Атырау, 24 қараша 15:10
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бөрібасардың мейірімді жүрегі

Сурет Бейнежазба
1 372 просмотра

– Үнемі қатыгездіктің ізін көру қалай екен?

Мамучар ДЖАБАСОВ жалтара иығын көтеріп: "Аяушылық болмаса, қатыгез болады ғой. Атырауда үнемі қоңырау түсетін бір аудан бар: сүйектері сынған, азулары шығып кеткен, қызылжоса қан болып жараланып, мертіккен иттер. Мұны біреулер әдейі жасайды. Содан соң оларды қиналып, азаппен өлсін деп, пайдаланылған зат секілді лақтырып тастайды» деді.

Мамучардың тегі кавказдық, оның есімі грузин тілінде бөрібасар дегенді білдіреді. Бірақ, жұрт оны Мұқаш деп атап кеткен. Ол ит тұқымдас жануарларды өлтірмейді, керісінше, құтқарады. Волонтер, кинолог, ветеринар және бұрынғы Ішкі істер органдарының қызметкері ретінде оның дедуктивті ойы және «зорлық-зомбылық мазмұндағы қолайсыз контентке» иммунитеті бар:

- Жақында 3 наурызда шағым түсті. Барсам, күшіктің алдыңғы екі аяғы сынып, сіңірлері мен бұлшықеттері жарақаттанған, көп қан кеткен екен. Бұл жол-көлік оқиғасынан болған зақым емес: біріншіден, күшік жолдан алыс жерде, гараждардың сыртынан табылды. Екіншіден, көлік қаққан кезде соған тән жарақаттар болады, бірақ ондай жоқ. Үшіншіден, аяқтары бірдей жерден сынған - бұл ауыр затпен, мүмкін құбырмен соққаннан келген зақым. Төртіншіден, аузында скотчтың іздері бар, ит абалап, қауып алмас үшін орап тастаған деп ойлаймын. Бұдан шығатын қорытынды: бұл бір немесе адамдар тобы жасаған қасақана, алдын ала жоспарланған қылмыс, - деп түйіндеді Мамучар-полицей.

Осыдан кейін дәрігер Мамучар іске кіріседі: қыңсылаған күшіктің жараларын зарарсыздандырып, шокқа қарсы бірнеше инъекция салды.

Дауыс ырғағы жұмсарып:

«Білемін, білемін, ауырып тұр... Т-щ-щ... Енді ауырғаны басылады», - дейді жанашырлықпен. Шаршаған күшік құйрығын соңғы рет әлсіз бұлғап, ота үстелінің шетіне сылқ ете түсіп, ұйқыға кетті. Мұқаш сезімге беріліп: «Қандай қатыгездер... Адам емес... Нақұрыстар... Қоғамға жақсылық жасап жатырмыз деп ойлай ма екен! Ерегескенде сені емдеп шығарамын, әлі-ақ, жүгіріп кетесің, Дружок, шыдай ғой», деді күбірлеп.

Ит осылай жаңа есім алып, оған қоса, біреуге керек екенмін ғой деген үміті оянады.

БОРИС НИКОЛАЕВИЧ, фелинотерапевт, 3 жыл еңбек өтілі бар

Ұзақ операциядан кейін өзінің авторлық әдістемесі бар кәсіби психолог іске кіріседі. Мұқаш оған өзіне сенгендей сенеді – екеуі бұрыннан таныс. Бірнеше жыл бұрын ол мұнда темекі тұқылымен күйдірген іздер қалған, шаршаңқы және қорқып қалған, жағдайы нашар күйде келген еді. Шотландиялық салпаңқұлақ мысық пациентке ақырын жақындап, ешқандай қауіп жоқ деп ұйғарып, пырылдап, тұмсығын тығып, күшікті жұбата бастады. Дружок мұндайды күтпегендіктен бе, әлде әлсіздіктен бе, еш агрессия көрсетпеді. Танысу кезінде мысық өзін Борис Николаевич деп таныстырды (дәлірек айтқанда, оны таныстырды).

Бір қызығы, мысық не істеп жатқанын түйсінеді. Әдетте ол бүкіл денесімен жабысып, басқа жануарларды тыныштандырады. Оның нәзіктігін кейде ризашылықпен, кейде сақтықпен қабылдайды. Көп жағдайда ол шынымен де мазасыз жандарды тыныштандыра алады.

