Атырауда құны 1,3 млрд теңге құрайтын «Сарайшық» коммуналдық базары Атырау облысы прокуратурасының актісі бойынша мемлекеттік меншікке қайтарылды, ол бұрын кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға жеке қолға берілген болатын.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс прокуратурасы активтерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізуде. Тексеру барысында «Сарайшық» коммуналдық базарына өзіне қабылданған шарттық міндеттемелерді орындамау, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тежеу бойынша бұзушылықтар анықталды. 17 қарашада облыстық сот Атырау қаласы әкімдігінің, прокурордың ұсынысы негізінде берілген талап-арызы бойынша сенімгерлік басқару шартын бұзу туралы шешім шығарды, - деп хабарлады облыстық прокуратура.
Айта кету керек, бюджет қаражатына салынған базардың маңыздылығы жергілікті фермерлерді қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру болды.
Еске салсақ, 2016 жылы іске қосылған базардың былтырға дейін 51,2 млн теңге кредиторлық берешегі болған. Ал былтыр аталған базар кейіннен сатып алу құқығымен 5 жыл мерзімге «Идеал Маркет» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілген еді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор