Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты Құлсары қаласындағы балабақшаны қиратқан мектеп оқушыларының ата-анаcына айыппұл салды.
Еске салсақ, бұл сұмдық оқиға қазан айының басында орын алды. Содан кейін әлеуметтік желіде мектепке дейінгі мекемеге жасалған шапқыншылық салдары туралы видео тараған болатын. Жылыой ауданының полицейлері 6-7-сыныптың алты оқушысының жергілікті балабақшаға кіргенін, есіктің әйнегін сындырып, гүл, жиһаз, ойыншықтарды шашып, өрт сөндіргіштерді шашқанын анықтады. Нәтижесінде жасөспірімдердің ата-анаcы «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін» (ӘҚБтК-нің 127-бабы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ата-аналар баласының кінәсін мойындап, ең төменгі айыппұл тағайындауды сұраған. «Кінәні мойындаған кезде сот әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға азайтуға құқылы. Сот құқық бұзушылықтың сипатын, заңды өкілдерінің жеке басын, олардың құқық бұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, оларға 21 441 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Кейіннен балабақша әкімшілігі сот арқылы немесе ерікті түрде келтірілген материалдық залалды өтеуді талап етуге құқылы.
Лев ГУЗИКОВ