Атырау, 11 желтоқсан 09:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

2022 жылдың қаңтары: Атырауда полиция қызметкерлерінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны туралы екі іс қайта ашылды

1 370 просмотра

3 ақпан күні Атырау қаласының №2 сотында “Дорожный контроль" ақпарат порталының тілшісі Олеся ВЕРТИНСКАЯ өзіне шабуыл жасап, "бұзақылық" бабы бойынша айыпталған 23 жастағы Әлібек Меллятовпен процессуалдық келісімге келмейтінін айтқан соң, сот ісін қарау қайта жалғасты. 

Бұған дейін Меллятов Вертинскаядан кешірім сұрап, адвокатымен бірге процессуалдық келісімге келуге өтініш білдірген болатын. Судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ тараптарға процессуалдық келісімге келуге 3 ақпанға дейін уақыт беретінін, егер келісімге келмесе, іс сол күні жалғасатынын айтқан еді. 

Вертинскаяға алған дене жарақаты бойынша тергеу барысында үш рет сот-медициналық сараптама жүргізілген. Бірінші сараптама қорытындысы - “жеңіл”, екіншісі - “орташа”, үшінші сараптама қайтадан “жеңіл дене жарақаты” деп көрсеткен. Судья төртінші рет тәуелсіз сараптама жасату үшін тағы бір төртінші сарапшыны жауаптауға шақырылады деп шешті. 

Олеся Вертинская өзіне жасалған қастандықты кәсіби қызметімен, әсіресе Қаңтар оқиғасымен байланыстырады. Ол былтыр ақпан айында полицейлер ұстағанын, оны тергеп, қоқан-лоқы көрсетіп, қол жұмсағанын айтқан. Сол кезде оның үстінен  ҚР ҚК-нің 488-бабы («Бейбіт жиынды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы ҚР заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Кейін «құқық бұзу құрамы болмағандықтан», іс тоқтатылған.

Бұдан соң Вертинская құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне арыз берген. Оның айтуынша, "Динамода" өзін бір қызметкер аяқпен тепкен, басынан ұрып, қылмыскер сияқты қабырғаға тақап, "сені атып тастау керек" деген. Вертинскаяның айтуынша, берген арызы бойынша іс видеожазба секілді дәлелдердің болмауына байланысты «азаптау» бабынан «қызмет өкілеттігін асыра пайдалану» бабымен қайта сараланған. Ал 30 желтоқсанда «қылмыс құрамының жоқтығына байланысты» істің тоқтатылғаны белгілі болды. Осыдан кейін Вертинская қолында полицейлер қоқан-лоқы көрсеткенін дәлелдейтін видеожазбасы барын айтып, облыс прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВТЫҢ қабылдауында болған. Жұмақанов бұл видеоны көрмегенін және істі қайта қарауға тапсырма бергенін айтқан.

1 ақпан күні Атырау облыстық прокуроры орынбасары Абзал ҒИЛЫМНЫҢ қолы қойылған жауапта "қызмет өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша істің негізсіз жабылғаны жазылған. Мұндай тұжырымға прокурор іс материалдарын зерттеу кезінде келген және істі жабу туралы қаулының жойылғанын хабарлаған. Бұл туралы Вертинскаяның өзі «АЖ» тілшісіне хабарлады. Бұдан бөлек, дәл осындай хатты оның әріптесі,  “Дорожный контроль" ақпарат порталының тілшісі Серік ҚОЖАНИЯЗОВ та алған. Былтыр 7 қаңтарда ол қалалық полиция басқармасында бала кезінен ІІ топ мүгедектігі бар ұлы (ол кезде жасы 17-де болған) Артур ҚОЖАНИЯЗОВТЫ полицейлер ұрып-соғып, тонағанын айтып, арыз жазған. Алайда, іс “қылмыс құрамы жоқ, күдіктілер анықталмады” деп жабылған. Бұл іс те басында “азаптау” бабымен қозғалып, кейін "қызмет өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша сараланған. 1 ақпан күні прокуратурадан істің қайта ашылғаны мәлім болды. С. Қожаниязов былтыр жыл басында “полицейлер ұлымды ұрып-соқты, тонады” деген арыздан бөлек, “басшылықтағы полицей пара сұрады” деп нақты қай лауазымдағы полицей екенін және аты-жөнін атап көрсеткен арыз бергенін, бұдан бөлек, сол жауапты қызметтегі “полицейдің ұлына күш көрсеткенін көре тұра еш әрекет етпеді” деген екі арызы бойынша істің қараусыз қалғанын айтады. Ол ұрып-соғу дерегі бойынша “қызмет өкілеттігін асыра пайдалану" ісінің де соңына жететініне күмәнмен қарайды.

Айнұр САПАРОВА

6 ақпан 2023, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.