Атырау, 15 қараша 08:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 493.85
€ 519.04
₽ 4.97

«Казэнерком» кімді алдады?

3 442 просмотра

Үлескерлер проблемасы қазір қаладағы «Гауһартас» тұрғын үй кешенінің тұрғындарының басында да бар. «Сарықамыс» елдімекенінің дәл артында орналасқан бұл тұрғын үй кешенінің құрылысы үлескерлердің қатысуымен салынған болатын. Кешенді тұрғызған алматылық компания - «Казэнерком» ЖШС.

АРМАН БОЛҒАН АМЕРИКАНДЫҚ ҚАЛАШЫҚ

Тұрғындар үлескерлер ретінде «Казэнерком» ЖШС-імен келісім-шартқа 2005 жылы отырған. Сол кезде Бектаев тұрғын үй кешенінің құрылысын 2006 жылы салуға міндеттенді. Осылайша жабық автотұрағы мен бейнебақылауы бар тұрақты күзеті болатын барлық жағдайы жасалған керемет тұрғын үй кешенін тұрғызамын деп жергілікті халықты әдемі жарнамасымен әбден қызықтырған Бектаев өз уәдесінде тұрмады.

- Американдық қалашықтан кем болмайтынына уәде берген Бектаев аулада бейнебақылау болады деп сендіріп еді. Оның бәрі ертегі болып шықты. Біреулер автотұрақ салдыру үшін 2000 доллар төлеп те қойыпты. Енді ол ақшаны да қайтармай отыр. Бейнебақылауыңыз деген не, тұрғын үй кешенінің жан-жағы толық қоршалады деген қаңылтыр шарбақтың өзі майысып сынып жатыр. Кей жері мүлде қоршалмаған, ашық тасталған, - дейді 120 пәтерлік «Гауһартас» тұрғын үй кешенінің тұрғындары Оңай САРИЕВА, Қапияш ӘМІРЕЕВА, Лена ПРОСТОВА, Ләззат ЖАЙЛАШОВА, Саржан ҚЫСТАУБАЕВА жәнеЛаура БЕИСОВА.   

Бүгінгі басты проблема - канализация жүйесі мен канализациялық сорғы станциясының жұмысы. Қазір тұрғын үй кешенінің ауласы, үй ішіндегі еден асты канализация суына лықылдап толып тұр. Тұрғындар аула ішіндегі мүңкіген иістен терезені аша алмай отырмыз деп қынжылады. Олардың сөзіне сүйенсек, бір канализация сорғысының бағасы 370 мың теңге тұрады. Халықтың бәрі бірдей оған ақша жинай беретін шамасы келмейді. Ал канализация сорғысының құдығындағы қалдықты сору үшін 15-20 машина керек.

- Біздер жинаған ақша сол машиналарға кетеді. Бір машина 3000, кейде 4000 теңге сұрайды. Кішкентай машина болса 2000 теңге алады. Құдықтағы лас су бір сорып алғаннан кейін қайта толады. Осындай проблема әр үйде бар. Унитаздан су кетпейді. Бетінде кілкіп тұрады. Қазіргі сорғының қуаты 100 үйге қызмет етуге жетпейді. «Атырау Су Арнасының» мамандары тұрғын үй кешеніне қарасты канализациялық сорғы станциясын тексере келе, оның фекалды су сорғыш емес екендігін анықтады, - дейді тұрғындар. Олардың айтуынша, мұндағы сорғының көлемі кәдімгі 15 кубтық су сорғысымен тең. Ал әдетте тұрғын үй кешеніне 80 кубтық сорғы қондырылуы тиісті екен. Лаура Беисова болса, сорғы алуға ақша жинамас бұрын кейбір үлескерлердің құрылысшы компанияға алдын-ала ақша төлерде, банктен 15-20 жылға қомақты несие алып, қазір ай сайын соны төлеуге жүгіріп жүргендер бар дейді.

- Әуелде сорғыны орналастырғанда да, тұрбаны орталық сорғы станциясына қоспаған. 500 метрдей жетпейді деп түсіндіріп отыр слесарь мамандары. Содан соң екеуара оны септик ұқсатып салған. Ал қуаты күшті сорғы қалдықты қалашықтан орталыққа қарай айдау керек. Қазір ішіп отырған суымыздан кейде мұрнымызға жағымсыз иіс келіп, кермек дәм шығады. Бұл толықтай антисанитария. Ауру болатын болдық. Осыны қарайтын ешкім жоқ, - дейді тұрғындар Қапияш Әміреева мен Оңай Сариева.

- Құрылыс қожайыны  Бектаев тұрғын үй кешенін қалалық әкімдікке ресми түрде тапсырмаған болып шықты. Біз оны «Атырау Су Арнасы» КМК-ның қызметіне жүгінуге тура келгенде ғана білдік, - дейді тұрғындар.

Ендеше нысан әкімдікке тапсырылмаған болса, тұрғындар онда қалай кіріп отыр? Және, 2008 жылғы ақпанның 11-і күнгі қала әкімінің орынбасары Әділбек Нұрлығожиев төрағалық еткен қабылдау комиссиясының нысанды пайдалануға беру туралы шешімнің қабылдау актісі сонда нені аңғартады (қабылдау актісінде бекітілген жобалық құжаттаманың сметалық құны – 1616249334 теңге деп көрсетілген)? Бұл комиссия құрамында да «Атырау су Арнасы» КМК-ның бұрынғы директоры Андрей Ташлыков болды емес пе? Біз осыны анықтамақ болып, қала әкімдігіне және «Атырау Су Арнасы» КМК-на хабарластық. «Атырау Су Арнасы» КМК-ның директоры Серік ЖҰМАШБАЕВ құрылыс жұмыстарын жүргізген «Казэнерком» ЖШС «Гаухартас» тұрғын үй  кешенінің канализациялық сорғы станциясы мен канализация желілерін қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің балансына бермегенін айта келе, «Атырау Су Арнасы» КМК-ның бұл нысанға қарасты канализация жүйелері мен канализациялық сорғы станциясына қызмет көрсетпейді, яғни, пайдаланылмайды, деп комментарий берді. Ал қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ тұрғындарға кондоминиум ұйымдастыру қажеттігін айтады. Демек, бұл жерде тұрғын үй кешенінің өз пәтер иелерінің кооперативі құрылып, ол тұрғындардың мәселесін шешуге кірісуі тиіс.

Тұрғындар осы уақытқа дейін қала әкімдігіне, прокуратураға, экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіне, саниэпидемстанцияға, «Нұр Отан» партиясына, қала әкімдігіне де арызданған. Алайда, олардан келер қайран жоқ. Барлығы да бір-біріне сілтеп, сотқа жүгінуге кеңес беріп келеді. Ал Бектаевты сотқа берейік десек, оның қайда екенін мүлдем білмейміз деп отыр «гауһартастықтар».

Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, билік ештеңе істей алмайды.

- Егер нысанды бізге тапсырған болса, сонда ғана бірдеңе істеуге болады. Былай қарағанда, бұл иесіз нысан ғой.

Тұрғындардың қолындағы №25 қабылдау актісімен танысқан заңгер Александр РОТЕНБЕРГ былай деді:

- Олардың қолында тұрғызылған нысанды ғана пайдалануға беру туралы қабылдау актісі бар. Алайда, мұнда нысанның қабылданған-қабылданбағандығы жазылмаған. Енді нысанды тұрақты пайдалануға беру туралы қабылдау актісі жасалуға тиіс. ҚР Азаматтық Кодексінің 32-тарауының (мердігерлік) 3-бөліміне қарасты (құрылыс мердiгерлiгiнiң ерекшелiктерi) 663-бабының (жұмыс нәтижелерін тапсыру және қабылдау) 4-ші тармағы бойынша мердігердің жұмыс нәтижелерін тапсыруы және тапсырысшының оны қабылдауы екі тарап, ал заң актілерінде көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері де қол қойған актімен ресімделеді. Аяғына дейін салынбаған, тапсырылмаған нысанға халықты қоныстандыруға болмайды. «Гауһартас» тұрғындарының проблемасын сот шешуі тиіс.

Бұдан кейін «Казэнерком» ЖШС-нің қаржылық менеджері қызметін атқарған Инабат ТҰРЫСБЕКОВАНЫҢ айтуынша, нысан екі кезеңмен тапсырылуы тиіс болатын. Сонымен бірге, ол жақында Бектаевқа шабуыл болғанын, яғни, біреу оқ атқанын айтады. Біз компанияның басшысы Еркін БЕКТАЕВТЫҢ ұялы байланыс телефонына хабарласқанымызда «АЖ» тілшісіне тұрғындардың өз қолдарына пәтердің және жердің құжатын алғанын және халықтың «Гауһартас» қалашығында екі жыл тұрып келе жатыр дегенді айтты. Ал қалған мәселелерді сәуір айының басында тұрғындарды жинап, жиналыс ашатынын жеткізді. Бұл жиналыста тұрғындардың арызы қаралып, талқыға түседі дейді ол. Алайда жыл сайынғы уәдеге тұрғындар тойып біткен. Олар бұл жолы да бірдеңе шығатынына сенбейді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

23 наурыз 2011, 17:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.