Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ мәлім етті. Бұдан бұрын Нұрсая ықшам ауданында халықтың көп шоғырлануына байланысты денсаулық сақтау басқармасы 250 орындық жаңа емхана салуға облыс әкімдігіне ұсыныс білдірген. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаты дайын.
- Құрылысты қаржыландыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бюджеттік өтінім жолдадық, - деді Н.Құсайынов. - Нысанда келушілерге арналған жалпы бөлме, дәрігерлік практика бөлімшесі, күндізгі стационар, оңалту, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі бар. Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшесі, зертхана, биохимиялық топ, функционалды, сәулелік диагностика, орталық зарарсыздандыру бөлмелері қаралған.
Медициналық нысанның жалпы ауданы 4709,77 шаршы метрді құрайды. Мердігер «Астана-Проджект» ЖШС, нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған сурет