Атырау, 23 қараша 02:10
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Хас шеберлер жасауы

9 284 просмотра

Театр фойесіне Маңғыстаудың көне және қазіргі дәуірдегі өнер туындылары қойылды: ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері, тұрмыстық заттар... Барлығы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан алынған.

Ең көне экспонат 18-ғасырда жасалған екен. Маған көрме бұйымдары ішіндегі ең көркем дүние жас келіннің, сенім бойынша тіл-көзден сақтайтын, күміс және ақықпен бай безендірілген мақпал сәукелесі, артында темір қаптамасы бар, теріден жасалған әйел кебісі болып көрінді. Бұларға қарап отырып, сол кездің тері илеушілері өз істеріне мығым болғанын байқаймыз: кебістер асқан шеберлікпен тігілген, жасалғанына біраз уақыт болса да, қазір де киюге жарайды, тіпті, қаңқиған тұмсығы мен тұтас жабылған алдыңғы бөлігі осы маусымда сәнге айналған лоферлерді еске түсіреді... Сән үлгілерінің кезеңдермен қайта оралуына тағы бір мысал.

Тұзбаспақ – тек маңғыс-таулықтар ғана қолданатын тұз салатын ерекше ыдыс. Музей қызметкерлері Қазақстанның түкпір-түкпіріне жасаған сапарларының ешбірінен мұндай жылқының бас терісінен жасаған месті көрмеген екен. Көшпелінің тұрмыс-тіршілігіндегі барлық бұйымдар сияқты, мұны көп жерде қолдануға болады. Өзінің тікелей қызметі – сақтаумен қатар, ол ауыр салмақтың да рөлін атқарған: жел күндері ауыр месті шаңырақтың ортасынан түсіп тұратын аспабауға байлап қоятын болған, ал ол киіз үйдің керегесін «ұстап» тұратын. 

Музей директоры әкелінген экспонаттар коллекциясының шамамен алғандағы құнын айтуға қиынсынды. Бұйымдардың әрқайсысы әр түрлі уақытта алынған және олар, ең алдымен, өзінің қайталанбас бірегейлігімен бағалы. Алайда Атырауға көрмемен бірге келген музейдің әріптес суретшілері тапсырыс берсеңіз, көне зергерлердің, сол сияқты осы заманның озық технологияларын пайдаланып, бұл заттардың көшірмесін жасап береді екен.

Зергер Сағидолла ОРАЗОВ бүгінгі күні ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарға деген қызығушылықтың артқанын айтады, оларды, тіпті, бұл бұйымдардың қымбат бағалары да тоқтатпайды екен. Ол жасаған ақықпен көмкерген екі үлкен білезік (шебердің айтуынша, білезіктерді тек жұп қылып тағу керек) 180 мың теңге тұрады. Көрмеге ол жасаған сәукеле де қойылыпты. Оны безендіруге кеткен күмістің салмағы шамамен 800 грамдай. Мұндай бас киімнің бағасы – 2-3 миллион теңге. Тапсырыстар бар. Оразовтың айтуынша, Маңғыстауда ұлттық рәсімдер мен оған қажетті бұйымдар жақсы бағаланады.

Шебер Ермұханбет ӘЛИЕВ (суретте) 23 жылдан бері ағашпен, таспен және сүйекпен жұмыс жасайды. Оның айтуынша, қазіргі кездегі шығып жатқан желімнің әр түрлілігіне қарамастан, бұрынғы ата-бабаларымыз дайындаған желімдерге ешқайсысы жете алмайды:

- Мен ағаштардың барлығына балық желімін сіңіртіп, осымен ғана желімдеймін, - дейді ол.

Көрме 6 сәуірге дейін жұмыс жасайды. 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттерді түсірген автор және Қанат ЕЛЕУОВ

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.