«... Ол бізді сапқа тұрғызып, әрқайсысымыздың қолымызға шүберек таратып берді. Бірнеше минуттан кейін екі шелек су алып келді де, оны кеменің палубасындағыдай еденге шашып жіберіп, «Жуыңдар!» деді. Келесі дене шынықтыру сабағында Суворов училищесінің кадеттері секілді бәрі, тіпті нағыз сотқарлардың өзі сапта жіптіктей боп тұрды. Бұдан соң жас ұстазға ешқандай мазақ та, мысқыл да айтылған емес. Содан бері ешкімнің сабақтан қалып қойғаны немесе формасын ұмытып кеткені есімде жоқ...»
Осы естелікті бөліскен Саябек қазір Химпоселкеде өскен бала емес, елге сыйлы адам, кәсіпкер, отағасы:
- Ол кезде, 80-жылдардың басында біз беделіміз, мақсатымыз жоқ, зона түсінігімен өскен нағыз бұзақы едік. Ол кезде 7-мектепте Химпоселкенің ғана емес, Қара депоның да балалары оқитын. Жігіттердің жартысы орта мектептен кейін түрмеге түсті. Кезінде ол нашар жерлердің бірі еді: жанында «бас бостандығын шектеу» жазасын алған қылмыскерлер тұратын жатақхана болды...
Ол М.Әуезов атындағы №7 мектептің бірнеше түлегімен бірге өздері тәлім алған дене шынықтыру пәні мұғалімі туралы жазуды өтініп, «АЖ»-ға хабарласқан еді. Олар кезінде өз өміріне дұрыс бағыт берген осы тұлға туралы халық білгені дұрыс деп есептейді.
– Егер Анатолий Максимович болмағанда, кім болатынымызды құдай білсін. Мектебімізге жас, ұзын бойлы, арықша келген, жанары өткір дене шынықтыру пәнінің мұғалімі келген кезде біздің күнделікті мақсатсыз өміріміздің мәні кіре бастады. Ол бізді ең алдымен тәртіпке баулыды. Өзінің жеке уақытын бөліп, біздің спортқа деген сүйіспеншілігімізді оятып, волейбол секциясын ашып, үлкенді құрметтеуді үйреткен тәлімгеріміз болды. Оның табандылығының арқасында мектебіміз спорттық құрал-жабдықтармен, кілемшелермен, доптармен қамтамасыз етіліп, жеңімпаздар кубогына толды. Кейіннен сыныптағы барлық ұл дене шынықтыру мұғалімі мамандығын армандап, көпшілігі сол армандарына жетті.
«БІЗДІҢ ХОХОЛДАР»
Лысяк Анатолий Максимович Днепропетровск дене шынықтыру техникумын және Черкасск педагогикалық институтын бітірген. Кейін жолдамамен Гурьевке жіберілді. 1972-88 жылдары №7 мектепте дене шынықтыру мұғалімі, 1988 жылдан №19 мектепте дене шынықтыру мұғалімі болды. 1998 жылдан бері баскетбол жаттықтырушысы.
- Бұл 69 жылдың тамызы болатын. Бірге оқыған досым Петр Руденко екеуміз мұнда сол кезде аптасына екі рет ұшатын шағын ұшақпен ұшып келдік. Менің Отаным – егістіктері жайқалған, орман-көлдері бар құнарлы өлке – Донецк облысының Красноармейск ауылы болатын. Гурьев қаласы оған қарама-қайшы болатын: тымырсық, жасыл желектен дым жоқ, масалары ашкөз... құрыған жер еді, - деп есіне алады Анатолий Максимович.
Сол кезде Жұмазия ҚАРАТАСОВА директор болған Химпосёлкедегі мектепте жас мұғалімдер сабақ бере бастайды.
– Бұрын «қазақтың қонақжайлығы» туралы естуші едім. Бір ғажабы, бізді, мүлдем бейтаныс жандарды, ұзақ уақыттан кейін оралған ұлдары секілді қабылдады. Бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін мен Гурьевті құрыған жер деп ойлауды қойдым. Бұл қала менің туған өлкемдей болды. Оның бір қарағанда қатал, бірақ шыншыл, ақжарқын адамдары достарыма айналды. Сол кездегі азғана өмірімде ешқашан мұндай жанашыр адамдарды кездестірмедім. Бүкіл ұстаздар қауымы Жұмазия Дәулетқызын пір тұтатын. Ол өз ісін соншалықты жақсы көрді, үйретті, тәлім берді, бізді жақсы көрді. Директорды мен, бәріміз көп ұзамай мама деп атай бастадық.
Әскерге шақырту қағазы тіке мектепке келді. Жұмазия Дәулетқызы жігіттерді алып қалу үшін бәрін жасады, бірақ олардың өздері қызмет ету керек деп ұйғарды.
– Бізді бүкіл мектеп шығарып салды. Осы жерден бірден Қиыр Шығысқа әскерге аттандым. Әскерден кейін үйіме оралып, сол жақта тұрақтап, өмір сүруге болатын еді... Бірақ Гурьев ойымнан кетпей қойды. Үнемі түсіме енеді, үйге шақырады. Ал мен шпаналарымды... олар менсіз есейді, олар ақымақтық жасап жүрген жоқ па екен, жамандықтан кім қорғайды, жақсы нәрсеге кім үйретеді деп уайымдаумен болдым.
Әрине, мен әскерден оралып, анама Гурьевке оралатынымды айтқанда, ол қарсы болды. Бірақ не істейін, магнит сияқты тартып тұрды. Петрді де қайтып келуге көндірдім. №7 мектепке жұмысқа сұранып, қалалық білім бөліміне барғанымызда, ол жердегілер: «О! Біздің хохолдарымыз қайтып оралды!» деп қуанды.
«ОҚЫ НЕМЕСЕ ТАБАНЫҢДЫ ЖАЛТЫРАТ»
«Мен Анатолий Максимовичке практикант-студент болып келдім. Кейде практикаға байланысты мәселенің қалай шешілетінін өзіңіз түсінесіз... Оған қажет жерге қол қойсын деп, ақша қыстырдым. Ол маған жалт қарады да: «Сен бала оқып, жаттық, әйтпесе табаныңды жалтырат», - деді. Менің бұл мамандықта қалам деген жоспарымда жоқ еді, диплом алған соң, басқа нәрсемен айналысар едім ... Оқуыма тура келді, өкінген жоқпын. Ол мені мамандығымды сүюді үйретті, қазір жаттықтырушымын», – деп еске алады оның бұрынғы студент-практиканттарының бірі.
– Мектебіме оралған кезде ол жерде директор басқа адам болды. Маған Жұмазия Дәулетқызының кеткенін айтты. Көңіл-күйім түсіп кетті, әрине... Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Оның үстіне, мен кеткеннен кейін дене шынықтыру сабағы қалай-солай өте бастағандай болды. Бәрін қайтадан өз қолыма алуға тура келді.
Бұл жас жігіт, билік басындағыларды мезі етті: ол мектепке спорттық жабдықтар керек деп сұрамады, талап етті. Олар, әрине, талабын орындады. Волейбол секциясы қайта жанданды, Қара депо мен Химпоселкенің балақайлары мұғалімге тартылды, ал жергілікті тұрғындар мен көршілері бұзақылық басылды деп жандары жай тапты.
– 1988 жылдың қысында Жұмазия Дәулетқызын тағы кездестірдім. Ол №19 мектептің директоры еді... Ол мектептегі спорт залы сондай аянышты күйде еді: терезелерінің әйнегі сынған, өте суық болатын. Мұнда балалардың қалай жаттығатынын түсінбедім, тіпті спорт залының кіреберісіне төселген еден шүберегін қырау басқан. Едендері майысқан, қабырғаның сылақтары түскен, бүкіл залда екі лампа ғана болды. Дене шынықтыру пәнінің екі мұғалімі спорт залының тар бөлмесінде масаң күйде отырды. Тәлімгерім, жақсы досым, мені анамдай аялаған Жұмазия Дәулетқызы қатты ашынды. Келесі күні дене шынықтыру мұғалімдері өз еркімен арыз жазып жұмыстан кетті. Содан бері мен осындамын.
«Ол 10 жасар балаларды жаттығуға бару үшін таңғы 6-да тұруға мәжбүр етті. Биліктен олардың толыққанды жаттығуы үшін спорт залын жабдықтауды талап етті. Облыс әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев қалалық білім бөлімін басқарған кезінде сағат 7-де оқу-жаттығулары өткізіле ме деп, үш рет тексерді. Жаттығулардың өтіп жатқанына, барлық баланың, ұлдардың оған қуана баратынына көзі жетті. Осыдан кейін 19-шы мектептің спорт залы Лысяк сұрағанның бәрін алды».
Үзіліс кезінде Анатолий Максимович кең, жарық залды көрсетті. Таза, жаңа боялған еден таңертеңгі күн сәулесі түсіп, жалтырап жатыр. Аппақ ыстық радиаторлар, төрт қабырғада спортшылар бейнеленген, баскетбол шеңберлері көп. Ол бірнеше допты қолына алып: «Қандай ғажап?! Molten FIBA BG4500!» деп, шаттана сөйледі.
