Атыраулық белгілі суретші Әділқайыр ЖАНТАСОВТЫҢ (суретте) «Рахаттану», «Балалық шақ», «Оян» және тағы басқа туындылары Италияның Венеция қаласындағы көрме павильонын әсемдеп тұр. Біз оның шығармашылығы жайлы сұхбаттасқан едік.
- Сіз өзіңіздің еңбектеріңізді қай көркемдік бағытқа жатқызасыз?
- Менің суреттерімнің көпшілігі сюрреализм стилінде салынған.
- Білуімше, сіздің картиналарыңыз шетелдіктердің сұранысына ие.
- Соңғы жеті жылда Аджип компаниясының жұмысшы қыз-келіншектеріне сабақ бердім. Солардың бірі – Александра РЕЙЕС кезінде өнертану саласында білім алған. Ол Атырауда тек шетелдіктер үшін менің үш жеке көрмемді ұйымдастырды. Ал еліне қайтарда 20 шақты жұмысымды сатып алып кетті. Бағасы 700 доллардан 3000 долларға дейін барады. Жалпы, шетелдіктер көркемсуретке талғаммен қарайды. Біздің елде арзан бағамен өтетін суреттерді олар қымбат бағаға сатып алады.
- Картинаны шабытсыз салуға бола ма?
«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ: Әділқайыр Жантасов Пангерейұлы– Атырау облысы, Индер поселкесінде 1958 жылы дүниеге келген. 1981 жылы Алматыдағы Н. В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін үздік бітірген. 1986 жылы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. 1992 жылдан бері ҚР Суретшілер одағының мүшесі. 1993 жылы Атырау қаласының герб жасаған. 2004 жылдан бері ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі.
- Картина дегеніміз бұл – шабыт және оған еңбекті қосыңыз. Сурет салу мен үшін күнделікті жұмыс. Сурет те бірден салынбайды. Әуелі жалпы идея туады, ол эскиз арқылы түседі. Кенеп дайын тұрады, эскиз бітісімен бірден кірісем сол іске. Күніне міндетті жүрде екі жұмыс жазамын. Әнеукүні бір күнде үш картина жаздым. Кейбір картиналарым 10 жыл жүріп жазылды.
- Сіз – Мұрат Мөңкеұлы, Сұлтан Бейбарыс секілді тарихи тұлғалар портретін алғаш жасаған суретшісіз...
- Мұрат Мөңкеұлының портреті республикалық байқауға қатысар кезде жазылды. Бірақ маған онда екінші орын бұйырды. Жарыс бітісімен суретті көрмеге қоюға бердім. Онда оны Францияның Қазақстандағы елшісі көріп сатып алып кетті.
- Сұлтан Бейбарыс ше?
-1999 жылдары Бейбарыс Сұлтанның бейнесін жасау қажеттігі туралы сөз болды. Бейбарыс бейнесі бүгінгі күнге дейін сақталмағандықтан, оны «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі басты рөлді сомдаған актер Нұрмұхан ЖАНТӨРИННІҢ бейнесімен келтіруге тура келді. Ол портретті сол кездегі қала әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ сатып алды. Бұл портрет әкімдік залында 6 жылдай ілулі тұрды. Облыстық әкімдік алдындағы мүсін де сол картина арқылы жасалған.
- Сіз Кіші өнер Академиясында сабақ бересіз. Шәкірттерді қалай таңдайсыз?
- Сурет өнері поп-музыка емес, бір клип жазып алып, атағым шықты дейтін. Сен мұнда өмір бойына еңбек етуің керек. Сондықтан, мен бірінші кезекте балалардың еңбекқорлығына қараймын. Және, әрине, сурет салу қабілетіне де мән бересің.
- Осы уақытқа дейін қанша шәкірт баулыдыңыз?
- Шамамен, 70-ке жуық.
- Сіздің шашыңыз, мұртыңыз ерекше қойылған екен...
- Жасым 55-тен асса да, шашым тез өседі. Өзіме шаш қойысым ұнайды. Мұртымды бір жылдан бері өсіріп жүрмін. Сальвадор Далиге еліктеп (күлді).
- Суреттеріңіздің бағасын білуге бола ма?
-Арзан бағаға сурет салмаймын.
- Сонда қанша?
- 90-120 мың теңгенің арасы. Себебі мендегі сурет салатын материалдар сапалы, сондықтан қымбат. Мәселе, материалдың сапасында емес қой, ең бірінші өз еңбегімді бағалаймын.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА
Суретті түсірген автор