Бұл туралы облыстық Туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар бөлімінің меңгерушісі, жоғарғы санатты дәрігер-фтизиатр Марат ШУАҚБАЕВ брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мемлекетіміз туберкулездің таралуы жағынан Еуропа мен Азия аймақтары бойынша ең жоғарғы деңгейде. Сондықтан елімізде айлық белгіленіп, бір ай бойы түрлі конференциялар өткізіліп, БАҚ арқылы ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Ауруханаларда, емханаларда ашық есік күндері ұйымдастырылады.
- Ғасырдан астам уақыт бойы жалпы дүниежүзінде бұл күн атап өтіледі. Аталған шараларға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, түрлі медицина мекемелері, сондай-ақ осы салада еңбек етіп жүрген фтизиатр мамандар мен медбикелер жұмылдырылады, - деді М.Шуақбаев.
Сондай-ақ оның айтуынша, бүгінде туберкулезге қарсы дәрілерді жасақтау жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылға дейін жұқпалы ауруға қарсы тек 4 дәрі болса, қазіргі таңда бұл дәрілер екі есе көбейген. Ал статистика бойынша өңірде аталған жұқпалы ауру жыл сайын 5-7%-ға азайып келеді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер