Сергей Дувановтың есімімен «оппозициялық журналист» деген сөз қатар аталады. Әріптестерімен болған соңғы кездесулердің бірінде Сергей қазақстандық оппозицияғы қатысты «ол өзін сенімнен айырды...» деп анық айтқан болатын. Дегенмен, кейін ол жай ғана өзім үшін селекция өткіздім деп сөзін түзеткен еді. Бірақ бұл туралы кейінірек әңгімелейміз.
«ҰЙҚЫМ ТЫНЫШ»
Ал қазір бірден анық-қанығына жетуге тырысып көрейін, өйткені анонимді «штаттық комментаторлардан» ащы ескерту боларын сезіп отырмын. 2003 жылы Дувановты 14 жасар қызды зорлады деп айыптап, 3,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған болатын. Ол жазасының жартысын өтеп, мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған еді. Ал жеті жыл өткеннен кейін сол бұрмаланған істегі тұлғалардың бірі Василий Кузин «Свобода слова» газетінде жарияланған материалда қылмыстық істерді бұрмалаудан бастап саяси тапсырыспен кісі өлтіруге дейінгі түрлі тапсырыстарды орындайтын ІІМ-нің жазалаушы құрылымында – «10-шы бөлімде» жұмыс істегенін растап сөйлеген. Ол арандатушылық әрекет туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, Дувановқа ұйқы келтіретін дәрінің, тіпті «Виаграның» берілгенін айтып берген… Кузиннің себебін түсіндіруге болады, осы жылдар ішінде «Дувановтың ісіне» қатыстылардың көпшілігі түрмеге қамалған немесе аяқ астынан қаза болған, соның ішінде жапа шегуші де бар. Бұл жарияланымның шыққанына 3 айдан асса да газетті жаппаған, ал аталмыш фактілер «қаралуда».
–Ал «істің жаңа қыры ашылған» соң шағымданғыңыз келмеді ме?
– Ол не үшін қажет? Бұл сол кездің өзінде көпшілігіне аян болды, қазір баршасы үшін айқындалды. Менің айналамдағылар, туыстарым, достарым мұның мені аяқтан шалу екендігіне күмән келтірген емес. Қазір босап шықтым, мен үшін ештеңе де өзгерген жоқ деуге болады. Мені жақсы білетіндер теріс айналып кеткен жоқ. Елімізде әділ сот жоқ екендігін 15 жыл бойына айтып келемін. Менің сотыма бақылау жасағандар, соның ішінде халықаралық бақылаушылар тағылған айыптың қанағаттанғысыз екендігін мойындады, ал енді осындай сотқа апелляция беріп, мені кінәсіз деп тануды өтіну өз өзіме қарсы шығу болар еді. Менің ұйқым тыныш.
НАҒЫЗ ОППОЗИЦИЯ – ӘКІМДІККЕ БҰРЫЛМАЙТЫНДАР
–Сіздің оппозиция туралы үшінші жақта сөйлеуіңізге қарағанда, сіз одан қашықсыз ба?
– Ұйымдық тұрғыда солай. Мен ешқандай партияның, одақтың қатарында емеспін, акцияларға қатыспаймын... Бірақ идеологиялық тұрғыда илегеніміз бір терінің пұшпағы, қалай дегенмен де кейбір партиялармен көзқарасымыз ортақ.
–Ал «біздің оппозицияның жұмысын дұшпаныма да тілемес едім» деген бүгінгі мәлімдеге қатысты не айтасыз?
– Иә, менің оппозициядан көңілім қалды, бірақ айту керек, мен саралау жүргіздім. Қазақстандық оппозицияны толықтырып отырған адамдардың негізгі бөлігі билік басынан келгендер. Олардың билік басынан кеткендеріне ұзақ жылдар болғанына қарамастан, билікпен біржола ат құйрығын кесіспеген, яғни, олармен психологиялық жағынан байланысын үзбеген. Бұлар Зәуреш Батталова, Болат Әбілов және көптеген танымал есімдер. Олар билікпен күреспейді, олар онымен келісімге келеді, бұл мүлдем қате тәсіл. Мен мұны жүйелі оппозиция деп атаймын, ол өз күшіндегі жүйенің бір бөлігі және ол билікке жұмыс істейді. Және біртіндеп екінші радикалды – халық арасынан шыққандар үрдісі аяқ алып келеді. Саяси ымыраға келу әдісі, әрине, жаман емес. Алайда стратегиялық жағынан жеңіліске әкеледі – билік тек күшті ғана құрметтейді. Сондықтан онымен тең дәрежеде сөйлесу керек. Астанадағы үлескерлердің рұқсат етілмеген соңғы митингісі осы үрдістің айқын бейнесіне айналды. Митингке шығушылардың алдына полицейлер тұра қалғанда шеру екіге жарылды: Батталова бастаған алматылықтар кері қайтып, келіссөздер жүргізу үшін қайтадан әкімдікке бет алғанда, астаналықтар полиция шебін бұза-жарып өткен болатын.
