Атырау, 19 қараша 14:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Мейірім Қалауи: жауған қар, қоқыс сұрыптау зауыты және үш ауысымды мектептер туралы

1 393 просмотра

Атырауды жаңа әкім басқарғанына тура бір жыл болды. «АЖ» тілшісі оған қала тұрғындарын толғандырған бірқатар сауалдар қойған еді. 

ҚОҚЫС ТАРИФІНЕ ОНЫ СҰРЫПТАУ КІРЕДІ

– Мейірім Жоламанұлы, Атырауда әдеттегідей ақпанда жауған қар әкімдік пен коммуналдық қызметтер үшін «күтпеген» құбылыс болып, оның халыққа тигізген зардабы да болды. Жыл сайын бір проблеманы қайталап, қала тұрғындарының наразылығын тудырудан жалыққан жоқсыздар ма? Қандай қорытынды жасалды және мұның енді қайталанбасына кепілдік бере аласыз ба?

– Атырауда қардың қалың түсуі жиі кездесетін құбылыс емес екенін ескеру керек, дегенмен, қорытынды жасалғаны сөзсіз. Соңғы жеті жылда мұндай мол қар бірінші рет жауып тұр. Кез келген аймақта әдеттен тыс, аномальды ауа райы болады. Тағы бір маңызды жайт, қала соңғы 10 жылда көп кеңейді, ал арнайы техника әлі де тапшы. Сондай-ақ, бізде 6500 көше бар, оларды бір күнде толық тазарту мүмкін емес, бұл үшін 3 мың техника қажет. Осының бәріне қарамастан, алғашқы күндері, яғни ақпанның 3-і мен 5-і аралығында адамдар мен техника төтеп берді. Кей жерлерде қардың қалыңдығы 80 см-ге жетіп, бұрқасынмен екінші рет жауған қар қиындық тудырды. Дегенмен, тұрғындар мен облыс әкімінің айтқан сынын орынды деп есептеймін. Енді әрекет ету әдістері мен алгоритмді өзгертеміз. Биыл 300 млн теңгеге жаңа арнайы техниканы сатып алу туралы шешім қабылданды, ішінара бюджет есебінен, ішінара «Арнаулы автобазы» ЖШС есебінен. ЖШС-ге инвестициялық бағдарламасын қайта қарап, оған тиісті қаржы ресурстарын бөлу ұсынылды. Бюджет ақшасына сатып алынған техниканы қала шетіне жібереміз. Мәселен, Қайыршақты ауылдық округінде бірде-бір арнайы техника жоқ.

– Инвестициялық бағдарламаны қайта қарау тарифтің көтерілуін білдіре ме?

– Біз қазір қаланың санитариялық тазалығы туралы айтып жатырмыз, ол үшін «Арнаулы автобазаға» бюджет төлейді. Халық қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін ғана төлейді – бұл басқа қызмет.

- «Гринситиклининг» ЖШС иелері қатты тұрмыстық қалдықтар үшін тарифті көтермей жұмыс істеу мүмкін емес деп мәлімдеді. Бұл зауыт 100 пайыз жеке бизнес. Ол инвестиция мен банк несиесіне салынған, қоқыс шығарумен айналыспайды. Сондықтан жеке саудагер «арнаулы автобаза» тарифін көтеру арқылы несиесін халық есебінен өтеуді көздеп отыр деген пікір бар. Бұл мәселеге қатысты әкімдіктің ұстанымы қандай?

– Бұл пікірдің қате екенін бірден айтайын! Біріншіден, Экология кодексі 1 қаңтардан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды алдын ала сұрыптаусыз кәдеге жаратуға тыйым салды. Осыған байланысты қалдықтарды сұрыптайтын зауыт салынды. Иә, бұл жеке бизнес, өйткені әкімдіктің бюджет ақшасына сұрыптау кешенін салуға құқығы жоқ. Мұндай шығын бабы жоқ.