ВАНИЛЬ СІЛЕКЕЙІ, ВАНИЛЬ ҚАНЫ

Сыртта әр алуан иттің көңілді у-шуы естіледі. Олардың бірі – бәрінен өзгеше, бітімі бөлек қардай аппақ алабай. Аты Ванилька. Былтыр оны өлермен, азып кеткен халде, үсті-басы бит-бүргеге толы күйде тауып алған. Оның жыныс ағзасы зақымданған. Мұқаш оны уақытынан бұрын аталықпен жұптастырмақ болған деп болжайды. Әлі де тіршілік нышаны бар екенін оның көзінің әрең қозғалған қимылынан байқаған. Ванилька өзінің қазіргі хош иісті лақап атына жақында ие болыпты.

Шынымды айтсам, үлкен иттерден қорқатынмын, бірақ ол алғаш танысқан сәттен бастап мейірімді екенін сездіріп, тоқ қарнын сипасын деп, жерге жата қалды. Нағыз азиялық асыл тұқымды, мейірімді, сылбыр көрінеді. Міне, менің киіміме жұққан сілекейі осыған дәлел.

Ванильканың мұнда орны ерекше, тамақтың ең дәмдісі де, құнарлысы да соған беріледі, ұрықсыздандырылмаған, өзінің керемет мінез-құлқы мен көмегі үшін бәрі жақсы көреді. Ванилька донор болып, өз бауырларына қан береді.

- Ол қазір өзін не күтіп тұрғанын біле ме?

- Біледі деп ойлаймын. Ол қарсы емес, есесіне көп тәттілер жейді, еркелетеміз.

 

АДАМДАР ӨТЕ ҚАТЫГЕЗ

…– Маған күніне 3-4 рет хабарласады. Көлік қағып кеткен, төбелесте зақым алған мысық, иттер, тіпті қанаты сынған қарға да болды. Бірақ адам қолынан мертігіп, жараланғандарды емдеуге көп күш жұмсауға тура келеді. Мұндай айуандыққа тек адамдар ғана қабілетті.

Артқы аяғын қысып, мықтап байлап тастаған ит шолақ аяқты боп қалды. Тағы біреуін аштық пен суықтан өлсін деп, қала шетіндегі ағашқа байлап кеткен, тауық секілді жүнін жұлып тастаған. «Агентство» аялдамасында бірнеше күн бойына иесінің қайтып келуін күткен тастанды мысық. Айта берсе өте көп, бәріне үлгере алмаймын, бірақ жануарларға көмек көрсететін «Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының волонтеры ретінде, бей-жай қарай алмайтын жан ретінде қолымнан келгенше көмектесемін. Емдеп, ұрықсыздандырғаннан кейін бәрін мейірімді жандарға беруге тырысамын. Кейде сәті түседі, бірақ көбінесе қайтадан далада қалады.

- Қалайша ветеринар болдыңыз?

– Бірнеше жыл болды. Өледі деп жүрген Лева атты ауру итті емдеп шығардым. Үш айда аяғынан тұрғызып, қатты қуандым. Қазір бұл мен үшін есірткі сияқты. Бір-екі жыл осындай жануарларды құтқарумен айналыстым, ветеринарлық клиникада тегін жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Ал осыдан төрт жыл бұрын мені «Мейірімді жүрек» тобына шақырды.

 

ҚАБАҒАН ЕМЕС ИТТЕРДІ АТАДЫ

- Қаңғыбас иттер адамдарға шабуыл жасайды...

- Білемін. Жануарларға деген мейірімді көзқарасын адам денсаулығы мен өмірінен жоғары қоятын зоошизик емеспін. Шынында да қабаған иттер бар, олардың адамға шабуыл жасауға не мәжбүр еткені туралы айтпаймын. Оларға шынымен де адамдар арасында орын жоқ.

Әңгіме барысында Мамучар қабаған иттерді ұстау оңай емес екенін айтты. Оның айтуынша, мәселені ойдағыдай шешу үшін ит аулау бригадаларының аңшылары тек батылдықты ғана емес, зоопсихологияны да білуі керек.

