22 ақпанда Атырауда жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия СҮЛЕЙМЕНОВА жергілікті журналистер үшін баспасөз жиынын өткізді.
«АЖ» сауалы:
- Атырауға қоршаған ортаны, табиғатты қорғау шараларына, атап айтқанда, Атырауда көгалдандыру жұмыстарына қанша қаржы бөлінді?
- Қазіргі таңда Атырау ауасы қатты ластанған қалалардың бірі. Бұл факт. Ауаны ластау көздері әртүрлі. Бір жағында АМӨЗ, үлкен кәсіпорындар бар, екінші жағында канализациялық тазарту қондырғылары (КОС) және оларға қарасты "Сасықсай", Квадрат булану алаңдарынан күкірт сутек шығарындысы болып тұрады. Кәсіпорындарға келер болсақ, қазір шығарындылар лимиттерін нақты шығарынды деңгейіне жеткізіп, қысқартуға жұмыстанып жатырмыз. ҚР Экология кодексінде 2025 жылдан бастап бірінші санаттағы кәсіпорындардың 50-і ең үздік қолжетімді технологияға көшеді деген бап бар. Жұмысты бастады олар. Біз ол технологиялардың қандай болатыны жайлы анықтамалық дайындап жатырмыз. Ал, "Сасықсай", Квадрат булану алаңдарының рекультивациясына мемлекеттен қаражат бөлінген. "Сасықсайдың" әкімдікке қарасты бөлігі биыл аяқталады. Ал АМӨЗ-ге қарайтын бөлігінің жартысы аяқталып тұр. Олар ағынды суды қайта пайдалану немесе тазартуға қатысты техникалық шешімді жүзеге асырған соң рекультивациясын жасайды. Квадратқа былтыр және биыл ақша бөлінді. Екеуінің рекультивациясы біткен соң, осы объектілерден келетін антропогендік ықпал азаяды, ауаның тазаруына жақсы септігін тигізеді деген ойдамыз. Қоршаған ортаны қорғауға, көгалдандыруға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Нақты қаражатын әкімдік нақтылап береді деп ойлаймын. Бізде эмиссиядан түсетін ақша бар. Олар тек қана қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына жұмсалады. Бізде қолда бар ақпаратқа сәйкес, Атырау облысында эмииссияларға төленетін ақшаның жалпы сомасы жылына шамамен 19 млрд теңгеге жетеді. Жүз пайызы сол мақсатқа жұмсалуы тиіс.
Министрдің айтуынша, өңірді экологиялық қауіпті аймақ немесе экологиялық төтенше жағдайдағы аймақ деп жариялау үшін экологиялық зиянның адамдарға тигізіп жатқан салдарына экологиялық-медициналық кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Осыдан кейін ғылым министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігінің салалық қорытындысы шығуы керек. Бұл бастаманы жергілікті атқарушы органдардың көтеруге толық құқы барын айтады.
Ал «Жайық өзеніне қатысты мәселенің шешімі қалай болады?» деген сұраққа министр РФ мен еліміздің арасында суды сақтау, бөлу, жіберу режимі мен өзеннің экожүйесін сақтауға қатысты екі комиссия жұмыс істеп жатқанын сөз етті. Министр сонымен қатар, университеттермен, яғни, академиялық қоғаммен бірге арнайы техникалық тапсырма дайындап, ғылым министрлігіне жібергенін алға тартты.
- Министрліктен қолдау табады деп үміттенеміз. Ақтөбе, БҚО және Атырау су бассейнін ескеріп, суды сақтау, бөгеттер құрылысын қадағалау сияқты мәселелерді азаматтық қоғаммен талқыладық. Атырау белсенділері қосыламыз десе, талқылауға есік ашық.
Айнұр САПАРОВА