Екіншіден, жеке тұлғаларға ұсынылып отырған қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифінің көтерілуі (абаттандырылған үй тұрғындары үшін 527,83 теңге және абаттандырылмаған үй үшін 594,36 теңге) ешкімнің несиесін өтеуді қарастырмайды.

Үшіншіден, бұл сандар ойдан алынбайды. Есептеулер «Ерай сервис» мамандандырылған мекемесімен біздің ТКШ бөлімімен келісім бойынша және Экология кодексінің 365-бабының 4-бөлігінің 7-тармағы негізінде жүргізілді. Сол бойынша инфляциялық процестерге сәйкес тариф 6 жыл сайын қайта бекітілуі тиіс.

Бір адамға 1 текше метр қалдық нормасы бойынша қолданыстағы тариф осыдан сегіз жыл бұрын есептелсе, қазір бір адамға 2,4 текше метр қалдықты құрайды. Яғни, «Арнаулы автобаза» шығаратын қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі екі жарым есеге артқан.

Тиісінше, тариф те көтерілуі керек. Өйткені ол қаланың және қала маңындағы елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсартуға, жаңа техника, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлерді сатып алуға, заманауи қалдықтарды орналастыру орындарын жабдықтауға, сондай-ақ жұмысшылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік береді. Тарифті қаншалықты көтерсек, «Арнаулы автобазаның» жұмысы да жақсарады. «Гринситиклининг» компаниясына келетін болсақ, бұл тарифке қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және көму кіреді, бірақ несиені өтеу кірмейді.

Атырауда ғана емес, басқа облыстарда да тариф өсуде. Қазірдің өзінде Алматыда – 553 теңге, Оралда – 496, Семейде – 470, Ақтауда – 504 теңге. Одан кейін басқа өңірлер кезекте.

Қолданыстағы қоқыс төгетін орын толық толды, бұл қауіпті, оны қалпына келтіреміз. Сондықтан сұрыптау кешенінің жанынан 15 гектар жерді жаңа полигонға дайындап жатырмыз. Атырау – Астана мен Алматыдан кейінгі еліміздегі осындай заманауи сұрыптау кешені бар үшінші қала, оны іске қосу қажет. Менің ұстанымым осы.

Жаңа тарифті жақын күндері Қоғамдық кеңес отырысында талқылап, сайлаудан кейін мәслихаттың жаңа құрамына бекітуге жібереміз. Жаңа тариф ауыр тиіп кетпеуі үшін көп балалы отбасылар мен аз қамтылғандарға көмек көрсету туралы қоғамдық тыңдауда айтылған ұсыныс міндетті түрде ескерілетінін айта кетейін.

– Яғни, «Гринситиклинингтің» бәрібір тарифке қатысы бар, тек «басқа есік» арқылы. Ал бұл зауыт қарызды қалай қайтармақ?

- Олар сұрыпталған қоқыстардың бір бөлігін сатады: металл, пластик, картонды...

- Зауыт иелері әлеуметтік желіде қалдықтарды сатып, табысқа жететініне күмән келтірді...

– Бұл сауалды соларға қойған дұрыс. Кез келген бизнесте тәуекел деген болады...

 

«ЖАРЫҚТЫҢ ӨШУІНЕ ЖЕКЕ ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯЛАР КІНӘЛІ»

– Қаладағы электр шаруашылығы нысандарының бір бөлігі «Атырау Жарық» АҚ-ның, бір бөлігі қала әкімдігінің балансында. Олардың бір иесі бола ма?

– Әкімдік балансындағы барлық қосалқы стансаны «Атырау Жарық» құзырына өткізетін болсақ, онда оларды ұстауға кететін шығын өседі де, тариф автоматты түрде көтеріледі. Сондықтан мемлекет есебінен салынған барлық трансформатор мен желілердің жекенің балансында болуы міндетті емес. Оларды ұстауға бюджеттен жыл сайын ақша бөлінеді, өзіміздің жөндеу бригадамыз да бар.

Мәселе басқа. Қалада 1662 жеке меншік трансформаторлық қосалқы станциялар (ТҚС) бар, олар түрлі заңды тұлғаларға тиесілі, сауда нысандарына, өндірістік базаларға және т.б. қуат көзін береді. Оның ішінде 193 заңды тұлға ғана «Атырау Жарық» мекемесімен өздерінің ТҚС-на техникалық қызмет көрсетуге келісімшарт жасасқан, ал қосалқы станциялардың басым көпшілігінің жай-күйін болжауға ғана болады.

Осыдан 8 жыл бұрын атомдық және энергетикалық қадағалау инспекциясы бұл ТҚС-ын жыл сайын тексеріп, олардың иелеріне анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығару құзырына ие болды.

Бірақ кейін бұл өкілеттік бизнесті көптеген тексерулерден қорғау аясында алынып тасталды, кәсіпкерлердің көпшілігі осыны пайдаланып, өздерінің ТҚС-на жыл сайын энергия аудитін жүргізбейді, жөндеу жасамайды, жалпы алғанда ешқандай жауапкершілік алмайды. Солардың кесірінен мыңдаған қала тұрғындары зардап шегіп келеді!

Бізде 216-шы фидер бар – «Көктем» ықшам ауданымен тығыз қоныстанған Томарлы ауылына қуат көзін беретін ұзын желі. Бұл фидерде 70 жеке қосалқы станса «отыр» және олардың кем дегенде біреуінде апатты жағдай орын алса, бәрі электр жарығынсыз қалады және апат бригадасының проблемалы ТҚС-ны табуын күтеді! Бұл жағдай алғашқы қар жауған күні болды.

Осыған байланысты екі апта бұрын біз және «Атырау Жарық» АҚ іс-шаралар жоспарын қабылдап, оның аясында осы жеке қосалқы станциялардың барлығын тексеруді бастадық. Бұзушылықтар анықталса, ұйғарым шығарамыз, ол уақытында орындалмаған жағдайда, энергиямен жабдықтауды «үземіз». Бүгінде жүзден астам ТҚС тексерілді, 76 ұйғарым берілді, бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Осы сәтті пайдалана отырып, ТҚС иелеріне текерушілерді күтіп отырмай, қосалқы станцияларын ретке келтірсін деп айтқым келеді.

– Біраз жылдан бері облыс орталығының көшелеріне жарықдиодты шамдар орнатылып жатыр. Бұл қандай бағдарлама және оған қанша қаражат бөлінген?

– 2017 жылы іске қосылған бағдарлама алты кезеңнен тұрады және МЖӘ арқылы жүзеге асырылуда. Өткен жылы 188 көшені қамтыған төртінші кезеңді аяқтап, қазір 5008-ден астам шам орнатылды. Енді бесінші, ең көлемді кезеңге көштік. Ол жалпы ұзындығы 270 шақырымды құрайтын 377 көшені қамтиды. Ал жыл соңында  алтыншы, соңғы кезеңді бастаймыз. Содан кейін 2024 жылы Атырау мен қала маңындағы көшелердің 95 пайызы сапалы заманауи жарықтандыруға ие болады. Егер сомалар туралы айтатын болсақ, мысалы, төртінші кезеңнің инвестициялық шығындары (ЖСҚ әзірлеуді, құрылыс-монтаждау жұмыстарын, авторлық және техникалық қадағалауды есепке алғанда) 4,8 млрд теңгені құрады. Бесінші кезеңге 9 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жұмысты ірі квазимемлекеттік «БатысТранзит» компаниясы жүргізіп жатыр, ол 5 жыл бойы толық техникалық қызмет көрсетуге және шамдарды ауыстырға міндеттеледі. Айтпақшы, оларда жарықтандырудың қарқынын басқаруға мүмкіндік беретін күңгірттеу жүйесі бар.

