Атырау, 23 желтоқсан 12:01
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Хаменоваға шығарылған үкім: Атырау қаласының №2 сотының баспасөз хабарламасы

1 402 просмотра

Үкім жарияланғаннан кейін №2 қалалық сот баспасөз хабарламасын таратты. Оның мазмұны мынадай:

"Атырау қаласының №2 сотында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын  адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен  айтарлықтай мөлшерде пара алғаны үшін (ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы) айыпталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Х. және Мәдениет басқармасының басшысы Р.-ға, лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара бергені үшін айыпталған (ҚК-тің 367-бабының 2-бөлігі) ЖШС директоры А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Сотта анықталғаны:
 2021 жылғы 3 қарашада Атырау қаласының қалалық мәдениет бөлімі мен ЖШС-гі мүсінді сатып алуға 145 000 001 теңге сомасында шарт жасасты. 2021 жылғы 4 қарашада және 2021 жылғы 11 қарашада тапсырыс берушімен ЖШС-нің шотына 72 500 000 теңге мөлшерінде шарт сомасының жартысы аударылды. Сотталушы Х. облыс әкімінің орынбасары бола тұра және құрылыс саласына жетекшілік ете отырып, мәдениет басқармасының басшысына ЖШС директоры А.-дан 5 000 000 теңге көлемінде пара талап етуге нұсқау беріп, соңғысы оған келіскен. А. 4 500 000 теңге көлемінде параны Р.-ға бергеннен кейін олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерімен ұсталған. 
Сондай-ақ, Р. сотқа дейінгі тергеу органдарымен ерікті түрде ынтымақтасуға ниет білдірген. Келесі күні Р. алған параны Х.-ға апарып беріп, ол ақшалай қаражатты басқарған.
Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушылардың кінәсі сотталушылар Р. және А.-ның тергеу барысында берген мойындау айғақтарымен, куәлардың айғақтарымен, тінту хаттамаларымен, пара беру сәтіндегі сотталушылар арасындағы әңгіменің бейнежазбасымен, АЖІШ (арнайы жедел іздестіру шаралары) және ЖТӘ (жасырын тергеу әрекеттері) нәтижелерімен, сараптамалардың қорытындыларымен өз дәлелін тапты. 

Прокурор сотталушылар Х. және Р. мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ал сотталушы А.-ға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

 
Сот шешімі 

ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағының санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
 ҚК-тің 367-бабының 2-бөлінің санкциясында мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 30 еселенгеннен 40 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Сот Х.-ның қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының болуын таныды. Р. үшін жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның жас балаларының болуын, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа қатысушыларын әшкерелеуін таныды. А. үшін жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның зейнеткерлік жасын және сәйкесінше бала кезінен төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар екі кәмелетке толған мүгедек баланы асырауында ұстауы, ауыр қылмыстық құқық бұзушылықты ауыр жеке, отбасылық және басқа да жағдайлардың салдарынан жасауын таныды. 

Сотталушы Х.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, 2 жас баласының болуына байланысты ҚК-тің 74-бабының 1-бөлігін қолданумен жазаны орындау 3 жылға кейінге қалдырылды.

Сотталушы Р.-ға 7 жыл, сотталушы А.-ға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушылардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Қазақстан Республикасының Президентіне Х.-ны «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі

15 қараша 2022, 12:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.