Атырау, 11 желтоқсан 06:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Қаңтардағы митинг бойынша сот: «Тобырдың бізге қарай келе жатқаны ғана есімде»

Сурет
1 699 просмотра

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау қаласында қаңтар митингісіне қатысушыларға қатысты сот процесі жалғасуда. Сот дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілегеннен кейін жәбірленушілерден – полицейлерден жауап алуға кірісті.


Прокурор Нұрболат ӘБІЛОВ 27 айыпталушыға қатысты айыптау актісін оқып бітірді. Олардың бәріне дерлік рұқсат етілмеген митингіге қатысты, Атырау облысы әкімдігінің жанында және орталық алаңда полиция қызметкерлері мен сарбаздарға күш қолданды деген айып тағылып отыр. Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА сотталушылар өз кінәсін мойындай ма деп сұрады. Оның алтауы толық мойындады (ауыр қылмыс бойынша), 21-і мойындамады немесе ішінара мойындады.

 

«ЖАЗАНЫ СОТ ҚАРАУЫНА ҚАЛДЫРАМЫН»

Осыдан кейін сот жәбірленушілерден жауап алуға көшті. Бірінші күні 119 жәбірленушінің арасынан 8 полиция қызметкерінен жауап алынды. Сот отырысының басында адвокат Рысты ҚАЛИЕВА 2 қарашада президент қол қойған «Рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңына сілтеме жасай отырып, қорғауындағы азаматқа қатысты бұлтартпау шарасын қамаудан үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш берді. Судья «Рақымшылық туралы» заңның тек ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарға қатысты қолданылатынын, бұл жағдайда 24 айыпталушы ауыр қылмыс және 3 адам аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отырғанын түсіндірді.

– Оларға қатысты рақымшылық олардың кінәсі дәлелденген жағдайда ғана істі қарау нәтижесі бойынша жазаны жеңілдетуге қатысты болуы мүмкін. Алдымен, барлық жәбірленушіден, куәгерлерден, сотталушылардың өздерінен жауап алу, бейнежазбаларды және қылмыстық істің басқа да материалдарын зерделеу қажет, - деді судья.

Алғашқы болып жәбірленуші ретінде қалалық №2 полиция бөлімінің қызметкері Еламан РАМАЗАНОВТАН жауап алынды.

- Мені кім ұрып-соққанын көрмедім, өйткені бірден есімнен танып қалдым. Тобырдың бізге қарай келе жатқаны ғана есімде. Бірақ кейінірек күдіктілерді бейнежазбадан таныдым, - дейді полицей.

Адвокаттар Рамазановтың сотталушыларды қандай белгілермен танығаны, тергеу барысында беттестіру және күдіктілерді тану процедурасының болған-болмағаны туралы сұрады. Жәбірленуші оларды өзіне берілген бейнебақылау камерасындағы жазбалардан ғана танығанын, бірақ тергеушінің беттестіруді де, тану процедурасын да жүргізбегенін айтты. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша Рамазанов жеңіл дене жарақатын алған.

- Менің сотталушыларға ешқандай талабым жоқ. Жазалау мәселесін соттың қарауына қалдырамын, – деп түйіндеді сөзін Е.Рамазанов.

 

«КЕШІРІМ БЕРМЕЙМІН»

Өз кезегінде полиция қызметкері Н. өзін ұрды деп айыпталған сотталушымен татуласқысы келмейтінін айтты.

- Сотталушылар биліктің заңды өкіліне қарсы құқық бұзушылық жасады, сондықтан кешірім бермеймін. Полицейлерді олай ұрудың қажеті жоқ еді, біз де біреудің баласымыз. Біз халыққа қарсы ешнәрсе жасаған жоқпыз, адамдар тыныш болды, бірақ кейін арандатушылар пайда болды, мас күйінде немесе есірткіге масайғандар агрессия көрсетіп, бәрі осы жағдайға ұласты, - деді Н.

Айта кетейік, сотталушы жәбірленушіге бір рет соққы жасаған, ол мұны жоққа шығармайды, бірақ полицей алған жарақаттың ауырлығы туралы сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жоқ, өйткені бұл кезде оған қарайтын уақыт болмаған.

Әрбір жауап алудан кейін судья Хамидуллина жәбірленушілердің қылмыстық іс бойынша берген айғақтарын оқыды – осылайша кейбір қарама-қайшылықтар анықталды, мұны адвокаттар байқап, сот назарына алды.

«МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН ОСЫ АДАМ, МЕН ОНЫ ТАНЫДЫМ!»

Ал полиция қызметкері Шыңғыс МАРАТ сотталушылардың арасынан өзінің құтқарушысын таныды:

- Мені ұрып-соғып жатқанда, ол мені құтқарып қалды. Мен оны бүгін таныдым. Бірнеше адам мені ұрып-соғып, погонымды жұлып алып, «Шал кет» деп айтуды талап еткен кезде, ол мені ұрып-соғып жатқан көпшіліктің арасынан шығарып алып, мені қорғаштап, өтіп бара жатқан көлікке отырғызды. Ол жалғыз емес еді, қасында егделеу адам болған сияқты. Олар мені ақ түсті көлікке отырғызды.

Сотталушы Аслан К., полицейлер бірінші болып түтіндету құтысын қолданғанын айтты, ал учаскелік полиция инспекторы Жалғас ӘНУАР наразылық білдірушілердің өздері полицейлердің қалқандарын тепкілей бастағанын, ал полицейлерде жас шығаратын түтіндету құтылары болмағанын, тек жарық-шу гранаталары болғанын мәлімдеді. Әнуар алған екі соққының денсаулығына зиян келтірмегенін, сотталушыларға талабы жоқтығын айтты.

Полиция қызметкері Қисметов сотқа ұрып-соққандар арасында жастар да, үлкендер де бар екенін айтты.

– Біз қашып, жарақатымызды көрсетіп, көпірдің алдына жедел жәрдем көлігін тоқтаттық. Жедел жәрдем көлігіне отырайын деп жатқанда, тобыр жүгіріп келіп, ұрып-соғуды жалғастырды. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі де бізге тоқтағаны үшін соққы жеді.

– Сізді не үшін ұрды, олар қандай талап қойды? — деп сұрады судья.

- Неге екенін білмеймін, олар бізді полиция қызметкері болғандықтан ұрды.

Жәбірленуші Дүйсенғалиев ұрып-соғу кезінде сотталушылардың бірі қызметтік куәлігін тартып алып, оны жыртып тастағанын, ал екіншісінің: «Жап-жас болып, майор шені бар» дегенін еске алды.

Сот процесі жалғасуда.

Фархат АБИЛОВ

Суреттерді түсірген Айнұр САПАРОВА

23 қараша 2022, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.