Білетіндер жоғары сапалы бұл доптың кәсіби деңгейдегі жарыстарға арналғанын, өз сериясындағы соңғы шығарылым екенін біледі. Осы доптардың бәрінің иесі – дене шынықтыру пәнінің оқытушысы. Бірақ оларды оқушылар пайдаланады.
- Балалар кәсіпқойлар ойнайтын доппен ойнауды үйренуі керек... - дейді ол.
2002 жылдан бері Анатолий Максимовичтің 15-тен көп шәкірті түрлі жастағы балалар арасында баскетболдан Қазақстан чемпионы атанды. Оның шәкірттері ҚР жастар құрамасының мүшелері. Лысяктың шәкірттері Қазақстан чемпионаты мен Польшада, Балтық жағалауында, Қазақстанда өткен Еуролига чемпионатына қатысып, барлық жерде жүлделі орындарға ие болды. Бір қуанарлығы, 19-шы мектеп басшылығы қарсы емес, тіпті қолдап отыр.
– Қазір 69 жастамын, мұнда күніне бірнеше ғана сабағым бар, негізінен дене шынықтырудан жас мұғалімдер сабақ береді. Бірақ мынаны айтқым келді. Қарттықты сезбеймін, өзімді тың, сергек сезінемін, өйткені өмірден, жұмысымнан, шәкірттерімнен ләззат алдым. Бұл жерде балалар дене шынықтыру сабағын жақсы көреді, солай болуы да керек.
...Гурьевте, қазіргі Атырауда отбасын құрдым, немерелерім бар. Ұлым баскетбол командасының бапкері болғысы келгенде, оған көмектесуді ұйғарып, волейболшыдан баскетболшыға қайта даярландым. 20 жылдан бері «Атырау барыстары» командасының жас әрі кемел жұлдыздарын тәрбиелеп келемін. Ұлым Александр «Барыстардың» қазіргі жаттықтырушысы. Осы жерде жақсы өмір сүрдім, бұл қаланы өз жерімдей жақсы көремін.
1984 жылы А.Лысяк Қазақ КСРО сыйлығын, өткен жылы жоғары санатты жаттықтырушы атағын алды. Жеке папкада баскетболды дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР басшылығының мақтау қағаздары мен Алғыс хаттары, ҚР оқу-ағарту министрлігінің, Спорт министрлігінің және жергілікті атқарушы билігінің алғыс хаттары сақталған.
2018 жылы Лысяктың командасы EYBL (Еуропа жасөспірімдер баскетбол лигасы) күміс жүлдегері атанды. 2022 жылы «Атырау барыстары» клубы финалда елордалық «Астананы» ұтып, ҚР кубогының иегері атанды.
Мұғалім өз кабинетінде мектеп оқушылары жеңіп алған кубоктарды, грамоттарды, фотосуреттерді көрсетті. Арасында жоғары сынып оқушылары: «Ағай! Допты алуға бола ма?» деп, әңгімемізді бөліп жібереді. Мұндағы оқушылар үлкен үзілісте доптарды шеңбер ішіне лақтыруды ұнатады екен.
«АЖ» жарияланымдарынан
...Лысяк екі рет мектеп командасын Атырау қаласындағы мектеп лигасының алтын жүлде алуына даярлады. Сонымен қатар, оның өзі аты аңызға айналған ойыншы, ардагерлер арасында стритболдан қала чемпионы. Қазір Нұрсая ықшам ауданындағы президенттік мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. (Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясы филиалы директорының орынбасары Амантай ТОРҒАЕВ, 2014 ж.)
... «Атырау барыстары» БК баскетбол академиясының шәкірттер командасы Великий Новгородта 2003-04 жылғы ұлдар арасында өткен халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алды. Бапкер Александр Лысяктың айтуынша, оның шәкірттері тамаша өнер көрсетіп, барлық кездесуде үлкен ұпай айырмашылығымен жеңіске жетті. (2015 жыл)
...Қазір «Атырау барыстары» баскетбол академиясының шәкірттері командаларының біріншілігі өтіп жатыр - барлығы 24 команда. Әзірге №19 мектеп бірінші орында. (Облыстық баскетбол федерациясындағы үш лиганың кураторы Еркін ТӨЛЕГЕНОВ, 2017 ж.)
Бапкер Лысяктың шәкірттерінің жеңісі паш етілген мұндай жарияланымдар өте көп...
Баскетболшыларда мынадай дәстүр бар: финалдық матчтың жеңімпазы жүлде ретінде жеңілген команданың себетінің нейлон торын кесіп алады екен. Анатолий Максимовичте жиналған торды Атыраудың бір ықшамауданы жамыла алады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттерді түсірген автор