Әрбіреуіміз үшін өз үйіміз шексіз әлемнен, сыртқы ортадан қорғайтын қамал, жеке кеңістік. Ол жылы, жарық, қолайлы және қауіпсіз болуы тиіс. Менің пікірімше, бақытты ошақтың қарапайым ғана түсінігі осылай. Алайда, сайтан алғыр, БАҚ беттеріндегі қылмыстық хабарламалар мен радиода сарнап жататын оқиғалар өз үйіңде де тыныш өмір сүруге болады деген түсінікті кереғар етіп жатады. Ол біздің мүлкімізге көз тіккен түрлі қылмыскерлерден, кей жағдайларда денсаулығымызға, тіпті, өмірімізге төнетін қауіптен үнемі қорғай бермейді. Өзіңізді және өз үйіңізді бөгденің қажетсіз назарынан және үй ұрыларынан қалай қорғауға болады? – деген сауалды құқыққорғау органдарынан, күзет агенттіктерінен және, әрине, халық пікірін сұраған едім.
ҰРЫЛАР КОНСЬЕРЖДЕРДІ ҰНАТА ҚОЙМАЙДЫ
ІІД-де халықтың тұрмысы жақсарған сайын, қылмыс санының да артып бара жатқанын айтады. Өзіміздің ұрыларымыз жеткілікті, бірақ статистиканы «гастролерлер» бұзып отыр, қала экономикалық тұрғыда ауқатты болған сайын, соғұрлым тартымды болады. Сондықтан бізге оңтүстіктен де, солтүстіктен де, таяу шетелден де, шалғайдан да, мәселен, Кавказдан немесе Әзірбайжаннан да келуге ерінбейді... Бұл тұрғыда Атырау майлы шелпекке айналған. Әсіресе, тонаушылар үшін көршілік қарым-қатынас жолға қойыла қоймаған жаңа үйлер өте қолайлы. Бұл тұрғыда үй алдында шүйіркелесіп отыратын қариялардың көмегі теңдессіз. Сондықтан олармен жақсы қарым-қатынас орнату мүлік қауіпсіздігін сақтаудың бірден бір жолы. Олар біздегі көп қабатты үйлердің 99,9 пайызында жоқ консьерж қызметін алмастыра алады. Ал қалған 0,1 пайыздың жолдары болған, - дейді ІІД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Руслан МЫРЗАБАЕВ.
- Консьерждері бар үйлерге, әдетте, тонаушылардың қызығушылықтары бәсеңдейді. Олар үйге кімнің келгенін, нешеде келгенін жазып алып отырады. Яғни, подъезден мүліктерді алып кетуді айтпағанның өзінде, оған еленбей кіріп кетудің өзі мүмкін емес. Тұрғындары күзетті формальды тұрғыда емес, агенттіктен жалдайтын үйлер бар. Көп қабатты үйлердің көбінде қағаз жүзінде күзет қызметі бар, ол пайдалану шығындарына кіреді, ал бір жағдай бола қалғанда, олар ешқандай жауапкершілік алмайды.
Тағы бір жақсы нәрсе – домофондар. Олар да теріс пиғылды адамдардың келуін әжептәуір азайтады. Қазір ұрылардан қорғауға мүмкіндік беретін түрлі құралдар мен аспаптар жеткілікті. Әрине, қылмыстардың көп бөлігі аяқ астынан жасалады, алайда кәсіпқой ұрылар өзгеше әрекет етеді. Олар өздері нысанаға алған нысанды: кімнің тұратынын, қандай көлікке мінетінін, қайда жұмыс істейтінін, үйден нешеде шығып, нешеде келетінін, есік пен терезелеріндегі ілмектердің қандай екендігін ұзақ зерттейді. Мұндай жағдайда есіктің көзіне орнатылған шағын камера арқылы қылмыстық пиғыл туралы біліп, оларға осылайша ескерту беруге болады. Базар ұрыларды қорқытып-үркітетін қымбат емес құралдарға: кездейсоқ жанасқан кезде іске қосылатын сиреналарға, «пугалка» деп аталатын бақырауықтарға толы. Бұлардың барлығын мамандарды шақыруға қаржыңыз жетпесе, өзіңіз орнатуыңызға болады. Дабылдатқыштар секілді кәсіби деңгейдегі күзет жүйелері сенімдірек екені даусыз. Бұлар қымбат дүние, дегенмен, егер қожайындары жиі әрі ұзақ уақытқа басқа жаққа жиі кететін болса, нағыз керек құрал осы. Күзет агенттіктерінің мұндай қызмет түрлерін вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар жиі пайдаланады.
Билік те осы проблеманы қолға алған. Қазір қалалық әкімдік «Қауіпсіз аула» бағдарламасын енгізуде. Ол ықшамаудандар мен аулалардағы ахуалды жақсартады деп үміттенеміз. Бұл бағдарлама тәулік бойына бейнебақылау жасайтын болады.
