Атырау, 28 қараша 14:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қаңтар, автогаз және Қашаған ГӨЗ

Сурет
1 521 просмотра

«GPC Investment» ЖШС атынан «QazaqGaz» ҰК» АҚ Мақат ауданында қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын Қашаған газ өңдеу зауытының бекітілген жобасын түзету үшін қоғамдық тыңдау өткізді. Кездесуде басқа мәселелермен қатар қоршаған ортаға ықтимал әсер ету мәселелері талқыланды.

Жобаның мақсаты – ілеспе газды өңдеу бойынша жаңа қуаттарды құру арқылы Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемін арттыру. Жобаның арқасында мұнай өндіру жылына 12 миллион тоннаға артады. Сонымен қатар, Қазақстан ішінде тұтыну үшін табиғи газдың көлемін ұлғайту, жоғары сапалы автогаз өндіру, жоғары білікті мамандарды даярлау жоспарлануда.

Айта кету керек, 2022 жылдың тамыз айында газ өңдеу зауытының жобасы QazaqGaz сенімді басқаруына берілді, жұмыс екінші жартыжылдықта басталды.

«GPC Investment» ЖШС инженер-экологы Әсел ТОҚАМБЕТОВАНЫҢ айтуынша, қазір құрылыс жұмыстары кезеңінде жобаға 1516 адам тартылса, пайдалану кезеңінде 715 болады. «GPC Investment» ЖШС директорының м.а. Жандос ЖЫЛҚАЙДАРОВ өз баяндамасында соңғы жылдары газдың химия саласының отын және шикізаты ретінде әлемде үлкен сұранысқа ие болғанын атап өтті.

– Өткен жылдың қаңтар оқиғасы көрсеткендей, еліміздегі газға деген сұраныс басты факторлардың бірі, бірқатар өңірлер оның тапшылығын сезінуде. Қазіргі уақытта Қазақстан - табиғи газдың бағасы ең төмен ел. Елімізде газды тұтыну жыл сайын артып келеді және 2030 жылға қарай тапшылық қаупі жылына 10 млрд текше метр деңгейінде болжануда. Шұғыл шаралар қабылданбаса, 2023 жылы газ экспорты тоқтап, тиімсіз бағаға байланысты ұлттық оператор тарапынан дефолт қаупі туындайды. Сондықтан жаңа газ өңдеу зауыттарын іске қосу еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз етеді, - деді Ж.Жылқайдаров.

СҚА АЙМАҚТАРЫ ТОҒЫСА МА ЖӘНЕ СУМЕН ҚАМТУ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ

Қоғам белсенділері қоршаған ортаға тигізетін зияны, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, Ескене ауылының тұрғындарын қоныстандыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, сондай-ақ суды пайдалану туралы сұрақтар қойды.

«Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығы» ҚБ жетекшісі Галина ЧЕРНОВА зауыттың санитариялық-қорғау аймағы жақын орналасқандықтан, Ескене ауылының тұрғындарын көшіру туралы сұрақ қойды.

– Сіздің жобада Ескене ауылы көшірілді делінген, бірақ олай емес. Дегенмен ол өте жақын, сіздің санитариялық қорғау аймағыңыздан (СҚА) шамамен 4,6 шақырым жерде орналасқан. Сондай-ақ сіздің СҚА «Болашақ» зауытымен қабаттасады деп күдіктенемін, олар да атмосфераны ластайды және сіздің екі зауыттың да осы аумақтағы экологиялық әсері қалай күшейетіні туралы есептеріңіз жоқ. Мұның да есебін жасау керек. Сіз бастапқыда фондық концентрацияларды алмағаныңызды, бұл аймақта фондық концентрациялар бойынша зерттеулер жүргізілмегенін айтасыз. Бірақ соған қарамастан атмосфералық ауаның жағдайын зерттеу орталығының зертханасын шақырдыңыз, олар өлшем жүргізді. Бұл өлшемдерді есептеу үшін негіз ретінде пайдалануға болады. Неліктен адамдарды қайтадан зиянды әсерге ұшыратпақсыздар? – деп эмоциямен аяқтады сөзін Г.Чернова.

«Audit Ecology» ЖШС-нің инженер-экологы Ғани АЛМАНИЯЗОВ Ескене ауылын көшіру үшін орналасу ауданы туралы жалпы ақпарат алынғанын айтты:

– Қате түзетілді, мәтін өңделді. ГӨЗ мен «Болашақ» зауытының арасы 12,5 шақырым. «Болашақ» зауытындағы СҚА 7 мың метр, салынып жатқан газ өңдеу зауытында – 3 мың 300. СҚА бір-бірімен қабаттаспайды, сондықтан факторлардың жиынтығы бойынша тарату есебін жүргізудің қажеті жоқ. Тарату есебі фондық концентрациялар есепке алынбай жүргізілді. Өйткені «Қазгидромет» РМК-нің бақылау бекеттерінің жоқтығы туралы анықтамасы бар. «Атмосфералық ауаны қорғау орталығының» зертханасы атмосфералық ауаның жай-күйімен танысу мақсатында ГӨЗ өндірістік алаңының аумағында бір реттік сынама алуды жүргізді. Дегенмен, оларды фондық концентрацияларды бағалау ретінде пайдалану мүмкін емес. Тоқсандық өлшемдерді жүзеге асыра отырып, өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда, оның негізінде өлшеу нәтижелерін фон ретінде пайдалану жоспарланған. Сондай-ақ, СҚА шекарасына кент және «Болашақ» зауыты жағынан тұрақты бақылау үшін АСМ бекеттері орнатылады.

