Атырау, 24 қараша 08:07
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Балаларға көңіл бөле біліңіздер!

7 479 просмотра

Баспасөз бетіндегі балалар мен жасөспірімдердің өз өмірлеріне қол жұмсағандығы туралы мәліметтер барған сайын артып барады. Бұл зобалаңның орын алуына не себеп және одан өз балаларымызды қалай сақтап қалуымызға болады, міне, біз бүгін осы туралы облыстық жүйке-неврологиялық диспансерінің психологі Ақмарал Мақсотқызы ШАРИПОВАМЕН әңгімелестік. 

- Біздің қоғамымыз өз басынан бұдан да ауыр күндерді кешірді: 90-шы жылдарды естеріңізге түсіріңіздерші. Адамдар алдарында қандай күннің күтіп тұрғанын білмей, дал болды. Бүгінгі жағдай одан мүлдем өзгеше.  Балаларымыздың дамуы үшін мүмкіндіктер баршылық, өмір сценарийін таңдау аясы кең. Неге олар өлімді таңдап отыр?  

- Кеңестік дәуір тұсында да өз өмірлеріне өздері қол жұмсағандар аз болмады. Ол кезде ондай фактілер жасырын қалды, ол проблемалар туралы айтуға болмайтын болды. Тіпті, нақты статистика жүргізілсе де, жариялауға тыйым салынды. Біріншіден осылай болатын, ал, екіншіден, сол кезде көпшілік адамдардың тұрмыс жағдайы мен өмірге құлшыныс мүмкіндіктері бірдей шектеулі болды. Адам өмірді сол қалпымен қабылдады, соған мойын ұсынды. Қазір адамдардың мүмкіндіктері барынша көп, үлкендермен қатар балалар да өздерінің барынша бақуатты көршілерінің, қатарластарының қалай өмір сүріп жатқандығын көздерімен көріп отыр. Сондықтан да өздерінің ондай мүмкіндіктерінің жоқтығына, тұрмыстарының төмендігіне налиды.

- Қоғамның  тапқа бөлінуі адамдарға осыншама қатты әсер еткені ме?

- Әрине, мұны бұған себеп деп айтуға болмас. Егер адамның өз басында адамгершілік қасиеттері жеткілікті дамымаған болса, егер әлсіз, жуас болса, онда ол тек өмірге бір жақты ғана қарайды. Ал, бұл әлі де қалыптасып үлгермеген бала жаны үшін өзекті болмақ. Балалар мен жасөспірімдерде еліктеушілік, оның үстіне олардың әлі де ненің не екенін байыптай алмайтын шағында басым болады. Олар теледидар экранынан немесе компьютер мониторынан жаман нәрсені көрсе соны қайталауға бейім болады. Еліктеуге көбінесе отбасындағы үлкендердің бейпіл әрекеттері де мысал бола алады.   АТА-АНА ОРЫНЫНДАҒЫ МОНИТОР

- Көптеген ата-аналардың бүгінгі күні балалардың тәрбиесімен айналысуына уақыттары жетпей жатады. Олар әрине,  олардың тәрбиесімен айналысуға қуана келісер еді, бірақ, балаларды оқыту үшін ақша да табу керек қой. Үлкендер өздерінің балаларына көп көңіл бөлмеген кінәларын балаларына қымбат сыйлық сатып әперіп жуып-шаймақшы болады. Оның нәтижесінде бала сыйлық алуға бойын үйретіп, кірпияз, өзімшіл болып өседі және ата-анасын сыйлау дегенді сезінуден қалады.  Ал, қай ата-ана болмасын өз балаларының жақсы адам болып өскенін қаламайды дейсіз?!

-Ата-аналар баланың бойында осыншама менмендіктің болатындығына қайран қалады. Олар барынша оның бар жағдайын жасап, қалағанын алып беруге тырысып жатады ғой. Алайда, бала оны олардың күнделікті оған деген көңілдерін бөлмегендерінің өтеуі деп түсінеді де, еркелікті салады. Ата-аналар болса, оны сол әрекеті үшін жазалайды, міне, сол тұста келіп теріс әдеттерді бойына жинаған өзімшіл жас адам қалыптаса бастайды. Шынымен де ата-аналарының кінәсінен деуге болады. Жалпы мен уақыт жетпейді дегенді сылтау деп есептемеймін. Айтпақшы, жаңа технологиялармен жарақтанып алған жоқпыз ба!? Бізде баламен сөйлесетін уақыт болмағанымен оның есесіне оның Интернет арқылы кіммен болсын сөйлесу мүмкіндігі бар. Алайда, ата-аналар виртуальды қарым-қатынастың нақты өмірдегі қарым-қатынас орынын еш баса алмайтындығын ескере бермейді. Адамнаң санасының 75 пайызы 3 жастан 7 жасқа дейін қалыптасады. Балалар үлкендерге қарағанда қай нәрсені болсын тез қабылдайды. Олар ойнаған кезде әлемді танып білуі үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Дәл сол кезде ол әлемді тануға дайын болған кезде олармен сөйлесіп, оқытып, бағыт сілтеуге болады.    

- Балаға өз өмірін қиюға апаратындай нендей жағдайлар әсер етеді?

- Өзіне қол жұмсаудың себептері көп, көбіне наразылық білдіру, бас тарту және өзін-өзі жазалау болып табылады. Мәселен, наразылық білдірген жағдайда ол бір нәрсеге қарсы шығады да оған басқа адамдардың назарын аудартуға тырысады. Адамдардағы оған себеп тағы бір жайт-өмірде жолы болмай, қатты сырқатынан шаршаған, ауыр өмірден жалыққан кездерінде адамның сынып кетуін айтуға болады. Содан келіп адам өзін жазаламақшы болады: өзімен есеп айырысады, өзінің ойынша қандай да бір түзетілмейтін қателігі үшін өзін-өзі кешіре алмайды.

Өмірден бас тарту және өзін-өзі жазалау  бұл ересектерге тән. Балалар наразылық білдіру мен өздеріне көңіл аудартуды қалайды. Өз өмірлерін қиюға шешім қабылдағанда олар барлық сәтте соған дайын бола бермейді.

АНА ҚАЗАСЫНАН АСҚАН ҚАСІРЕТ ЖОҚ

- Сіздердің ауруханаларыңызға өзіне қол жұмсауға барған жас пациенттер жиі түсе ме? Оларды кімдер алып келеді және олардың  қандай шағымдары бар?

 - Өткен жылы бізде тоғыз бала болды: сегіз қыз бала және бір ер бала. Ең кіші пациентіміздің жасы-8-де болды, үлкені-17 жаста еді. Оларды көбіне ата-аналары алып келеді. Олар балаларының бойынан өзгерістерді байқайды: бұрын жарқылдап күліп-ойнап жүрген, айналасындағылармен жақсы қарым-қатынаста болған бала, бұйығып, сабаққа деген ынтасы, басқа да музыка, спортқа ынтасы жоғалып кетеді. Бұл пациенттердің үшеуі өзіне қол жұмсау әрекетіне барған. Сегіз жасар қыз бала анасының қазасынан кейін күйзеліске түскен. Анасын жоқтап жылап, оны жанұшыра іздеген. Бала үшін өмірдің барлық жақсылығы сөнген сәуледей өшіп қалған. Тек бір ғана проблемамен қалған. Ал, бұл ойлардың жетегі тек бір ғана мақсатқа - өмірден қашып құтылудың жолын іздеуге соқтырады. Психологтың міндеті - сананы кеңейту, адам өмірдің жақсылығын қайтадан сезіне білетіндей психологиялық тежеуді жою. Өзіне қол жұмсау әрекетіне мүлдем тосқауыл қою әрине, психологтың қолынан келмес, дегенмен, сауатты маман адамға одан әрі өмір сүру құштарлығын сезінуге көмектесе алады.

ЕРЛЕРДІҢ НАМЫСЫ БАР

- Егер үлкендер туралы айтсақ, әйелдер психикасына қарағанда ерлердің психикасы күйзелістерге аса төзімді келе бермейді деп есептелінеді. Балалар арасында ондай айырмашылықтар бар ма?