Бұл жобамен мақтануға болады. Қазақстанда мұндай ауқымды жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін бірде-бір қала жоқ.

Сонымен қатар, өткен жылы Пушкин және Досмұхамедов көшелеріндегі, ескі қала мен Еркінқала ауылындағы, Самал және Балауса ықшамаудандарындағы ескі люминисцентті шамдардың орнына 2500 LED-шамдар сатып алдық. Биыл жағалаудағы жарықтандыруды ауыстыру үшін тағы мың жарымын сатып аламыз.

 

РЕНОВАЦИЯ АҚАУ БЕРІП ТҰР МА?

– Өткен жылы реновация бағдарламасы іске қосылды, оған сәйкес 2026 жылға дейін 236 тозығы жеткен үйді бұзу жоспарланып отыр. Әлеуетті құрылыс салушылар бар ма, қазір қанша үй бұзылды?

– Бұл бағдарламаның басты мақсаты – тозығы жеткен және апатты үйлерде, көбінесе нашар жағдайда тұрып жатқан қала тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсарту. Олардың бәрін бірден бюджет есебінен көшіруге мүмкіндік жоқ, сондықтан жеке бизнес субъектілерінің қатысуымен реновация жұмыстарын жүргізуді ұсындық. Бірақ кемшіліктер бар...

Өздеріңіз білетіндей, көшіру үшін барлық меншік иелерінің 100% келісімі қажет. Бүгінге дейін осылайша тозығы жеткен төрт үй толығымен босатылды, қалған екеуі проблемалы болып шықты. Бірі драма театрының жанында, екіншісі Срым Датов көшесінде. Екі үйде де ұсынылған баспанаға көңілі толмай, саудаласып, белгілі бір соманы сұрап жатқандар табылды. Әрине, бұл олардың құқығы, бірақ бұл біздің бағдарламамызды қатты баяулатып тұр. Оның міндеті, қайталап айтамын, біреуді байыту емес, жағдайды жақсарту. Келіскендер жаңадан салынып жатқан үйлерден үлкен шаршы метр жаңа пәтерлерге ие болып, ұтып отыр.

– Жилгородок толықтай дерлік бұзылады, оны сақтап қалу мүмкін емес пе?

– Бұл ықшамауданның үйлері әбден тозығы жеткен, бірақ жер телімдері шағын болғандықтан, Жилгородок әзірге инвесторларды қызықтырмай отыр. Сақтап қалуға келсек... Білесіз бе, Оңдасынов көшесінде қаңырап бос қалған екі үй бар, оны жұрт «паровозик» деп атап кеткен. Осы айда осы екі учаскені олардың орнына ұқсас ретро стильде жаңадан үй салғысы келетіндерге аукцион арқылы ұсынбақпыз. Ниет білдірушілер табыла ма, көрейік.

Сонымен қатар, «Башня» мейрамханасының иесі сәулет ескерткіші – Жилгород су мұнарасын сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылық танытып отыр. Оны ретке келтіріп, туристік тұрғыда тартымды қылуға болады, бірақ, ең бастысы, тарихи келбетін өзгертуге болмайды.

– Қаланың тарихи бөлігіндегі ескі көпес үйлері бұзылуы мүмкін деген жаңалық бар ма?

– Биыл қаланың ескі бөлігін бұзу жұмыстары жалғасады, 130 үйге жер телімін иеліктен шығаруға құжаттар дайындалды. Бірақ бұл тарихи ғимараттарға әсер етпейді, өйткені көне ғимараттардың тарихи-мәдени сараптамасы әлі жасалған жоқ - бұл мәселе облыстық деңгейде шешіліп жатыр.

– Жақында құрылысы аяқталмай, қараусыз қалған киноконцерт залы бұзылады, ал жанында «бауырлас» сақалды құрылыс – монша-сауықтыру кешені тұр. Оның тағдыры қандай?