Содан кейін Г.Чернова су туралы сұрады:

– Екі су көзі болады дейсіз: зауытқа Астрахан-Маңғышлақ су құбырын пайдаланасыздар, ал ауыз судың екінші легін Атырау-Мақат су құбырынан аласыздар. Мақат пен ауданның 32 мың тұрғыны осы су құбырын пайдаланады. Суды өзіңізге бұру арқылы ауданды мүлдем сусыз қалдырмайсыздар ма? Өйткені бүгінде жаз мезгілінде су үшінші қабатқа көтерілмейді. Жалпы сумен қамтамасыз ету қалай болады? Алдында 19 литрлік ыдыстағы суды әкелеміз дедіңіздер, бірақ ол қымбат. Мақат пен Доссор тұрғындарын жағдай күтіп тұр және сіздің зауытқа тартылмайтын халықты сумен қалай қамтамасыз етуді жоспарлап отырсыздар?

«GPC Investment» ЖШС инженер-экологы Әсел Тоқамбетова:

– Пайдалану кезеңінде суды қайта пайдалану қарастырылған. Бізде тазарту қондырғысы бар, шаруашылық-тұрмыстық және өндірістік ағынды сулар тазартылады. Қайта пайдалану пайызы 65% құрайды. Сондай-ақ жаңбыр суын жинап, тазарту да жоспарда бар.

«ЕҢ АЛДЫМЕН – МАҚАТТЫҚТАР МЕН ДОССОРЛЫҚТАР»

«Ақиқат» ҚБ төрағасы Ғазиз ҒАБДУЛЛИН халықты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты сауал қойды. Бұған жауап ретінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Атырау» МГБ директоры Марат ЕЩАНОВ 2022 жылдың маусым айында инвесторлар ауысып, «GPC Investment» ЖШС акцияларының 100%-ы «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ға өткенін айтты.

– Бұл стратегиялық нысан жүйеге газды жібермекші. Суық түскенде газ тапшылығы болды. Сонда әкімдік алдымен халыққа беру керек, қалғаны күте тұрсын деді. «KUS» ЖШС газдың арқасында 300 мегаватт электр қуатын өндіреді. Қазір бізге газды өңдеу өте маңызды. Жоба біздің жүйеге 720 миллион текше метрді жеткізеді – мұндай көлеммен аязды қыста газсыз қалудан қорықпаймыз. Дегенмен, «Qazaq Zher-Kyrylys» ЖШС құрылысты бастағанда, жұмысшылардың барлығы кетіп қалды, қазір ол жерде 65 адам қалды - бұл инженерлер, техниктер, күзетшілер, медиктер. Қазір QazaqGaz жұмысқа қабылдау мәселесін шешіп жатыр. Мұнда қосалқы мердігер компания «НГСК КазСтройСервис» АҚ мен әкімдік өкілдері отыр. Бұл мәселені осы жерде шешейік. ҚСС бірінші кезекте Мақат пен Доссор тұрғындарын жұмысқа орналастыруды қарастырсын. Олардың арасында қажетті мамандар жоқ болса, Атыраудан, одан кейін ғана басқа облыстардан алыңдар, – деді М.Ещанов.

Жандос Жылқайдаров онымен келісіп, қазір шетелден құрал-жабдықтарды қабылдап жатқанын, содан кейін кадрларды тарта бастайтынын айтты.

– Жобаны түзеткен соң, мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Наурыз-сәуір айларында мамандарды қабылдай бастаймыз. Әзірге рұқсат құжатынсыз ештеңе шешілмейді.

Атырау облыстық халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан ӘБІЛХАСИМОВТЫҢ айтуынша, күні кеше «Теңізшевройл» компаниясы облыс әкімімен 11 мамандық бойынша жылына 1000 адамды оқыту туралы келісімге келген. Құрылыс кезінде ТШО бетоншылардан бастауды, одан кейін құбыр монтаждаушыларға, металл конструкцияларды жөндеушілерге және бақылау-өлшеу аспаптары мамандарын оқытуды ұсынады.

– Бұл мамандықтардың барлығын тегін оқуға болады, мұнда оқу 3-4 айға созылады. Мақат ауданында мамандар табылмаса, Теңіз кенішінен қысқартылған жұмысшылардан қамтамасыз ете аламыз, – деді Е.Әбілхасымов. Оның айтуынша, өткен жылы Теңізден 17 мың адам шығарылса, биыл 31 мың адам шығару жоспарланып отыр.

Айнұр САПАРОВА

Облыстық экология департаментінің Facebook парақшасынан алынған сурет

7 ақпан 2023, 13:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.