Атырау, 23 желтоқсан 11:12
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Бақытгүл Хаменованың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады

1 367 просмотра

Бүгін, 21 ақпанда Атырау облыстық сотының сот алқасы Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, экс-депутат Бақытгүл Хаменоваға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ал сотталған облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев пен «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовтың жазасы жеңілдетілді.

Еске салсақ, былтыр 15 қарашада №2 қалалық сот Б.Хаменова мен А.Рысқалиевты 7 жылға, Ө.Адамовты 4 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Хаменова мен Рысқалиев Абай ескерткішін орнату үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды, ал Адамов осы параны берді деп айыпталған. Сотталушының кәмелетке толмаған екі баласы болуына байланысты мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, жазаны орындау 3 жылға кейінге қалдырылды. Сонымен қатар, сот мемлекет басшысына оны «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді. Оның тергеу изоляторында өткізген 11 айының бір күні бір жарым тәулік ретінде есептеледі.

Сот 2021 жылдың 3 қарашасында Атырау қалалық мәдениет бөлімі мен ЖШС арасында мүсін сатып алуға 145 миллион теңгеге келісімшарт жасалғанын анықтады. 2021 жылдың 4 қарашасы мен 11 қарашасы аралығында тапсырыс беруші ЖШС шотына 72 млн 500 мың теңге мөлшерінде шарт сомасының жартысын бөліп-бөліп аударған.

Үкім мәтінінен белгілі болғандай, Хаменова облыс әкімінің орынбасары қызметінде мәдениет басқармасының басшысы Рысқалиевқа ЖШС директоры Адамовтан 5 миллион теңге көлемінде пара талап етуді тапсырған. Адамов пен Рысқалиевты 4 миллион 500 мың теңге көлемінде пара беру кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер ұстады. Кейін Рысқалиев сотқа дейінгі тергеу органдарымен өз еркімен ынтымақтасуға ниет білдірді.

Келесі күні Рысқалиев алған параны Хаменоваға апарып берген. «Аталмыш мән-жайлар мен сотталушылардың кінәсі сотталушылар Рысқалиев пен Адамовтың тергеу барысында берген мойындау жауаптарымен, куәгерлердің айғақтарымен, тінту хаттамаларымен, сотталушылардың пара беру кезіндегі әңгімесінің бейнежазбаларымен, арнайы жедел-іздестіру шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері қорытындысымен, сараптамалар қорытындыларымен расталады», - деп түйіндеді сот.

Былтыр желтоқсан айында үш сотталушы да сот үкіміне шағым түсірген. Апелляциялық сот кеше, 20 ақпанда қарауды бастап, бүгін өз шешімін жариялады:

- Апелляциялық сот қаулысымен Хаменованың жазасы өзгеріссіз қалды, ал Рысқалиев жауапкершілікті айтарлықтай жеңілдететін ерекше мән-жайларды ескере отырып, тағайындалған жаза 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына қысқартылды. Қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға үлес қосқаны, қылмыстық құқық бұзушылыққа басқа да сыбайластарын әшкерелегені және асырауында төрт кішкентай баласы бар екені ескерілді.

Сотталған Адамовқа қатысты жаза 1 жыл 6 айға дейін қысқартылды. Сот оның егде тартқан жасын (65 жас) және асырауында бала кезінен мүгедек кәмелетке толған 2 баласы мен кәмелетке толмаған 7 немересі бар екенін ескерді.

Сот алқасының төрайымы Тәтті УӘЛИЕВА шешімді жариялағаннан кейін Хаменоваға қатысты үкімді өзгертуге немесе жоюға негіз болмағандықтан, үкімнің өзгеріссіз қалғанын түсіндірді.

- Апелляциялық сатыдағы сот барысында зерттелген дәлелдемелермен А.Рысқалиевтың Б.Хаменованың қарамағындағы қызметкері бола отырып, оның тапсырмасымен пара алуға ықпал еткені анықталды. Бұл ретте оның тарапынан әрекет етіп, пара алуға жағдай жасаған: Ө.Адамовпен тығыз байланыста болып, ескерткішті орнатуға қаражат бөлу тұрғысында қалалық мәдениет бөлімінің басшысымен және есепшісімен келіссөз жүргізген, келісімшарт жасау процесін жеделдетуге, ескерткішті орнатуға бюджет қаражатын алуға, сондай-ақ бөлінген қаражатты ЖШС шотына аудару бойынша шаралар қабылдаған. 4 млн 500 мың теңге мөлшеріндегі пара сомасы Б.Хаменоваға арналған, оның аталған сомадан үлес алатыны айтылмаған. Осыған орай, А.Рысқалиевтің әрекеті пара алуға көмектесу ретінде ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағынан ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігіне, 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына өзгертілді, - деді Уәлиева.

Соттан кейін Хаменова шешімге шағымданатынын және соңына дейін баратынын айтты:

– Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіремін. Олар бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырады деп үміттенемін. Өңірдегі құқық қорғау органдарына сенің ақиқатыңның құны көк тиын, оларға сенімім жоқ. Адамның әділетсіз сотынан құтылғанмен, Алланың сотынан ешкім де құтылмайды. Мен соңына дейін күресемін», - деп түйіндеді сөзін Хаменова.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

21 ақпан 2023, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.