«БАТЫС МҰНАЙ ӨНДІРУГЕ КЕСІРІН ТИГІЗБЕЙТІН НӘРСЕНІҢ БӘРІН МОЙЫНДАЙДЫ»
– Кейбір қызуқандылар учаскеге барып, барлығына қарсы дауыс беруге шақырады. Мынадай идеялар да бар: бойкот жариялау, елемеу және т.б. Сіз бұл істің білгірісіз, қалай ойлайсыз, өзінің келіспейтіндігін білдірушілерге мұны қалай істеген дұрысырақ?
– Сіз мына нәрселерді айтпай кеттіңіз, тағы екі әдіс талқыға түсуде: бірі - учаскеге барып, бюллетеньді бүлдіру, екіншісі – оны өзіңмен бірге алып кету. Бірден ескертіп қояйын – бұл қате әдіс. Бюллетень мемлекеттің меншігі, ондағы құс белгісі ғана сізге тиесілі, бұл әкімшілік құқық бұзушылық, сотқа апаратын іс. Оның үстіне, оның мәнісі жоқ, бәрібір бюллетеньдерді артығымен басып шығарады, бүлдірсеңіз жаңасын салады. Қандай жағдайда да есептеген кезде керек мөлшердегі бюллетень болады. Бұл процедура баяғыда-ақ жолға қойылған.
Қазір басқа шиеленіс орын алған – билікке қолайлы боп келген халық легінің енжарлығы енді оның проблемасына айналмақ. Сондықтан кімге дауыс берсеңіздер де тек келіңіздер, деп адамдарды күшпен әкелетін болады. Өйткені оларды түсіріп алып, бүкіл әлемге халықтың сайлауға келу саны анағұрлым жоғары деңгейде болды деп жар салып көрсету керек қой. Ендеше ендігі ерлік – сайлауға бармай, үйде болу. Бұл батырлық, осы үшін жұмыстан шығаруы немесе басқаша жазалауы мүмкін.
Бізді бас басымызбен санайтын болады, ал кімге дауыс беру керектігін бұрмалайды. Осылайша, учаскеге келу сайлау комиссиясына, ал дауыс беруден бас тарту оппозицияға жұмыс істеу боп табылады.
Ендігі шиеленіс кімді емес, қалай сайлауда боп тұр. Аяғымыз арқылы дауыс береміз. «Алға» партиясы 100 бейнекамералар сатып алған, олар орнатылған жерлерден келу санын бұрмалай алмайсың, бұл билікті абыржытады.
– Ал сіз неліктен сайлауды дауыс беру деп атайсыз?
– Өйткені, қазіргі сайлаулар дауыс беру боп табылады. Үміткер біреу болса, бұл сайлау емес. Күні бүгінге дейін баламасы болған еді, бұл тұрғыда өткен сайлаулардың заңдылығы расталған болатын. Ал енді асығыстықпен нақты баламалы үміткерлерге сайлауға қатысуға мүмкіндік бермей, билік жаңсақтық жіберіп алды. Бүгінгі үміткерлер баламалы үміткерлер емес. Олардың кандидаттығын ұсынуы – жалаң комедия. Мэлс Елеусізов, Ғани Қасымов – президент командасынан, олар да мұны жасырған емес.Түсінесіз бе, халықтың негізгі бөлігі – «ел құзырындағы азаматтар санатынан», оларды алдау оңай. Өз жеке басының ғана емес, ел мүддесін түсіну үшін жетілген «азаматтар» кез келген мемлекеттің үміті.
