Атырау, 23 желтоқсан 12:02
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Хаменованың соңғы сөзі: «Мен қылмыскер емеспін!»

Сурет Бейнежазба
1 887 просмотра


Бүгін, 14 қарашада №2 қалалық сотта Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА, сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ пен кәсіпкер Өміртай АДАМОВҚА қатысты сот процесі жалғасты. Сотталушыларға соңғы сөз берілді.

Бірінші болып, пара берді деп айыпталған Ө.Адамов сөз алды. Ол соттан қос мүгедек ұлы мен саңырау-мылқау келіндері бар екенін айтып, айыппұл түрінде жаза беруді сұрады.

- Немесе еңбек етуім үшін жазамды қоныс-колониясында өтеу түріндегі жазамен жеңілдетуді сұраймын, - деді Ө.Адамов.

А. Рысқалиев:

- Судья сотқа дейінгі тергеп тексеру материалдарына сүйене отырып, сотталушылардың іс әрекетіне дұрыс құқықтық баға береді деп сенемін. Құрметті сот, менің кәмелетке толмаған төрт баламның бар екендігін және бұрын-соңды істі болмағандығымды және денсаулығыма байланысты ұсынған медициналық құжаттарды назарға алуыңызды сұраймын. Менің айғақтарымның негізінде менің іс әрекетімде қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты мені толықтай ақтауыңызды сұраймын.

Б. Хаменова:

- Құрметті сот! Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен сот талқылауымен он бір ай өтті. Сондықтан қылмыстық оқиға толық және терең тергелді деп айтуға жеткілікті негіз бар деп есептеймін. Сотталушылар Рысқалиев пен Адамовтың кінәсін ешқайсысы дауламайды. Олар егжей-тегжейін жасырмай, рөлдерін төмендетпей, өздері жасаған қылмыс туралы жасырмай айтып берді. Құрметті сот, мен және адвокатым қорғау тарапының талаптарын көрсеттік. Қалғанының бәрі - сіздің кеңесу бөлмесіндегі жұмысыңыз, айыптаушы тарап ұсынған мүлде аморфты және дәлелсіз мәліметтермен және қорғаушы тарап ұсынған заңды түрде расталған тәсілдермен жұмыс істеу. Сот дәлелдемелер кешенін алды, олардың негізінде осы қылмыстық оқиғаға менің қатысым болмағанын анықтау сізге қиын болмайды. Сондықтан мені ақтауыңызды сұраймын.

Құрметті сот! Мен қылмыскер емеспін және соны дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін. Ақтығымды, кінәсіздігімді дәлелдемей, тоқтамаймын.

Осыдан кейін сот төрағасы Жұмағали ТАШИМОВ үкім жариялауды 15 қарашаға белгіледі. Еске салсақ, бұған дейін айыптаушы тарап соттан Хаменова мен Рысқалиевты мүлкін тәркілеп, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

14 қараша 2022, 12:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.