– Ол да бұзылады, осы екі нысанның орнына жаңа ғимараттар салынады.

– Қараусыз қалып, 2021 жылдың күзінде мемлекет меншігіне қайтарылған ретро саябақ ретке келтірілді ме?

– Иә, өткен жылы істен шыққан суару жүйесі толықтай жөнделіп, соның арқасында жасыл желектің бір бөлігін сақтап қалдық. Субұрқақтар ішінара қосылды, алдағы уақытта жұмыс жалғасады. Сонымен қатар, жазға дейін ретропарк аумағындағы екі ғимаратты кәсіпкерлерге кафе немесе көрме орталығы ретінде сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырмыз.

 

ЕРІК МОСТОВОЙ АСФАЛЬТ АСТЫНДА ҚАЛАДЫ

– Жағалауды одан әрі қалпына келтіру жұмыстары қашан жалғасады және оның миллиардтаған құны қаншаға азайды?

– Жоба әлі әзірленіп жатыр. Бұрын хабарланғандай, біз жағалау сызығы мүлде жоқ жерлерге назар аударып отырмыз, өйткені Атырау, Ардагер және басқа да ықшамаудандардың тұрғындары өзеннің жағалауды біртіндеп шайып, үйлеріне жақындап келе жатқанын айтып, ұжымдық шағымдар түсуде. Жоба туралы егжей-тегжейлі оны әзірлеу аяқталғаннан кейін айтуға болады. Ал әзірге қалпына келтіруді урбанистика кеңесінде талқылауды жоспарлап отырмыз. Жақында қала ортасының дамуын зерттеуші жастармен кездесуден кейін оны жасауды ұйғардық.

– Биыл әкімдік ерік Мостовойға қатысты көпжылдық мәселені шешуді көздеп отыр. Бұл туралы толығырақ айтып беріңізші.

– Ерік Мостовой – дренаждың ашық түрі. Неліктен оның жұмыс істемейтіні туралы баспасөз бетінде көп айтылды да, жазылды да. Сондықтан бұған тоқталмай, оны қалай жандандыру ұсынылғанын айтып берейін.

Біріншіден, ерік арнасын коммуналдық желі жүргізу үшін пайдалануға болады. Ең алдымен, кәріздік, олардың коллекторларын салынып жатқан оң жағалаудағы кәріздік тазарту қондырғысына қосады. Нәтижесінде осы желіге Нұрсая, Самал, Атырау ықшамаудандары мен ескі қаланы қосуға болады.

Екіншіден, магистралды суармалы су құбыры желілерін еріктің түбіне дейін тарту. Жазда ол халық тығыз орналасқан жеке секторды техникалық сумен қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, еріктің жекелеген учаскелерінде ағынды суды жинау үшін резервуарларды жабдықтап, оны кейіннен тазарту қондырғысына тасымалдау.

Біз мұның барлығын техникалық тапсырмада көрсеттік, осылайша, ерік Мостовой жабық типтегі дренаж түріне қайта қалпына келтіріледі. Өйткені ол соңында барлық коммуникациямен бірге асфальт астында қалады. Осылайша құрылған бос аумақты (бұл үлкен аумақ) қоғамдық орындарға: гүл бағына, саябақтарға, веложолдарға, ал еріктің қала маңындағы бөлігін айналма жолға пайдаланамыз.

Міне, біздің алдын ала болжамымыз. Қазір компанияның жобасын анықтауға тендер жарияланып, оған отандық және шетелдік бірқатар институттар қызығушылық танытып үлгерді.

– Ал жаяу жүргіншілер эстакадасын салу бойынша ұзаққа созылған жоба қалай жүріп жатыр?

