Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВТІҢ төрағалығымен өткен жиында атыраулық белсенділер экология мәселесін көтерді.
Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВТЫҢ сөзіне сүйенсек, қаладағы атмосфералық ауаны күкіртсутегімен жоғары ластаудың негізгі көздері - «Атырау облысы Су арнасы» мен «АМӨЗ» ЖШС-не тиесілі «Cасықсай» мен «Квадрат» булану алаңдары, сонымен қатар мұнай өңдеу зауытының өзі, «Казтрансойл» АҚ, кәріздік сорғы станциялары, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны және т.б.
- Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, биыл 28 наурыз күні қаланың 5 жеріндегі ауа сапасын бақылау стансаларында күкіртсутегі қоспасы бойынша көрсеткіш шекті нормадан 11-28 есеге дейін артық болғаны анықталып, жоғары ластану тіркелді. Осыған байланысты экология департаменті мен Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері, Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары, БАҚ өкілдері және «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан «Павлодар өзен порты» өкілдерімен осы жерге барды. Оның «Атырау облысы Су Арнасы» қарасты екені белгілі. Олар атмосфералық ауа сапасына монтторинг жүргізді. Булану алаңының санитарлық қорғау аумағының сыртынан алынған сынама қорытындысына сәйкес, күкіртсутегінің (Н2S) көрсеткіші рұқсат етілген шекті нормасынан 4 есе асу фактісі анықталды, - деді департамент басшысы.
Аталған жағдайға шара қолдану үшін зертханалық сынама қорытындылары санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданған.
Департамент басшысы келтірген мәліметке сәйкес, «Сасықсай» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстарын 2024 жылдың алғашқы айларында, ал «Квадрат» булану алаңын - 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
- Ал оған дейін мұнайлы астананың тұрғындары, лас ауамен денсаулығымызды құртып, өмірімізге қауіп төндіретін зиянды шығарындылармен тыныстауға мәжбүрміз бе? Неге төтенше жағдай жарияламасқа, - деп сауал қойды белсенді Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА.
Атырау облысы ТЖД басшысының орынбасары Асхат ЕРЖАНОВТЫҢ айтуынша, бұл жағдай төтенше жағдай жариялауға негіз емес. Себебі, заңға сәйкес 10 адам қаза тапқан жағдайда ғана төтенше жағдай жариялануы мүмкін.
Сондай ақ ТЖД өкілі нормадан асып түсетін шығарындылар туралы қала тұрғындарына жедел хабардар ету мәселесіне жауап берді. ТЖД мәліметінше, оларда ауада зиянды қалдықтардың көбейгенін жедел анықтайтын құрылғы да жоқ. Сондай-ақ ауадағы зиянды шығарындылардың көбейгені туралы халыққа хабарлап отыру үшін де ұялы байланыс операторларынан қызметтерді сатып алу қажет.
Облыстық мәслихат депутаты Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ Атырау халқына экологиялық коэффициент төлеу мәселесін көтерді.
- Елімізде Қызылорда облысы экологиялық апат аймағына жатқызылған жалғыз өңір. Ол облыста әр тұрғынға зиянды аймақта тұрғаны үшін өтемақы беріліп, зейнеткерлердің зейнетақыларына ай сайын қосымша пайыз үстемақы қосылады. Іс шаралар жоспарына Атырау облысын да экологиялық апат аймағына жатқызу туралы Астанаға ұсыныс беруді енгізсек. Себебі Азғыр, Тайсойған полигонын, «АМӨЗ», «ТШО», Қарабатан зауыттарын есептегенде бізде экологиялық жағдай Қызылордадан екі есе нашар. Өңірде инсульт, онкология, тыныс аурулары көбейгенін дәлелдеп, бірінші мәселе Атырауды экологиялық апат аймағына жатқызу қажет, - деді С. Сәрсенбаев.
Экология департаменті өз кезегінде ауа ластаушылармен заң аясында күресіп жатқанын жеткізді.
2020 жылы департамент «Атырау облысы Су арнасын» сотқа берген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Атырау облысы Су арнасына» «Сасықсай», «Квадрат» булану алаңдарына сарқынды суларды ағызуға тыйым салып, шешім заңды күшіне енген. Алайда коммуналдық мекеме сот шешімін орындауды кейінге шегеріп келеді, себеп - кәріз суын төгетін басқа жер жоқ. Сот шешімінің орындалуы 2023 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдырылған.
Экология жанашырлары иістің көкесі әлі алда болатынын айтып, дабыл қағып отыр. Себебі булану алаңының түбіндегі тұнбаны шығару әлі басталған жоқ.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев айтылған мәселелердің барлығы әр тақырыпқа бөлініп, ай сайын комиссия отырысында қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ, өтемақы төлеу мәселесі бойынша Қызылорда облысының тәжірибесін зерделейтінін айтты.
Комиссия құрамы алдағы уақытта мәслихат шешімімен бекітіледі. «АЖ»-ға белгілі болғандай, комиссия құрамына енуге 30-ға жуық тұрғын өтініш берген. Жиында комиссия құрамына қоғамдық белсенділер мен журналистерді енгізу ұсынылды. Алайда комиссия құрамы 12 адамнан аспауы тиіс.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор