Атырау, 18 желтоқсан 18:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

«Светлана» маңы – улы газ шоғырланған аудан

5 053 просмотра

Ғалымдар Атырау қаласының экологиялық төлқұжатын жасауға кірісті.

Жобаға тапсырыс беруші – «Атырау МӨЗ» ЖШС, мердігері – «Атмосфералық ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС. Жұмыс облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының құзырымен жүргізілуде.

Орталық директоры Рысты ҚҰТТЫҒҰЛОВАНЫҢайтуынша, жоба облыстық әкімдіктің бастамасы бойынша іске қосылған және үш жылға арналған. Нәтижесінде қаланың экологиялық ахуалы мен экологиялық факторларға байланысты халықтың сырқаттану деңгейі туралы мағлұматтар алынатын болады. Жобаның екінші бөлімін «Астана қаласының медицина университеті» АҚ ғалымдар тобы орындайтын болады. Құрамында ауыр металлдардың бар-жоғын анықтау үшін топыраққа, зиянды қоспалар, шуыл және көлік жүктемесі бойынша шектеулі мөлшердегі концентрацияның  (ШМК) асқан-аспағандығын анықтау үшін атмосфералық ауаға зерттеулер жүргізілмек. Атап айтқанда, қала көшелеріндегі көлік жүктемесін зерттеу және осы нәтижелер бойынша атмосфералық ауа сапасына автокөлік шығарындыларының әсерін зерттеу Санкт-Петербор ғалымдары жасақтаған «Магистраль» бағдарламасы бойынша жүргізілетін болады.

Қазіргі кезде қаладағы ортаның сапасын бағалау жөніндегі аспаптық зерттеу жүргізілуде. Мамандар тұншықтырғыш газдың ең көп шоғырланған жері «Светлана» мен №13 ұлттық гимназияның маңы (ШМК 3 есе асып кеткен, зерттеу 17 қазанда жүргізілген, хаттамалар бар) және «Ақжайық» қонақ үйінің маңындағы мұражай алаңы (ШМК 1,8 есе асып кеткен) екенін анықтаған. Әлі шумометрлермен және дозиметрлермен зерттеу жүргізілмеген.

Алынған мәліметтер картаға жүйеленіп, тіркелетін болады. Координаттар GPRS жүйесінің көмегімен анықталмақ. Осы мәліметтердің негізінде гео-ақпараттық жүйенің үлгісін жасап шығарады. Яғни, кез-келген қала тұрғыны пайдалана алатын және кез-келген минутта белгілі бір аудандағы экологиялық көріністің қандай екенін біле алатын сайт жасалатын болады. Жоба 85 млн. теңгеге бағаланады, оған жыл сайын мәліметтерді жаңартуға жұмсалатын 5 млн. теңгені қосыңыз.

Р.Құттығұлованың айтуынша, Астана қаласында осындай жобаның аяқталуы жақын екен. Ауаның, топырақтың сапасын, шуылды тексеруге кәсіпорын басшылары аса қуана қоймайды, ақпаратты ұсынудан, өз аумақтарына мамандарды кіргізуден бас тартып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Алайда астаналық әкімияттың қолдауының арқасында жұмыс өзінің діттеген мәресіне жақындап келеді.

Егер мамандарға «экология және денсаулық» тізбегі бойынша анағұрлым маңызды нәрсені анықтау мүмкін болса, бұл фактілер жариялана ма немесе олардың тағдырын жобаның тапсырыс берушісі – «АМӨЗ» ЖШС шеше ме? Р.Құттығұлованың айтуынша, жобаның өзі «АМӨЗ және басқа өндірістік нысандардың Атырау қаласының қоршаған ортасына және халқының денсаулығына әсерін зерттеу кешені» деп аталады екен. Яғни, зауыт басшылығы Атырау қаласындағы экологияның шынайы ахуалын көрсетпекші. Қазіргі кезде зауыт қызметкерлері ештеңені жасырмай, барлық ақпараттарды ұсынып отыр. Мамандар жұмысты  жұртшылықта ешқандай сұрақтар қалмайтындай етіп орындауды жоспарлауда.

Орталық қызметкерлері осы жұмысты жергілікті мамандарды тарту арқылы атқаруды жөн санайды және оларды күтеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретке түсірген автор

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.