- Ол баяғыда ойластырылған жоба. Бес эстакаданың біреуі ғана Сәтпаевта орнатылған. Ал басқаларын орнатуымыз екіталай. Қалай дегенмен де, мұндай болмайды. Неге екенін түсіндірейін. Мысалы, «Дина» базарының жақын болғандықтан адам көп жүретін теміржол вокзалына қарама-қарсы бір жерүсті көпірін салуды көздеген. Бірақ қазір бұл жерге эстакаданың орнына адам қозғалысын да, көлік қозғалысын да тамаша реттейтін заманауи бағдаршам нысаны орнатылды.

Жерүсті өткелдері салынуы тиіс басқа жерлерде де бағдаршамдар орнатылды. Бір эстакаданың құрылысы 700-800 миллион теңгеге шығады, ал бір бағдаршам орнату төрт миллион ғана. Сондықтан мұндай көпірлерге ақша жұмсауды өз басым орынсыз деп есептеймін, Атырауда басқа да мәселелер жетерлік.

– Қарапайым есептеулер бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға және жұмыстың басталуына бірнеше жүз миллион ақша жұмсалған, бұл зая кеткен шығындар. Тек бағдаршамды орнатуға болады екен ғой!

- Былай айтайын: қала тез өзгеріп жатыр, сондықтан бұрын қабылданған кейбір шешімдер өзекті емес.

– Қала шеттері, жаңа құрылыстар, қала маңындағы елді мекендер коммуналдық инфрақұрылыммен қатар, спорттық және мәдени нысандарды қажет етеді. Меніңше, бұл жағынан олар құр қалған сияқты.

- Сізбен толықтай келісемін. Адамдар үшін тұрғылықты жеріне қарамастан - қала орталығы немесе қала маңы болсын - жағдай бірдей болуы керек. Осыған орай өткен жылы қала маңындағы елді мекендерде Мәдениет үйлері мен спорт кешендерін жобалауды қолға алдық.

Менің тапсырмам бойынша барлық ауылдық округ әкімдері бұл жобаларды тұрғындармен мақұлдады. Талқылауға халықтың, әсіресе, жастардың белсене қатысқаны мені таң қалдырды. Олардың ұсыныстарын ескере отырып, кейбір жобаларға түзету енгізілді, олар жақын арада мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.

Кеңөзек, Алмалы ауылдық округтерінде, Атырау, Дамба ауылдарында 300 және 200 орындық жаңа демалыс орындары, Еркінқала, Алмалы, Жұлдыз және Көктем ықшамаудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайда болады.

Жұлдыз ықшамауданындағы ДСК эскизі. Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған сурет.

Сондай-ақ, Береке, Алмалы, Ақжар-2, Ақсай-2, Жаңаталап, Қайыршақты, Кеңөзек, Құрманғазы, Қызылбалық ауылдарында спорт және балалар алаңдарын салудың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Дамбаны былтыр салып үлгерді, қалғаны биыл салынады. Бұл жай ғана шағын алаңдар емес, жарығы, бейнебақылау жүйелері, гүл бақтары мен демалуға арналған орындықтары бар тұтас ашық кешендер болады. Олардың барлық жастағы тұрғындары үшін тартымды орталық болатынына сенімдімін.

 

ЖАҢА МЕКТЕПТЕРГЕ МҰҒАЛІМДЕРДІ ҚАЙДАН АЛАДЫ?

– Жақында мектептерде үш ауысыммен оқу мәселесін жоюға уәде бергенсіз. Бұрын көп әкім бұл мәселені шешеміз деген, бірақ ештеңе өзгермеді. Сондықтан, кешірерсіз, қалайша сенімді болып отырсыз?

- Қазір Атырауда «үш ауысымды» 11 мектеп бар, олардың жұмысын жеңілдету үшін 11 жаңа мектеп саламыз. Балауса ықшамауданында білім ошағы ашылды. Жыл бойы Бірлік-2, Көктем, Өрлеу, Еркінқала-2, Ақжар-2 ықшам аудандарында, Жаңаталап елді мекенінде, сондай-ақ Талғайраң ауылында КҚК қаражаты есебінен салынып жатқан 900 орындық №1 мектепті (апатты мектептің орнына) ашамыз.

