Атырау, 10 желтоқсан 00:43
 ашықВ Атырау -7
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Өзбек ханның монеталары мен әжейдің жасауы

5 388 просмотра

Облыстық өлкетану мұражайы қызықты жәдігерлермен толықты. Бұл туралы жұма күні брифингте мұражайдың этнография бөлімінің меңгерушісі Салтанат АБИЛОВА хабарлады.

Үстіміздегі жылдың орта шенінде мұражайға Индер ауданының Есбол селолық округінің тұрғыны Азамат Көшенов хабарласып, Жартөбе деген жерден тұрғындардың белгісіз мазарды тапқанын хабарлайды. Мұражай директорының бұйрығы бойынша ол жерге экспедиция жіберіледі.

Археологтар басын солтүстікке қаратып жерлеген ер адамның сүйегі көмілген қабірді табады. Мүрденің жанынан ұзындығы 25 сантиметр болатын темір пышақ пен Өзбек ханның аты ойылып жазылған екі күміс монета табылған. Монетаның соғылған уақыты өшіп қалған, алайда ғалымдар жерленген адам орта ғасырларда өмір сүрген деп қорытынды жасаған. Сондай-ақ, қабір ішінен жебе табылған. Бір қызығы, бұрын облыс аумағынан үш және төрт қырлы жебе табылатын еді, ал бұл жебе екі қырлы болған. Жүз метрдей қашықтықта тереңдігі 15 метр болатын көне құдықтың бар екені анықталды. Бұл осы маңда халықтың қоныстанғандығын білдіреді. Бұдан басқа, бейіттің айналасынан орта ғасырға, сондай-ақ, темір және қола дәуірлерге тиесілі ыдыс-аяқтың сынықтары көп табылған.

Бұл жер археологтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Сондықтан қайтадан толық экспедиция ұйымдастырылмақ. Осы жердің құмдары үнемі көшіп жүреді, бәлкім, болашақта олар басқа да қорымдарды ашатын болар.

Бейіттен екі жүз метрдей қашықтықта шамамен орта ғасырлық дәуірге тиесілі диірмен тасы табылды. Олардың басқалардан айырмашылығы - білік орнатылатын саңылаудың біреуі емес, үшеуі бар.

Құндылығы одан кем түспейтін жәдігер мұражайға Жылыой ауданынан әкелінген. Бұл жерде көптеген қолданбалы өнер шеберлері жұмыс істейді. Мұражай қызметкерлеріне қолдарынан өнері тамған көнекөз шеберлер Қайшыбай Боқановпен, Ізғара Шәкіровпен, Бақтылы Жаңабаевалармен кездесіп, тілдесудің сәті түскен.   

Қосшағылда Ақтеңге Жабуова мұражайға өзінің әжесіне тиесілі бұйымдарды – күміс қапсырманы, жастық ағашты, ауыздықты тапсырған. Тұрғызба ауылының тұрғыны Алмаш Саулауқызы мұражайға  өз әжесінің күміс жүзігін табыс еткен.

Жем селолық округінде Бақтылы Жаңабаева 13 жасынан бастап кілем тоқып, киізден бұйымдар жасағанын әңгімелеген. Әжей мұражайға өз қолымен жасаған кермені тапсырған. Керме киіз үйдің керегесіне ілінеді және ішіне зат сақтау үшін қолданылады. Керме қошқар мүйіз түріндегі ою-өрнектермен және шашақтармен әшекейлендірілген. Майкөмгенде Меңдіқыз апа Қожағұлова мұражайға түркімен оюы салынған киіз текеметті тапсырған. Бұл өзіне берілген жасауы екен. Текеметті анасы Ақбала өз қолымен жасапты.

Жылыой ауданының тұрғыны Балкүміс Тәңірбергенова мұражайға жастық ағаш пен кебеже-сандықты табыс еткен. Әжей осыдан елу жыл бұрын тұрмысқа шыққанда осы сандықшаны қайынағасы белгілі шебер Құрмашқа жасатыпты. Мұндағы әр бұйымның өз тарихы бар.

Мұражай қызметкерлері Жылыой ауданы тек мұнайымен ғана емес, өзінің мәдени мұрасымен де танылған жер екенін атап өтті. Бұл жерде ертеректе қолданбалы өнер шеберлері көп болған. Тұрғындардың осы бұйымдардың жоғалуына жол бермей, мұражайға тапсырғандары ғанибет болыпты.

Сондай-ақ, журналистерге ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына тиесілі Құран кітабы ұсынылды. Қасиетті кітап Қазан қаласындағы «Үміт» баспасында жарық көрген. Басылған уақыты белгісіз. Жәдігерді Индер ауданының Елтай селосының тұрғыны табыс етіпті.

Брифингте журналистер сабы сары металлдан жасалған үлкен қылыштың тарихын сұрастырды. Мұражай қызметкерлері жәдігердің шынайы құндылығы анықталған жоқ деген желеумен жауап беруден бас тартты. Қаруды Жылыой ауданының тұрғыны ұсыныпты. Ол адаммен қазір келіссөз жүргізілуде.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген В.Истомин

Суретте: мұражай қызметкері Жартөбедегі бейіттен табылған екі дирхемді көсетіп тұр.

8 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.