Алдағы жылдары 18 ауылдық елді мекенде жаңа медициналық нысан салынады. Бұл туралы брифингте Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВ мәлімдеді.
- Облыстағы адам санының артуына байланысты бүгінде өңірдің бірқатар ауданында медициналық нысандар салынуда. Сондай-ақ тозығы жеткен ұйымдарға жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Атап айтсам, фтизиопульмонология және облыстық перинаталдық орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атырау қаласындағы Береке ықшам ауданында дәрігерлік амбулатория және Жылыой ауданы, Құлсары қаласында аудандық аурухана салынуда. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары ауылдық елді-мекенді дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 18 ауылдық елді мекенде жаңа медициналық нысан салынады, - деді А.Байдуәлиев.
Атап айтқанда 2023 жылға Құрманғазы ауданында 4 медициналық пункт (Алтыншы, Шағырлы, Батырбек, Егін-Құдық ауылдары), Махамбет ауданы бойынша Талдыкөл ауылында 1 фельдшерлік-акушерлік пункт; 2024 жылға 13 медициналық нысан - Исатай ауданы бойынша Жасқайрат ауылында 1 медициналық пункт; Құрманғазы ауданында 4 медициналық пункт (Афанасьева, Азғыр, Қоңыр-Терек, Жалғыз-Апан), 5 фельдшерлік-акушерлік пункт (Жамбыл, Қызыл-оба, Кудряшова, Арна, Көптоғай), Қызылқоға ауданында 2 медициналық пункт (Жантерек, Жамансор), Индер ауданының Есбол селосында 1 дәрігерлік амбулатория құрылысы жоспарланып отыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті ӨКҚ жолдады