Атырау, 20 желтоқсан 23:25
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

ҚМГ мен Лукойл - Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындары бойынша тең құқылы акционерлер

1 365 просмотра

«ҚазМұнайГаз» мен ресейлік «Лукойл» Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындарын игеру жобасындағы үлестерді (әрқайсысы 50 пайыздан) теңдей бөліседі.

Жыл басында қосымша инвестиция тарту мақсатында күрделі жобалар бойынша жаңа тетік – Жетілдірілген үлгілік келісімшарт (ЖҮК) енгізуді көздейтін заң күшіне енді. Ал 6 ақпанда «Қазмұнайгаз» мен «Лукойл» көмірсутек шикізатын өндіру бойынша осындай алғашқы келісімшартқа қол қойды.

Жобаны іске асыру $32 млн көлемінде «жазылым бонусын» төлеуді, 6 млрд доллардан астам сомаға тікелей инвестиция тартуды және бастапқы кезеңде 2000-ға жуық жұмыс орнын құруды көздейді.

Бұл кен орындарын игеру үшін ҚМГ жанынан жеке кәсіпорын – «Kalamkas-KhazarOperating» ЖШС құрылды. ҚМГ Басқармасының 6 ақпандағы шешімімен белгілі мұнайшы Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ оның бас директоры болып тағайындалды. Ол бұған дейін бірнеше күн бұрын Ақтаудағы ҚМГ өкілдігінің директоры қызметіне кіріскен болатын. Енді ол екі кәсіпорынды қатар басқаратын болады. Бұл Каспий теңізінің қазақстандық қайраңын игерудегі, сондай-ақ жалпы ҚР мұнай-газ саласындағы соңғы жылдардағы ең ірі жоба екенін атап өткен жөн.

Ал 9 ақпанда Астанада ҚМГ мен «Лукойл» жоба бойынша бірқатар келісімдерге – Қатысушылар келісіміне, «Kalamkas-KhazarOperating» ЖШС жарғылық капиталындағы 50% қатысу үлесін сату-сатып алу келісіміне және оператор қызметіне қатысушылардың қаржыландыру шарттары туралы келісіміне қол қойды.

Осылайша, «Лукойл» Каспий қайраңындағы осы жер қойнауын игеруде ҚМГ-ның стратегиялық серіктесіне айналды.

Учаскедегі жобалық өндіру деңгейі әзірге анықталған жоқ. Өндірілетін шикізат экспортқа, сондай-ақ Қазақстанның ішкі нарығына жіберіледі. ҚМГ учаскені негізінен қазақстандық компанияларды, верфьтер мен алаңдарды тарту арқылы жайластыруды жоспарлап отырғанын айтты.

Еске салсақ, Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындарын игеру туралы алдын ала келісімге сонау 2021 және 2022 жылдары қол қойылған болатын. Алғашқы екі кен орнының жалпы қоры 67 миллион тонна мұнай мен 9 миллиард текше метр газ, Әуезов – 10 млн тонна мұнай және 3 млрд текше метр газ деп бағаланды.

«Лукойл» ҚМГ-мен бірнеше бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. 2019 жылы ол 50 пайыздық үлесті алып, «Жеңіс» блогында шикізатты игеру және өндіру келісімшартын жасады; 2021 жылдың жазында «Әл-Фараби» жобасындағы 49,99% үлесті сатып алу туралы келісімге қол қойылды.

2021 жылдың қыркүйегінде президент Тоқаев кен орнын ресейлік компаниямен бірлесіп игеруді бастағанын жариялады, сол кезде ол жобаның жалпы құны шамамен 5 миллиард доллар болатынын мәлімдеді.

Қаламқас-теңіз - Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнымен бір келісімшарттық аумаққа кіретін ірі теңіз кен орны болып табылады. 2019 жылы Қашағанды игеріп жатқан NCOC консорциумы Қаламқас-теңіз кен орнын игеруден бас тартты.

Хазар «Жемчужина» жобасының келісімшарттық аймағына кіреді. Бұл мұнай кен орнын Shell концерні игерді, бірақ ол 2019 жылы жобадан шықты.

Дайындаған Нұргүл БЕКБОЛАТҚЫЗЫ

11 ақпан 2023, 13:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.