Атырауда наурыз айында коронавирус инфекциясының 86 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет ТАНАУОВ брифингте мәлім етті.
Ақпан айында инфекцияның 36 жағдайы тіркелсе, осы айда көрсеткіш екі есе өсіп тұр. Ал өткен тәулікте коронавирус жұқпасының 8 жағдайы тіркелген. Оның ішінде симптомды - 6 жағдай, симптомсыз – 2 жағдай.
- Облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен ауру екі есе өсіп отыр. Бұл аурумен күресіп жүргенімізге міне үш жылдан астам уақыт болды. Covid-19 инфекциясынан құтылудың, оны өршітпеудің жалғыз амалы – вакцинация. Биыл облыс бойынша 14% ғана адам вакцинацияланған. Әрине, көрсеткіш өте төмен. Облыста вакцина жетерлік, тұрғындарды вакцина және ревакцина алуға шақырамыз,- деді М.Танауов.
Сондай-ақ аурудың алдын-алу үшін сақтық шараларын естен шығармау керек екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде облыста вакцинаның 29 мыңнан астам дозасы бар. Оның 19800 Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасы, ал қалғаны Vero Cell компаниясына тиесілі. Вакциналау жұмысы өңірдегі кез-келген емхана тегін түрде жүзеге асады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ ұсынған сурет