Жеке үй-жайлардың қожайындарына цокольды немесе бірінші қабаттың терезелеріне темір тор немесе металл рольставнилер , кіре беріске мықты есік орнатуға кеңес берер едім. Биік дуал, сенімді қақпа және домофоны бар есікшенің де, бейнебақылау камерасын орнатып, бастысы, ит асыраудың да маңызы зор. Оқпен атылатын қаруды да ұстауға болады, тек арнайы сейфіңіз болса ғана. ІІД жеке үй-жайда қару сатып алып, сақтауға рұқсат береді. Бірақ, есіңізде болсын, бұл физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан дайындығы бар адам үшін өзін-өзі қорғаудың бір түрі. Кез келген адамның, тіпті қылмыскерді де атуға қолы бармайды.
КҮЗЕТ АГЕНТТІКТЕРІ
«Сұңқар Секьюрити» агенттігінің бас директоры Жанарбек ШАХШАЕВТЫҢ айтуынша, облыста 200-ден астам агенттік тіркелген, оның 130-ы жұмыс істеп тұр, алайда қызмет түрлерін, соның ішінде, жеке тұлғаларға оның 80-дейі қызмет көрсетеді. Кей агенттіктерді компаниялар тек өз нысандарын күзету үшін ғана ашқан. Бәрібір, бұл өте көп. Сенімдісін қалай таңдауға болады? Екі агенттіктің – аталмыш агенттік пен «Күзет» ОБП» агенттігінің бағасын салыстыра отырып, ұсынылатын қызмет түрлері бойынша прайстың онша сәйкес келмейтінін, ал осы арнайы қызмет түрлерінің сапасын «көзбен» көріп немесе қолмен ұстап байқау мүмкін емес екендігін түсіндім. Ендеше не нәрсеге сүйенген жөн? Екі агенттіктің де басшылары бірнеше параметрге назар аударуға кеңес береді:
агенттіктің тарихына (ол нарықта қаншалықты ұзақ болса, соншалықты жақсы);
өзінің орталықтанған бақылау пультімен қамтылуына;
инженерлік-техникалық қызметіне;
жедел-кезекшілік бөлімшесіне;
өз автопаркі мен көлікжайына;
өз радио толқынының болуына;
және әрине, ең бастысы – беделіне көңіл аударған жөн. Сенім туғызатын ақпарат көздерінен ұсыныстар жинақтағаннан кейін ғана өз мүлкіңіз бен өміріңізді осы агенттікке сеніп тапсыруға бола ма, жоқ па, соны түсінетін боласыз.
Осы қызметтердің мәнісін қысқаша айқындап алған жөн болар деп ойлаймын. ОБП немесе орталықтандырылған бақылау пульті кез келген күзет қызметінің жүрегі мен миы боп табылады. Пульттік күзет – бұл шұғыл әрекет ету жүйесіне қосылған нысанды тәулік бойына бақылау жасауға негізделген кешенді қауіпсіздік жүйесі. Әдетте, заманауи пульт – бұл компьютерлік бағдарлама және радиотаратқыш пен қабылдағыш аппаратура. Пульт күзетілетін нысанға орнатылған күзет датчиктерінен түскен сигналдарды өңдейді.
Жүйедегі «дабылдатқыш» дегеніміз – үйге құпия түймелерді орнату боп табылады, оны басқан кезде сол бойда бақылау пультіне дабыл сигналы беріледі. Ал дабылдатқыштың күзет сигнализациясы жүйесінен айырмашылығы – оны үйлеріне келген кезде қожайындары ажыратып тастай алады.
Шақырылмаған қонақ үйіңізге кірер болса, күзет мекемесінің пультіне ұрыларға байқалмайтын сигнал түседі. Қылмыс болған жерге автоматты қарумен қаруланған ұстау тобы тез арада жетеді. Желісіз қосылған «дабылдатқышы» бар дабыл қағу түймесіне басқан жағдайда да осылай болады. «Күзет» ОБП директоры Гүлмира ЖҰМАҒАЛИЕВА қаланың түрлі ауданына бөлінген қарулы шұғыл әрекет ету тобы оқиға болған жерге 5-7 минутта жететіндігіне сендірді. Мұны керемет деп ойлаймын. Дегенмен, күзетшілермен сөйлескеннен кейін, мен шынымен де күзет агенттіктерінің символы бар машиналарға көңіл аударатын болдым. Олар күндіз-түні қаланы шаршамастан кезіп, яғни, қырағылық танытып жүреді.
ДАБЫЛДАТҚЫШ КІРЕР АУЫЗДА БОЛСЫН
Бағаларына қысқаша тоқталып өтейік. Күзет қызметтерінің бағалары негізінен келісім бойынша жасалады және таңдалынған жүйеге, орнатылатын құралдың күрделілігіне, нысанның сәулет ерекшелігіне, оның алаңына қарай әртүрлі болады. Шағын нысандарда (мәселен, пәтерде) бірыңғай айлық абоненттік төлем 5000 теңгеден бастап және одан жоғары. Монтаждау бағасы жеке төленеді. Бұл пәтерде 12 мың болуы мүмкін, бірақ коттедждерде 100 мың, 200 және 500 мың теңге болады. Ай сайынғы абоненттік төлем - орташа алғанда 15000 теңге.
Егер темір тұлпарыңыздың тағдыры шешілмеген болса – көлікжайы немесе күзетілетін тұрағы болмаса, кейбір агенттіктер көлік бақылайтын GPS-бақылағышты ұсына алады. Датчикті (треккерді) орнату 50 мың теңге, абоненттік төлем 3000теңге тұрады.
Агенттік, сондай-ақ, бейнебақылау жүйесін монтаждаумен айналысады. Оның құны шамамен 150 мың теңгеден басталады. Өзінің ІТ қызметкеріне сенген компанияның бірінің бастығының қателігін қайталамаңыздар. Әлгі өзінің бөлмеден шыққанға дейінгі бүкіл қылмыс жазбасын кетіріп, жаңа процессордан детальды оңай ұрлап әкеткен. Сондықтан басқа да жанама дәлелдер болса да, оған қарсы айғақ болмаған. Қысқасы, өзімен бірге алып кетпес үшін немесе жазбаны кетіріп тастамас үшін жүйеге кіретін пароль салыңыз да жазатын бейнетіркегішті бөгде көзден жасырыңыз. Тақырыпқа сәл шегініс жасасақ. Осы жүйелердің барлығының датчиктері болады. Үлкен емес, бірақ оларды көзге байқалмайды деуге болмас. Датчиктер өзара желілермен жалғанған. Сондықтан егер сіз үйіңіздің қабырғасы мен төбелерге шырматыла өткізілген желілерді ұнатпайтын болсаңыз, қауіпсіздік жүйесін орнатуды үйге жөндеу жүргізу немесе құрылыс кезеңіне кейінге қалдырғаныңыз жөн. Тағы бір тәсілі – желісіз жүйелер. Алайда бағалары шырқырап тұр, екіге көбейтсеңіз, бағасы шығады.
Бағаларының жоғары екендігіне қарамастан, агенттіктер қызметіне сұраныс көп. Тіпті физикалық тұрғыда күзет жалдайтын клиенттер де бар. Яғни, жартылай әскери форма киіп, автомат асынған жігіт кірер ауыздан барлық келушілерді ықыласпен қарсы алады. Мұндай қызмет түрі кем дегенде қаруланбаған күзет үшін сағатына 250 теңге және автомат асынған қызмет түрі орташа алғанда сағатына 350 теңге тұрады.
КӨП АҚЫЛЫ ҚАТЕ БОЛМАЙДЫ
Біз үнемі қоршаған ортамен қарым қатынаста боламыз. Ұжымды, отбасын, дос-жарандарды, әлеуметтік желілерді, супермаркеттердегі кассаларға немесе стоматологқа тұрған кезектерді ақпарат көздері ретінде пайдалануымызға болады. Осынау шағын топтан сауалнама алу әдісі арқылы назар аударуға лайықты көрінген тұжырымдарды жинақтадым.
Бұл баршаға аян және бағасы бойынша қолжетімді құралдар жиынтығы: терезенің торлары, терезе қақпалары, есіктердің берік ілмектері. Темір торды алып тастау немесе кірер есіктегі ілмекті болгаркамен аралау мүмкін емес деп ешкім де айтып отырған жоқ, алайда ұрыларға кіру мүмкіндігін қайткенде де қиындату керек. Жоғары сапалы құлып болу қажет деген жай айтылған нәрсе екенін естеріңізге салып қояйын.
Статистика осындай қылмыстың көп бөлігі аяқ астынан орын алатынын растап отыр. Сондықтан төменгі және ең жоғарғы қабаттардағы пәтерлердің желкөздерін ашық тастап, немесе жеке секторда аула ішіне саты мен балтаны қалдырып, қылмыскерлердің қылмыс жасауына жол бермегеніңіз жөн.
Халық пікірі адамның ең жақын досының үйді күзетіп, ешкімді кіргізбейтіндігін бірауыздан мақұлдады. Тіпті, иттің үлкен яки кішкентай екендігінің маңызы жоқ екенін, бастысы ол қатты үрсе болғаны дегенді айтты. Өте кішкене ғана, сырт қарағанда бейкүнә иттер үшін «қоңырау» деген түсінік бар екен. Оның міндеті қорғау емес, хабарлау. Айтпақшы, «Абай болыңыз, аулада қабаған ит бар!» деген маңдайша тірі иттен гөрі жақсы әсер етеді. Оның үстіне маңдайшаны тамақтандырудың қажеті жоқ. Бұл моралдық қару.
Көппәтерлі үйлер жиі тоналады, өйткені олар көп. Көбінесе тонаушыларды көліктерін аулаларға ұзақ уақыт қараусыз қалдыратын тұрғындардың бейқамдығы еріксіз тартады екен. Өзіңіз жоқ кезде таныстарыңыздан машинаңыздың қарын тазартып, әлсін әлі көлік тұратын жиекке қойып тұруын өтініңіз. Сонда ұрылар сізді нысанаға алуды доғаруы ықтимал.
Ал ең жақсы тәсіл - үйіңіз туралы ойламау, тіпті үйіңіздің мүлдем болмағаны жақсы. Әрине, бұл әзілім ғой.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА