Атырау, 24 қараша 07:19
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау облысының бас санитары: «Коронавирус ешқайда кеткен жоқ. Арамызда жүр»

1 435 просмотра

Атырау облысында соңғы кездері коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны өскен. Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет ТАНАУОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

М.Танауов коронавирус инфекциясынан бөлек, өңірде жіті респираторлы вирустық инфекция мен тұмау ауруы да көп таралып отырғанын айтты. Былтыр дәл осы уақытта жіті респираторлы аурумен 1018 адам тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 2 есе өсіп отыр. Науқастың 1140-і ауруханаға жатқызылған. Оның ішінде 466 жүкті әйел, 1 жасқа дейінгі 277 бала бар.

- Қазан айынан бастап тұмау ауруына қарсы екпе салына бастады. Облыс бойынша 66 791 адам егілді. Облыста 1-8 желтоқсан аралығында коронавирус жұқтырған 38 адам тіркелді. Алдыңғы аптада 18 жағдай тіркелді. Өздеріңіз көріп отырғандай, облыста өсім бар, - деді М.Танауов.

Танауовтың сөзінше, өсімді тоқтату үшін қайтадан жаппай вакцинаға жүгіну керек, вакцина өңірде жеткілікті. Оның айтуынша, өңірде 365 760 адам вакцина алу керек болса, соның ішінде 276 439 немесе 75 пайызы алған. Содан бері алты ай өткен соң ревакцинация жүрген, енді тағы да вакцина алатын уақыт келді.

- Қарашаның соңында 4680 Pfizer дозасы келді. 2000-ға жуық адам егілді. Бәріңізді тағы да вакцина алуға шақырамын. Одан басқа тұмау инфекцияларына да қарсы екпе алуға шақырамын. Коронавирус инфекциясы ешқайда кеткен жоқ. Арамызда жүр, - деді Танауов.

Әлеуметтік желіде «студенттерді коронавирусты сылтауратып, 16 желтоқсанда митинг болады деген үреймен үйлерге ертерек қайтарғалы жатыр. Сессиялар офлайннан онлайнға көшірілді» деген ақпарат тарады. «АЖ» осы тақырыпта сұрақ қойған еді. Алайда брифинг модераторы біздің онлайн жолдаған сұрағымыздың митингіге қатысты тұсын алып тастап қойды. Танауов біздің «Әлеуметтік желіде кейбір өңірлерде студенттерді онлайн-режимге ауыстырып жатқан көрінеді. Бұған коронавирустың қатысы бар ма?» деген сұраққа «Атырауда мұндай мәлімет жоқ, дегенмен, аурудың өсімі байқалады, эпидахуалға байланысты қаулы шығуы мүмкін. Бірақ, қазір оған көрсеткіш жоқ» деп жауап берді.

Айнұр САПАРОВА

10 желтоқсан 2022, 22:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.