– Оларды ұстау өте қиын, тіпті маған да. Ит аулаушыларға берілетін мылтықтардың ату қашықтығы 10 метрден аспайды. Оқ кімге тиеді деп ойлайсыздар? Өзіне жақындауға мүмкіндік беретін зиянсыз, әлеуметтендірілген иттерге тиеді. Ал қабаған иттер адамның өзіне назары түскенін сезгенде қауіпсіз, оқ дарымайтын қашықтыққа қашады. Иттердің зиянсыз бөлігі өшпенді иттерге аумақты босатып, аңшылардың қолына түседі.

ОЛАР ЕШКІМГЕ КЕРЕК ЕМЕС

Емханада емделуге, ұрықсыздандыруға, чиптеуге, құтырмаға қарсы егуге, күтім көрсетуге, эвтаназияға бөлінген қаржы, Мұқаштың айтуынша, жеткіліксіз. Заң бойынша бір итке 19 мың теңге шамасында бөлінсе, іс жүзінде одан да көп қажет болады.

- Өзім иттерді емдейтін болғасын, оның қаншалықты қымбат екенін білемін, ауру жануарды емханаға апарып, емдететініне күмәнім бар... Оған қоса, бізде итті қайда, қалай, қанша ұстау керектігі, немен және қанша уақыт емдеу керектігі туралы техникалық стандарттар жоқ. Әзірге бұл тармақтар заңды түрде реттеліп, бекітіліп, қадағаланбайынша, кез келген заңбұзушылыққа жол беріліп, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай жасала береді.

...Ит иесін қауып алған жағдай болды. Ол кем дегенде 14 күн, ең көбі бір-екі жыл карантинге жатқызылуы керек, мүмкін оның құтырма ауруы бар шығар. Бірақ Атырауда карантинге салатын орын жоқ. Соның салдарынан ауру ма, жоқ па, өздеріңіз қараңыздар дегендей, ит иесіне қайтарылды. Мұның өзі адамның өліміне әкелуі мүмкін өрескел заң бұзушылық.

 

АСЫЛ ТҰҚЫМДЫЛАРҒА МОРАТОРИЙ

- Оны қалай түзетуге болатыны туралы ойыңыз бар ма?

- Бар! Кішкентайдан бастау керек. Мен асыл тұқымды иттерді өсіруге мораторий енгізуді ұсынамын. Сонымен, біз Қазақстанда иттерді өсіріп, сататын көптеген кинология клубтары бар екенін білеміз. Олардың қызметін бес жылға шектеуді ұсынамын. Тоқтату емес, шектеу екенін ескертейін. Яғни, әрбір клуб, мысалы, әр тұқымнан отыз күшіктен өсірсе. Бұл тапшылықты тудырады, адамдар питомниктерге назар аударады, сөйтіп аула иттерінің көпшілігін отбасылар асырап, соған сәйкес қаңғыбастар саны да азаяды. Асыл тұқымды иттерін лақтырып тастайтын қожайындар да бұл туралы ойлануы мүмкін ...

Әрине, ит аулау бригадаларының штатын көбейту керек, сонымен қатар кинологтар мен ветеринарлары бар питомниктердің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау керек. Ол жерлерде иттерге дұрыс күтім жасалып, тәрбиелеп, кейін оларды орналастыратын сауатты маркетинг жүргізіледі. Менің өзімде 20-дан астам ит бар, оның үстіне күн сайын көбінесе өмір мен өлім арасында жатқан жаңа иттер түседі. Мертіккен бұл иттердің бәрі ешкімге керек емес екенін білемін. Олар сауығып кеткен соң, босатып жіберемін, өйткені, қайталап айтамын, мен олардың бәрін өз ауламда ұстап, көршілерімді жынды қылатын ақымақ емеспін.

Әңгімелесіп отырғанымызда Мамучардың телефонына үздіксіз қоңырау соғып жатты. Қысқа сөйлескеннен кейін қала шетіндегі шосседе көлік қағып кеткен ит пен оның күшігіне көмек керек екені белгілі болды. Қоңырау шалушылардың өздері әкеліп, көмек көрсете алмайды, себебі олар ешқандай себеппен кете алмайтын аумақта екен.

– Менің кетуім керек, - дейді ол қысқа.

Барыңыз, Мұқаш, Құдай жар болсын.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Автор түсірген және Мамучардың Instagram желісіндегі жеке блогынан алынған суреттер

15 наурыз 2023, 02:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.