Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің Атыраудағы қоқыстарды жинау, шығару және көму тарифін – көппәтерлі үйлер мен жеке сектор үшін тиісінше 379,38 және 409,26 теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданды.
Жаңа тариф бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, көп балалы аналарға, I және II топтағы мүгедектерге 50%, жасына байланысты шыққан зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасыларға 25% жеңілдік қарастырылған.
Жеңілдіктер болғаны жақсы-ау, бірақ қала тұрғындары тарифтің көтерілуіне әлі қарсы, оларды белсенділер қолдап отыр.
«Тариф бекітілді, бірақ оның неге негізделгенін көрмедік, - дейді «Мой город Атырау» қоғамдық ұйымының мүшесі Мира РЫСҚАЛИЕВА. – Ең қызығы, тұрмыстық қатты қалдықтардың тарифін енді электр энергиясының тарифіне «байлап қойды». Яғни, абонент әр айдың 25-іне дейін «Атырау-Жарыққа» ақша төлеп, бірақ тұрмыстық қатты қалдықтар үшін төлем жасамаса, онда бәрібір оның электр жарығын ажыратып тастайды.
Ал биліктің негізгі уәжі – еліміздегі ең төмен тариф біздің өңірде және қалдықтарды міндетті түрде сұрыптауды талап ететін жаңа Экологиялық кодекс ережелерін сақтау қажет.
Ал әлеуметтік желіде қоқыс тарифін көтеруді кім қолдайды немесе қарсы деген белсенділер сауалнамасы жарияланды. Олардың айтуынша, бұл күрес әлі біткен жоқ, керісінше, өзінің шарықтау шегінде тұр. Енді тұрғындар депутаттарға наразы. Олардың шешім қабылдауда бірауызды болуы тұрғындар арасында «олар кімнің мүддесі үшін әрекет етіп отыр және неге олар өз сайлаушыларының пікірін қорғай алмады?» деген логикалық сұрақ туындады.
Енді жағдай күрт басқаша бағыт алды, өйткені заң бойынша депутаттық мандатты кері қайтарып алу үшін бір сайлау округі сайлаушыларының 50 пайызының қолы жеткілікті. Қалалық органдағы «бос орындарға» жаңадан сайлау өтуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