Осындай ерекше атаумен 24 ақпанда YEMAA мәдени орталығында «антропология және азық-түлік саясаты» тақырыбына арналған көркемөнер көрмесі ашылды.
Көрменің идеясы – тағамды ағзаның тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті микроэлементтер мен қоректік заттардың көзі ретінде қараудан басқа да қырынан көру.
– Бұл көрмені кураторым Әсел МҰҚАШЕВАМЕН бірге көптен жоспарлағанбыз. Біз күнделікті өмірімізді түсінеміз және иә, тамақтану күнделікті өміріміздегі маңызды элементтердің бірі, өйткені дастархан үстінде қуанышымызды да тойлаймыз, қайғымызды да бөлісеміз. Сонымен қатар, тағам көп нәрсені: саясат туралы, тамақтану тізбегі туралы, әдеттеріміз туралы және, әрине, дәстүрімізді аңғартады, - дейді жоба кураторы Әсел АХМЕТЖАНОВА.
– Мынау, мысалы, Алтынзер АШЫҚБАЕВАНЫҢ «О-ДА» («Опорно-двигательный аппарат» - «Тірек-қимыл аппараты») деп аталатын жұмысы. Мұнда билік вертикалы көрсетілген, оның ең жоғарғы жағында экзотикалық жемістері бар үлкен тарелка тұр. Бұл элитаның аллегориясы, ал төменгі жағына қарай ыдыс кішірейеді. Бұл елімізде игіліктердің қалай бөлінетінін білдіреді, көбіне халыққа кішкене тарелкадағы үгінділер ғана қалады.
Дәл қарсысынан Рашид НҰРЕКЕЕВТІҢ Donkey milk («Есек сүті») деп аталатын еңбегін көреміз. Бұл бір кездері далада дала демократиясы болғанын, оның ақыр аяғында билеуші саяси жүйемен шайқаста жеңіліп қалғанын меңзейді. Бірақ, сонымен қатар, суретші бізге әлеуметтік желілерде тең дәрежеде сөйлесе алатын деңгейлес жүйенің бар екенін көрсетеді. Айта кетейік, бұл инсталляция біздің орталықта алғаш рет ұсынылып отыр, бұған дейін ол еш жерде қойылмаған.
Сабина ӘБДІМӘЛІК «Балалық шақтың дәмі» атты туындысын ұсынды. Өзі айтқандай, оның туындыларында ауыл мәдениеті көрініс береді.
– Ауылдардағы тамақ әдетте шай, май, қант, қаймақ, вермишель, сорпа. Ет тағамдары тек қонақтарға беріледі. Бұл мен үшін өте қызық, өзім ауылда өстім. Қазір барсам ештеңе өзгермеген, тамақ бұрынғыша, мәзірден өзгеріс көрмедім, – деп жымияды Сабина. – Осының барлығын түсіру арқылы қала жастарына нағыз дастарханның маңыздылығын көрсетіп, үлкендерді балалық шаққа жетелеймін.
– Көрмеге 11 суретшінің 20 жұмысы қойылған. Сонымен қатар, көрме аясында суретшілер келіп, әлсін әлі Work shop-тар, шеберлік сабақтарын және т.б. өткізіп тұрады. Өйткені көрме жобасы әрқашан білім беру бағдарламасымен бірге жүруі тиіс, бұл біз үшін өте маңызды, - дейді YEMAA орталығының директоры және тең құрылтайшысы Мәлика ОРАЗҒАЛИЕВА.
Көрме екі айға жалғасады.
Елена СҮНДЕТОВА
Суреттерді түсірген автор