13-14 мамыр күндері облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар АБДАЛИЕВ бастаған бейінді мамандар Құрманғазы ауданының шалғай жатқан 9 ауылына барды.
Балқұдық, Асан, Сүйіндік ауылдық окруігіне қарасты ауыл тұрғындары акушер-гинеколог, лор, дерматолог, невропатолог, гастроэнтеролог, аллерголог, педиатр мамандарының қабылдауында болды. Дәрігерлер қажет болған жағдайда облыс, ауданға келіп қаралуы үшін немесе операция, анализден өтуге жолдама берді. Екі күн ішінде бейінді мамандарға 200-ге жуық тұрғын қаралды.
Сонымен қатар, Қ.Абдалиев медициналық пункттердің ахуалын қарап, жаңадан салынатын нысандардың жоспарымен танысты. Атап айтқанда, жыл соңына дейін Егінқұдық ауылында медициналық пунктті пайдалануға беру жоспарланған.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жолдады