп, жаңа үйге көшіп келдік. Әлгі қазақ айтқандай, «қазаны басқаның қайғысы басқа» деген рас қой, бір ауылда тұрсақ та күн сайын араласу жоқ. Оның үстіне мектептің жұмысы да мазасыз. Қысқасы, аз уақытта-ақ анамды сағына бастадым. Әрине, әкемді де жақсы көремін. Дегенмен, «ананың жүрегі нәзік қой, біз кетіп қалғаннан кейін құлазып қалды-ау» деген ой көкірегімді сыздата берді. Балаға ең бірінші ана жақын екенін сонда ұқтым. Анамды ойлаймын да жүремін. «Бірақ қасында ағам бар ғой» деп өзімді жұбатамын. Осы бір толқулы сезімнің әсерінен бір күні ойда жоқта өзім бұрын-соңды естімеген бір нәзік әуен келді. Ал оны қағазға түсіріп алуға нота білмеймін. Ұмытып қалам ба деп қатты абыржып, іштей ыңылдап айтумен домбыраға түсірдім. Домбырамен қайта-қайта ойнағаннан кейін енді ұмытпайтыныма көзім жетті. Шыны керек, көңілімді қатты қуаныш кернеді. Енді өлеңін жазатын ақын туралы ойлана бастадым. Дәл сол тұста жұмыс та көбейіп кетті. Ұлы Октябрь мерекесі таяп қалған кез. Тайсойғанның клубында үлкен концерт болмақ. Кезінде өзім оқыған Тайсойған мектебінде негізгі мамандығым қазақ тілі мен әдебиетімен қоса музыкадан да сабақ беріп жүрген маған осы мерекеге орай көп жұмыстар жүктеліп еді.
Сондай күндердің бірінде күнделікті аласапыран жұмыстан шаршап, кешкілік үйге келсем, үйде ақын Қалидолла Ізекенов отыр. Қуанып кеттім. Құдай айдап келген екен дедім іштей. Әрі бірдеңе сезгендей ол да ара-тұра сөз арасында «анамды сағындым» деп қояды. Сағынатындай да жөні бар. Өйткені ол кезде Қалидолла студент болатын. КазГУ-дің филология факультетінде оқитын. Алматыдан келгенде үйіне қонса қонады, қонбаса біздің үйге келеді. Оның келген уақыты студенттердің каникулға шығатын кезі емес еді. Қандай себеппен сұранып келгенін қазір ұмытып қалыппын. Қысқасы, әңгіме арасында оған: «әй, менде бір әуен бар. Мен де, сен де анамызды сағынып жүр екенбіз, тыңдап қарашы соны, өзі оп-оңай»,-дедім. Ол қуана келісті. Әуелі менің домбырамен орындауымда музыкасын тыңдап алды. Содан отыра қалып жазды. Әрине, ана туралы қалай-солай жазуға бола ма? Бірнеше қағазды көз алдымда умаждап жыртып, қатты қиналды. Өлеңдер бірінен бірі өтеді. Бірақ көңіл қанағаттанбайды. Бір күн осылай кетті. Бір-екі шумақ қана жазылды. Ертесіне тағы отырдық. Бір кезде іріктей-іріктей келе бас-аяғын түгендедік. Ән үш шумақтан аспасын деп шештік. Асылы, аз сөзбен көп мағына берген жөн ғой. Осы әніміз солай болды да тұрды. Әншілік дарыны бар Қалидолла менің мондалинада сүйемелеуіммен айтып көрді. Тамаша шықты! Көңілімізге қанат бітті. Мұны аналарымызға да, ауыл жұртына да сюрприз болсын деп шештік. Мерекелік концерттің бағдарламасына әнді енгізіп жібердік. Репетицияны Қалидолла біздің үйде жасырын жасады.
Сөйтіп, 7 қараша күні, Октябрь мерекесіне арналған ауыл көркемөнерпаздарының концертінде жаңа әнімізді Қалидолланың өзі алғашқы боп орындады. Халық аса риза болды. «Ой, анасы түскір-ай», деп ақ жаулықты әжелер көзін сулап жатты. Әуені де, сөзі де бір-бірін толықтырған тамаша әдемі ән боп күллі Қызылқоға өңіріне тарады. Байқаған шығарсың, ән өлеңінде бұрынғы дәстүрлі поэтика бар. Бір жағынан қарапайым, табиғи. «Баласын қорғаштаған қарлығаштай, қамқорым сенен басқа жоқ қой менің» дейді. Шынында, ана да өз баласын қарлығаштың балапанын жақсы көргеніндей әлпештейтіні рас қой. Бұл әнді әнші ұяң, нәзік дауыспен айтуы керек.
Міне, «Анашым» әні өмірге осылай келген еді.
Бүгінде «Анашымды» миялылық Зәуреш есімді әнші орындап жүр. Ал есімі күллі қазақ жұртына танымал әнші Амангүл Орынбасарова оны республикалық сахнадан талай мәрте орындап, елге танытты.
Енді осы бір аяулы әннің кейбір жұрт ұмытып қалған мәтінін еске түсіріп көрейікші:
Әлпештеп ақ бесікте аяладың,
Бойдағы ізгілікті аямадың.
Анажан, өзіңсің ғой сүйенішім,
Анажан, өзіңсің ғой сая-бағым.
Күндерім сені ойлаумен өткен менің,
Мен әлі қарызымды өткермедім.
Баласын қорғаштаған қарлығаштай,
Қамқорым сенен артық жоқ қой менің.
Көргенде менен қуат аласың-ау,
Тербеліп, толқынданып қаласың-ау.
Қартайып жылдан-жылға барасың-ау,
Ғұмырың ұзақ болғай, анашым-ау.
Міне, анаға деген перзенттік асыл махаббатты сұлу мелодия, сыршыл лирикалық жырмен жеткізген «Анашым» осы.
Тарас НАУРЫЗӘЛІ
Суретте: солдан оңға қарай, алдыңғы қатарда композитор Сейсенбі Құлмағанбетов, ақын Қалидолла Ізекенов, екінші қатарда ақын, композитор Қалыбек Құлмағанбетов және Қалидолланың жары Талшын.