– Ал сіз сайлауға барасыз ба?
–Мен қойылымға қатыспаймын.
– Қалай ойлайсыз, сайлау науқанына берілген бір ай уақыт пен үміткерлердің теңсіздігі халықаралық ұйымдар үшін алдағы сайлаудың заңды екендігіне күмән келтіруге себеп болмай ма?
– Әлем жұртшылығы оларға осы жерден мұнай өндіруге кесірін тигізбейтін нәрсенің бәрін мойындайды. Оларға біздің демократиямыздың көк тиынға керегі жоқ. Оны өзіміз жасайтын уақыт келді. Үміткерлердің эфирге шығу уақыты 15 минут. Егер бәсекелесі телеарнадан 20 жылдан бері түспей келе жатқан болса, осы уақыт ішінде не айтуға болады? PR заңы бойынша ойды жеті рет қайталау керек, тек сегізінші рет қайталағанда ғана ол ми қыртысына орнығады екен. Біздің санамыз осылай жаратылған. Ал қазіргі президентіміз ол жерде сағаттап көрсетіледі, оның қасында 15 минут не болыпты?
РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСТЫ ҰЯТ БОЛДЫ
– Бұған президент не үшін барды деген сұрақ барша үшін жұмбақ боп қалды. Оның заңды 2 жылдай уақыты бар емес пе, ал содан кейін ол қайтадан сайлауға түсіп, көпшіліктің шешімімен қайтадан ел тізгінін ұстауына болар еді ғой. Өйткені қазіргі президентіміздің беделі шынымен де жоғары ғой. Әлде жағдайдың мүшкілдігі сондай, ол күте алмай, ықтимал проблеманың алдын алуды ұйғарды ма?
– Сіз бұл сұраққа 40 пайыз жауап бердіңіз. Бұл сауатты әдіс, тек мұны сауатсыз ұйымдастырған. Биылғы жылдың аяғына қарай сарапшылар кезекті дағдарыстың орын алатындығын болжап отыр. «Бағаны ұстап тұру керек!» деген көптен айтылып келеді. Бірақ ұстай алмайды. Бұл жолы да Маркстің: «экономика саясаттан күштірек» дегені орынды. Қарапайым адамдардан айырмашылығы, президент мұны біледі. Оның көптеген сарапшылар институты жұмыс істейді. Бұл бүкіл дүние жүзінің проблемасы, мұның бізге қатысы жоқ дегеніміз бекер. Сондықтан оның өз өкілеттігін қазір ұзартып алғаны қонымды. Жалғыз ғана референдумға қатысты шалыс басты. Батыс елең етуге мәжбүр болды, ол мұны аяусыз жасады. Сондықтан референдум идеясын шұғыл ойнап шықты, ал асығыстықтың салдарынан бәрі де асығыс-үсігіс шала жасалды, тіпті күлкілі боп шықты. Сол Әбіловті баламалы үміткер ретінде қойғанда, бәрі де азды-көпті үйлесімді болған болар еді. Бірақ сақтық жасады, әрине, әлдене ұйымдастырғандай болды. Енді ештеңе өзгерте алмайсың, алдағы сайлаудың әділдігіне тіпті ең аңғал деген жандардың өздері күмәнмен қарайды.
– Экономикалық және экологиялық проблемалар – жалпы әлемдік тенденциялар. Гипотезалық тұрғыда, алдағы сайлау барлық үміткерлер үшін тең мүмкіндіктермен өткізілсе делік. Бізде осы жаһандық және сөзсіз орын алатын процесстерге қарсы тұра алатын адам табылар ма еді?
– Қарсы тұрып қажеті қанша? Олардың ағынымен бірге ілесу керек, бізге ішкі, сыбайлас жемқорлық проблемаларына қарсы тұруға қабілетті адам керек.
– Сонда бір ғана адам, тіпті, ол президенттік өкілеттікке ие болса да, ондаған жылдар бойына сағат механизмі секілді жолға қойылған жүйені өзгерте ала ма?
– Ал идеолог әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформа жасаушылардың бірі - Сингапурдың премьер-министрі Ли Куан Ю ше?
«САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ БАҒАЛАР ТАҢДАНДЫРАТЫН БОЛАДЫ»
–4-ші сәуірде не болады? Сіріңкелер мен тұздың қорын жинаған жөн бе?
