Бүгін, 9 сәуірде Атырауда «Мұнайшы» стадионы алдында рұқсат етілген митинг өтіп, оған туған жерінің таза ауасы үшін белсенді күресіп, бұған бей жай қарамаған тұрғындар жиналды.
Митингіге қатысушылардың басым бөлігі жастар, бірақ қариялар мен ақ жаулықтылар да бар. Олардың қолдарында «Өкпе дем жетпейді», «Тынысым тарылды», «Атырау дыши», «Экология дороже прибыли», «АМӨЗ бізді улама», «Сценаристы Silent Hill вдохновлялись нашим городом», «ҚР экологиялық кодексінің 198-бабының орындалуын талап етеміз» деген плакаттар бар...Тұрғындардың әбден наразы екені сезілді.
Ашық микрофонға белгілі экологтар мен белсенділер дайындалған сөздерін айтты, қаладағы қолайсыз экологиялық жағдайды жақсартуға болатын негізгі талаптар мен ұсыныстар айтылып, көпшілік қолдады.
Арман ХАЙРУЛЛИН, экология жанашыры:
- Мен Атырау облыстық мәслихатының депутаты ретінде келіп тұрмын. Мен сіздермен біргемін. Атырау бүгінде өзінің майын өзгеге беріп, өзі күйесін жалап отырған жағдайы бар. Соңғы бес жылға шегінсек, өңірде экологиялық ластанулардың саны 2500-ден асқан. Жоғары ластанулар 300-ден жоғары. Халықтың шыдамының шегі таусылды. Бұдан кейін шыдап отыру мүмкін емес. Біз бүгінгі талаптарымызды жарияға жар салатын боламыз.
...ТШО атмосфералық ауаға жылына 60 мың тонна, NCOC 23 мың тонна, АМӨЗ 10 мың тонна зиянды шығарындылар лақтырады. Осы барлық зияндыларды қосып Атырау облысының тұрғындарына шағатын болсақ әрбір тұрғынға 214 келі шығарынды болады. Бұл тек бір жылдың көрсеткіші. Облысымызда науқастардың саны да артып баратқаны соның дәлелі, - деді ол.
Хайруллин өз сөзінен кейін «Араларыңызда аллергияға шалдыққандар бар ма?» деп сұрады. Жиналғандардың үштен бірі шулап, қол көтерді. Ал «Таңертең кімнің ұйқысы қанып тұрады?» дегенде түгелге жуық қол көтеріп, наразы екенін жеткізді. Жиналған халық мінберді сөйлеушілерді қолдап, «Атырау демал», «Таза ауа керек», «Атыраудың мұнайы ғана емес, адамы да қымбат» деп ұрандап тұрды.
Эколог Галина ЧЕРНОВА:
- Қаланың айналасын қоршаған өрт пен түтін, оған қоса АМӨЗ-дің мөлшерден тыс улауынан шаршадық. Кезінде NCOC, ТШО секілді алпауыт компаниялар келгенде, олар жаңа технологиямен келеді, экологияны таза ұстайды деп сенген едік. Алайда уақыт өте іс жүзінде орындалмай жатқанын көріп отырмыз. Олар ауаға шығатын зиянды қалдықтар, күкірт мәселесін шешкен жоқ.
Г.Чернова «өңірдің экологиясының бұзылуына ТШО жауапты, қазір үшінші зауытын салып жатыр. Қаладан алыспыз дегенмен, олардан зиян келіп жатыр. ТШО инфрақұрылымдарға ғана емес тұрғынға да кірістің бір пайызын беру қажет», деді.
Экология жанашыры Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА:
– Бізде Атырау тұрғындарының экологиялық факторлардың әсерінен ауыру динамикасы туралы ашық ақпарат жоқ. Бізге бүгінде осындай ауқымды зерттеу өте қажет, оның жоқтығынан қазір халық онкологиялық аурулардың артуына өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мемлекеттік органдарды кінәлауда. Сондықтан бүгін біз қазіргі экологиялық жағдай атыраулықтардың денсаулығына қалай әсер ететіні туралы зерттеу жүргізуді талап етеміз.
Тағы бір талап – ұялы байланыс операторларының желдің жылдамдығы мен жолдағы көктайғақ туралы ескертуіне ұқсас қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты қала тұрғындарын олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнетіні туралы құлақтандыру алгоритмін жедел әзірлеп, енгізу.
Митингке жиналғандар атыраулықтардың, әсіресе, жастар мен қарттардың денсаулығына орны толмас зиян келтіретін қамыс пен қоқыс өрттеріне жедел шара қолдануды талап етті.
- Атыраудағы экологиялық апат бірнеше жылдан бері жалғасып, соңғы кезде күшейіп келеді. Жағдайға қарап отыра алмай, алдымен экология департаментіне хабарластық. Кейін бейбіт митинг өткізу жөнінде қалалық әкімдікке хабарлама жіберіп, рұқсатын алдық. Негізгі талабымыз - халық таза ауамен тыныстасын. Ауа ластанған жағдайда мемлекеттік органдар, төтенше жағдай департаменті, экология департаменті тез қимылдасын дейміз. Сондай-ақ өндіріс орындарына қатысты талабымыздың барлығын арнайы петицияда көрсеттік. Петициға халық қол қойып жатыр, - деді митингті ұйымдастырушылардың бірі Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, халықтың арыз-талабы жазылған петиция ҚР премьер-министрі Әлихан СМАЙЫЛОВҚА жолданады.
Митингтің өркениетті, бейбіт өткенін ерекше атап өткен жөн. Ал, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысқанымен, бәрінен алыстан арақашықтықты сақтап тұрды. Митинг тура бір сағатқа созылды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор