Атырау, 11 желтоқсан 06:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Бақытгүл Хаменова сот үкіміне шағым түсірді

1 762 просмотра

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА мен оның адвокаты Игорь ВРАНЧЕВ облыстық сотқа бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық шағым түсірді. Облыстық соттың баспасөз қызметі ақпаратты растады.

Ө.Адамов пен оның қорғаушысы К.Адамова да апелляциялық шағым түсірген. Бірақ іс әлі сотқа жеткен жоқ, себебі А.Рысқалиевтың адвокаты Н.Жолболов апелляциялық шағым түсіргенімен, Рысқалиевтың өзі әлі апелляциялық шағым түсірген жоқ. Апелляциялық шағым беру мерзімі сотталған адам тергеу изоляторында үкім мәтінін алған кезден бастап есептеледі.

Еске салсақ, 15 қарашада Атырау қалалық №2 соты облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВАҒА, мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ пен кәсіпкер Өміртай АДАМОВҚА қатысты үкім жариялады.

Б.Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты үкімнің орындалуы 3 жылға шегерілді. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұдан басқа, сот мемлекет басшысына оны «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді. Жазасын өтеу кезінде оның тергеу изоляторында отырған 11 айының әр тәулігі бір жарым тәулік деп есептелетін болады.

Сот үкімімен А.Рысқалиев 7 жылға, Ө.Адамов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот анықтағандай, 2021 жылдың 3 қарашасында Атырау қалалық мәдениет бөлімі мен ЖШС арасында мүсін сатып алуға 145 000 001 теңгеге келісім-шарт жасалған. 2021 жылдың 4 қарашасында және 2021 жылдың 11 қарашасында тапсырыс беруші ЖШС шотына 72 500 000 теңге сомасындағы келісімшарт сомасының жартысын аударған.

Үкім мәтініне сүйенсек, Хаменова облыс әкімінің орынбасары бола тұра мәдениет басқармасының басшысы Рысқалиевқа ЖШС директоры Адамовтан 5 000 000 теңге көлемінде пара талап етуге нұсқау берген, бұған соңғысы келіскен. Адамов Рысқалиевқа 4 500 000 теңге көлемінде пара берген кезде оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер ұстаған. Бұл ретте Рысқалиев сотқа дейінгі тергеу органдарымен өз еркімен ынтымақтасуға ниет білдірген.

Келесі күні Рысқалиев алған параны Хаменоваға апарып, ол ақшаға билік еткен. «Аталмыш мән-жайлар мен сотталушылардың кінәсі сотталушылар Рысқалиев пен Адамовтың тергеу барысында берген мойындау жауаптарымен, куәлардың айғақтарымен, тінту хаттамаларымен, сотталушылардың пара беру кезіндегі әңгімелерінің бейнежазбаларымен, параның берілуі туралы, арнайы жедел-іздестіру шараларымен және жария емес тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сараптамалар қорытындыларымен расталады».

Айнұр САПАРОВА

2 желтоқсан 2022, 12:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.