Бұдан басқа, Президенттің «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша биыл тағы бес мектептің құрылысы басталады: Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай-2 ықшамаудандарында әрқайсысы 900 орындық, Береке ауылында 1200 орындық және Сары өзекте (Черная речка), бұл жерден балалар көп жылдан бері №4 мектепке барып оқуға мәжбүр. Келесі жылы осы оқу орындарының барлығын ашуды жоспарлап отырмыз.

Драма театрының жанынан, Лесхозда және Зарослыйда әрқайсысы 2000 орындық тағы үш мектепті салуды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты бұрынғы нан зауыты ауданындағы және Канцев көшесінің бойындағы екі үлкен гараж массиві бұзылады. Қазір гараж үй-жайларының меншік иелерімен жұмыс жасалып жатыр.

Қала тарихында бұрын-соңды мұндай көлемде мектеп салынбаған. Әрине, үш ауысым мәселесі шешіледі. Қоғамдық көліктегі жүктеме де автоматты түрде азаяды. Мыңдаған мектеп оқушылары үйлеріне жақын жерде оқитын болады, қаланың әр түкпіріне барып оқу қажеттілігі жойылады. Айтпақшы, кейбір автобус бағыттары қала тұрғындарының наразылығына қарамастан, неліктен көп жерге бұрылып жүретінін білесіз бе? Мұны мектебі жоқ немесе мүлдем мектеп аз ықшамаудандарды қамту мақсатында арнайы балалар үшін жасадық. Жаңа мектептер ашылғанда, маршруттарды қайта қарастырамыз.

– Жалпы, сауатты маманды шақырып, оны демография, көші-қон, жұмыс істеп тұрған мектептердің тозуы туралы статистикалық мәліметтер берудің қандай проблемасы бар? Ол жылына қанша білім ошағы салынып, ашылуы керек екенін есептеп береді ғой. Әрі қарай қаражатты уақтылы бөліп тұрса...

– Бұрын тіркелген жері бойынша талдау жүргізілген, былтыр сынып жетекшілері әр оқушының нақты тұрғылықты жерін анықтай бастағанда, көрініс күрт өзгерді! Маған дейін қабылданған кейбір шешімдердің күшін жоюға тура келді.

Мысалы, Баймұхановтан үлкен мектеп салмақшы болды, себебі №22 және 24 мектепте бала көп. Бірақ мен Привокзальныйда құрылыс салынып жатпағанын, ол жерде демографиялық өсім болуы мүмкін емес екенін білемін ғой. Анықтай бастадық, сөйтсек мұнда Жұлдыз, Ақсай ықшамаудандарының балалары, тіпті Дамбадан келіп оқиды екен.

Бұл жерде басқа бір мәселе бой көтереді. Ата-аналардың көпшілігі балаларын бұрынғыша орыс сыныптарына бергенді жөн көреді. Сондықтан қанша мектеп салсақ та, ол жерде орыс тілінде оқытатын сыныптар болмаса, мектептерде оқушы саны азаймайды. Мәселен, Нұрсаяда «BINOM» орыс тілінде оқытатын сыныптарсыз ашылса, 16, 17 және 30-мектептер «үш ауысымда» қалады. Бізде 200-ден астам мұғалім жетіспейді, оның 80 пайызы орыс тілді сыныптарда. Сондықтан тек мектеп салумен мәселені шешу мүмкін емес, бізге кадр қажет, қазір бұл мәселені алдын ала реттеуге тырысып жатырмыз.

 

«БАҒАНЫ БҰЙРЫҚПЕН ТОҚТАТУ МҮМКІН ЕМЕС»

– Ақпан айының басында ҚР Премьер-Министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ үкімет отырысында әкімдіктердің әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тежеу бойынша жұмысын тиімсіз деп атады. Бұған қандай пікір берер едіңіз?