– Бірден бола қоймас, бірақ көп кешікпей бағалар таңдай қақтыратын болады. Жағымсыз жағынан, әрине. Қазіргі саясаттың барлық қателіктері қалқып шығады да күшіндегі билікке наразылық пісіп жетіле бастайды. Түсінесіз бе, қазір көпшілігі проблема мен билік арасындағы байланысты көрмейді. Базарда әжей: «Ой, қандай қымбат, мұндай ақшаны қайдан аламын?» деп зарлай жөнеледі. Одан кейін кезекте тұрған мен оған «Назарбаевтан!» деймін. Ал ол маған: «Назарбаевтың қатысы қандай? Бағаны көтеріп жатқан ол емес қой» дейді... Міне, алдағы инфляция мен оған байланысты проблеманы санасына келтіріп ауыздықтай алмайсың. Халықтың негізгі бөлігі «проблема мен билік» байланысын түйсіне бастайды.
– Сонда Тунистегідей ме?
– Бізде Тунис болу мүмкін емес, «ел құзырындағы азаматтар» саны өте көп. Бізде азаматтық қоғам қалыптасқан жоқ. Түсінесіз бе, құлды ұрып-соққаннан ол қорланбайды, солай біздің көпшілігіміз үшін де қазіргі сайлаулар – қорлық емес. Мен мұны құлдық психология деп атаймын.
– Бәлкім, бұл бәріне шыдамдылық пен төзімділік танытатын бізге тән «қазақ синдромы» шығар?
– Жоқ, бұл ұлтқа тән қасиет емес, ол көптеген халыққа тән.
– Алайда қалай болғанда да кеш болады ғой - ұзақ уақытқа сенім білдірген өздері.
– Бірақ парламент сайлауы болады ғой. Бәлкім, бұл сол кезде жалғасын табар. Күтейік.
«ҚАЗАҚСТАН - МЕНІҢ ЕЛІМ, МЕН ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙМІН»
– Сіз біздің барлығымыз «қазақстандықтар» емес, «қазақтар» деп аталғанымыз жөн еді деп пікір білдіріпсіз. Осы рас па?
– Бұдан проблема көріп тұрған жоқпын. Америкада тұратын орыстар мен қазақтар американдар деп аталады ғой. Бұл қалыпты құбылыс.
–Ал қандастарыңыз осы сөздерден кейін сізге тас лақтырғысы келген жоқ па?
– Әрине, ондайлар бар. Кейбір анағұрлым көреген, ақылды, білімді деген адамдардың өздері қол беріп амандасудан қалды. Осыншама көздері ашық бола тұра олар өздерінің шовинистік көзқарастарынан арыла алмайды.
– Біздің ҮЕҰ-дардың бір ермегі бар – ол шетелдіктерді жүзге бөліп, оларға ру бағыштау. Олар мұны әзіл-күлкі деп таниды. Міне, маған мынадай тапсырма берген еді: сіз өзіңіз үшін қандай руды таңдаған болар едіңіз?
– Мен трайбализм тақырыбын мүлдем жек көремін. Бұл кешегі күннің еншісінде қалған тағылық, қазақтарға осынау жікке бөлінуден құтылатын кез баяғыда болды. Ол өздерін біртұтас халық ретінде сезінуге кедергі келтіреді, бөлінуге әкеп соғады. Бұл бізде мемлекеттік деңгейде көрініс тапқан жеке басқа қатысты мәселе. Ақылға қонымсыз.
– Сізді әлденеше рет соққыға жықты, жұмыс жасауға мүмкіндік бермеді, сізге «педофил» деген атақты жапсырғысы келді, ақыр аяғында түрмеге отырғызды. Бұл елді тастап, мәселен, тарихи отаныңызға кетіп қалу туралы ой келген жоқ па? Бір жақсысы, ол алыста емес қой. Ал сіз мына мүмкіндігіңізбен қайда да далада қалмайсыз.
– Не үшін? Ресейде де Мәскеу мен Питерден шеткері шықсаң, ондағы өмір де мәз емес. Әрі мен не үшін кетуім керек? Бұл менің елім, менің отаным. Мен ешқайда да кетпеймін.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген В. Истомин