 - Мен ерлердің өмірде болып жатқан өзгерістерге төзімді келе бермейді дегенімен келіспеймін, Ресми статистика өзіне қол жұмсағандардың 95 пайызы ерлердің еншісінде болғанымен, ал, аяқталмаған суицид әрекеттері көбіне жасөспірімдер мен әйелдер тарапынан болып жатады. Өйткені, оларға бопсалау әрекеті, қандай ма бір театрлық қойылымдар секілді әрекеттерге бару тән. Ерлер неліктен мамандардың көмегіне жүгінбей, неліктен өлімді таңдайды?! Өйткені, олар сонау ғасырлардан бері ерліктің, батылдықтың, алып күш пен тұрақтылықтың символы болып табылады. Айталық, қашанда осы қасиеттер олардан табыла бермейді, бірақ солай болуы керек дегенді саналарына түйіп алған олар, кейде сонымен күресте жеңіліс тауып жатады. Бала кезден бастап     қоғамда ер адамға жылауға болмайды, өзінің әлсіздігін сездіруге болмайды деген тәрбиемен өседі. Әрине, ерлердің организмінің әйелден өзгешелігі жоқ қой. Тек психологиялық жағынан ғана біздер түрліше болып келеміз. Егер ер адам өзінің әлсіздігін білдіріп алса, өзін намысы аяққа тапталған адамдай сезінеді. Әйел болса, әлсіздік, нәзіктік символы. Ол жылайды, өзін-өзі өлтіретіндігін айтып, қорқытады, біраз ашуы тарқаған соң тынышталады. Ал, бұл кейбіреулер үшін өзіндік ойынына айналады, әйелдер мен жасөспірімдер өзіне қол жұмсау әрекетін өздеріне көңіл аударту үшін және қандай ма бір мақсатқа жету үшін, өзінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін  жүзеге асырмақшы болады.

САЛАЛЫҚ МАМАНДАР КЕРЕК

- Баспасөзде ҚР Ғылым және білім беру министрлігінің балалар құқығын қорғау комитеті Республикалық психатрия
, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының суицидология бөлімінің көмегімен мектеп оқушыларының суицидке бейімділігіне қатысты ерекше тестілеу әдісін дайындап жатыр деген хабарлама жарық көрді.  Бұл жаңалыққа сіздің көзқарасыңыз қалай?

- Қолдаймын. Өлім туралы ойлар барлық адамның санасынан сыр береді, алайда, балалардың әрқайсысының психологиясын ескере отырып, ондай нәрселерге дұрыс көзқараста қарау керек екендігіне үйрету керек. Мұнымен мектеп психологтары айналысуы тиіс. Өкінішке қарай, мектептерде бұл орында тікелей сол  мамандар істей бермейді. Тәжірибеде мен мектеп психологтары болып, әдетте, пән мұғалімдерінің жарты ставкада істейтіндерін немесе зейнеткерлікке шыққан бұрынғы директорлар мен ұстаздардың қызмет атқаратындығын кездестіріп жүрмін.  Психологтың жемісті еңбегінің маңызды тұсы пациентімен арадағы сенімді қарым-қатынасы. Пән мұғалімдерін оқушылар психолог емес өздеріне баға қоятын ұстаз ретінде ғана қабылдайды. Сондай-ақ, жоғары білімді кәсіби мамандардың да жетіспеушілігі байқалады. Психолог мамандығы көпқырлы, олар адам психикасын толық түсіне білетіндей болуы керек. Психолог-кеңесші, отбасы психологі, балалар психологі және суицидолог-маман болады. Алайда, біз мамандардың жетіспеушілігі салдарынан «әмбебап» психолог болуға мәжбүрміз. Ал, мұның біздің пациенттерімізге аса көп пайдасы тие бермейді. Бұл мәселені үкімет деңгейінде шешу керек. Бізге тек сонда ғана балалар мен ересектер арасындағы өзіне қол жұмсау әрекеттерінің артуына жол бермейтін мүмкіндіктер туар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

23 наурыз 2011, 19:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.