– Бағаны нарықтың қалыптастыратынынан бастайық – бұл аксиома. Азық-түлік құны қолайлы, қымбат болмауы үшін Атырау облысының өз өндірушілері болуы керек және жеткілікті мөлшерде. Біз 80 пайыз Қазақстанның басқа аймақтарына, тіпті басқа елдерге де тәуелдіміз, бұл жерде әкімдік бағаны реттей алмайды.

Біз қалыптастырған форвардтық келісімшарттар, тауар айналымы схемасы және басқа да қолдау шаралары әзірге жеткіліксіз. Тұрақтандыру қоры нарыққа әсер етпейді, оның үлесі шамалы, үш-төрт пайыз ғана. Тұрақтандыру қорының өнімдерін негізінен аз қамтылған, табысы төмен азаматтар сатып алады. Бізде басқа механизмдер жоқ. Сондықтан, үстелді жұдырықтап, бағаларға «тоқтауға» бұйрық беру мүмкін емес.

– Неліктен әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы белгіленген қолжетімді тізім жоқ?

- Менің білуімше, бұл ақпарат «қызметтік пайдалану үшін» деген белгіге ие.

- Бұл абсурд, бәлкім заңсыз шығар! Сонда халық азық-түлікті өздеріне қандай бағамен сатуға міндетті екенін білмейді екен ғой.

– Бұл сауалды ауыл шаруашылығы басқармасына қойған дұрыс, бұл олардың құзыреті. Бірақ тағы да айтып өтейін, олардың өсуін жоғарыдан белгіленген шекті бағалармен тоқтату мүмкін емес, ал оның себептерін айттым.

 

СЫН, ЖАЛАҚЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ТУРАЛЫ

- Енді күтпеген сауал. Сіздің жұмыс күніңіз нешеде басталады және қашан аяқталады?

- Таңғы сағат 8-де басталады және кешкі 8-9-ға дейін жалғасады.

- Әлеуметтік желілерді оқисыз ба?

- Иә, Facebook, Instagram. Тек оқып қана қоймай, пайдаланушылардың сұрақтарына жауап беремін.

- Жұмысқа және үйге немен барасыз?

- Қызметтік автокөлікпен.

- Қоғамдық көлікті соңғы рет қашан пайдаландыңыз?

- Өткен жылы әлеуметтік желіде бір қала тұрғыны маған 57-ші маршрутта жүруді ұсынды. Автобуста онымен кездестім, ол барлық талаптарын айтты. Осыдан кейін қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту бойынша бірқатар шаралар қабылданды.

- Бос уақытыңызда не істейсіз?

- Отбасыма көбірек уақыт бөлуге тырысамын.

- Спортпен айналысасыз ба?

- Иә, өзімді қалыпта ұстау үшін.

- Демалысты қайда өткізгенді жөн көресіз? 

- Қазақстанда.

- Қала әкімінің жалақысы қандай?

- Барлық міндетті аударымдарды есептегенде, 800 мың теңгеден астам.

- Бір жыл ішіндегі өз жұмысыңызға қандай баға берер едіңіз?

- Оны қала тұрғындары берсін.

- Өзіңізге айтылған сынға қалай қарайсыз?

- Сындарлы сынды қабылдаймын. 

- Қазір «Қоғамдық пікір – бұл сұралмайтындардың пікірі» деген сөз бар. Қала тұрғындарының пікірі сіз қабылдаған шешімдерге әсер ете ме?

- Әрине, әсер етеді. Мысалы, қоғамдық көлік бағыттарын тұрғындардың пікірін ескеріп, өзгерттік.

- Барлық деңгейдегі әкімдерді «жоғарыдан» тағайындамай, халықтың таңдауына қалай қарайсыз? 

- Дұрыс қараймын.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет.

Лев ГУЗИКОВ

Автор түсірген және «АЖ»мұрағатынан алынған суреттер

Эскиздерді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды

13 наурыз 2023, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.