Соңғы кездері бет-жүзін тұмшалап, қара жамылған қыз-келіншектерді Атыраудың көшелерінен жиі кездестіреміз. Бұл көпшілікке ұнайды деп айта алмаймын. Неліктен қазір қазақтың халықтық дәстүріне қайшы келетін осы бағытқа бет бұрған әйелдер (негізінен өте жас қыздар) мен қысқа балақты шалбар киген сақалдылар көп екенін «АЖ» тілшісі анықтауға тырысты.
Кезінде бұл мәселені билік кеңінен қозғады. 2017 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ Батыс Еуропа елдерінде беті-жүзін толық жабуға тыйым салынғанын атап өтіп, «мұның қоғамдық қауіпсіздік мәселесі екенін, әсіресе ниқаб, чадра, паранжа тағу құқыққорғау органдарына жеке тұлғаны сәйкестендіруге кедергі келтіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралардың тиімділігін төмендетеді» деген болатын.
Осыдан кейін 2018 жылы қаңтарда үкімет мәжіліске тиісті заң жобасын ұсынды. «Деструктивті діни ағымдарға жататынын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда кигені» үшін азаматтарға жүздеген мың теңге болатын әкімшілік айыппұл салынуы тиіс деп жобаланды. Бірақ бұл заң жобасын мәжілістегілер мақұлдамады.
БАС ИМАМ: «БАСҚА ҚАЛАҒА ҚАРАҒАНДА АТЫРАУДА КӨБІРЕК БАЙҚАЛАДЫ»
Атырау облысының бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ қазір Атырау облысында қап-қара ұзын көйлек киюмен қатар, бетін тұмшалаған орамал, ниқаб, паранжа киіп жүргендер көшеде жиі кездесетінін мойындады.
- Менің осы жерге келгеніме үш жыл болды. Менің алдымда қалай болғанын білмеймін, бірақ, бұл үрдіс еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда Атырауда көбірек кездеседі, - дейді Алтынбек Ұтысханұлы.
- Бұған не себеп, қалай ойлайсыз?
- Шариғатта мұсылманның міндеттері белгіленген. Соны білмеген соң немесе жат ағымның кейбір өкілдерінің берген пәтуасының жетегінде жүргеннен осылай киініп жатқандар бар деп айта аламын. Себебі, қасиетті Құран Кәрім аяттарына жүгінсек, әйел адамның әурет жерін жабу туралы айтылған. Бірақ бұл жерде бетті тұмшалау, бетті жабу туралы айтылмаған. Жүзің және білегіңнің бас жағы, тобықтан төмен жердің барлығы әйел адамның әурет жері болып саналады. Осы жерлердің жабылу керектігі айтылған, бірақ, қандай киіммен жабу керектігі көрсетілмеген. Міндетті түрде қара киіммен жабылсын деген сөз жоқ. Оны қалай жапсаң да өз еркіңдегі нәрсе. Ал ниқабқа келсек, біз Әбу Ханифа мазхабына сай құлшылық жасаймыз. Біздің діни құлшылықтарымызды жан-жақты, егжай-тегжей түсіндіріп берген ғалымның өзі ниқаб, яғни, бетті тұмшалау міндетті емес екенін жеткізген.
- Ал, олардың қай ағым өкілдері екенін біле аламыз ба?
- Киім киісіне қарап, бірден айта алмаймыз. Өйткені кейбірі Сауд Арабиясынан, Түркиядан, Ираннан оқып келіп, сол елдің ұлттық киімі ретінде көйлектерді киіп жүруі мүмкін. Бұл елдерде ондай киімге үреймен қарамайды, себебі, бұл олар үшін көзге үйреншікті. Ал қазақтың санасында қара жамылып, бетті бүркемелеу жаман ырым ретінде қабылданады. Адам қайтқанда, «қара жамылды» деп айтып жатамыз. «Артында жат ағым өкілдері тұрған болар, ертең елімізге қауіп төндіруі мүмкін, әдет-ғұрыптарымызды жоққа шығарады, дәстүрімізге қырын қарайды» деп көңілімізде күпті ойлар тууы мүмкін. Бәрі бірдей саляфи, уахаби немесе тағы басқа ағым өкілдері деп, бірден қорытынды шығаруға болмайы. Өйткені, ханафи мазхабындағы әйел адамдар арасында да қара киім киіп, қара орамал таққанды жақсы көретіндер бар. Өзім біреуінен «неге олай киінесің?» деп сұрап көргенде, «маған ұнайды» дегендер болды. Бірақ, бұл бірен-сараң. Ал біздің елде ниқаб тақпағаны дұрыс. Ниқаб дегеніміз бетперде. Дінімізді ниқаб киіп, қорқынышта көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені, ол парыз емес, ғалымдар ниқаб кисін демеген соң, оны көргенде бірден саляфи, жат ағым, уахаби деген тұжырым пайда болады.
- Бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кишекті қоғамдық орындарда киюге тыйым салатын заң жобасы қажет пе? Сіздің көзқарасыңыз?
- Ниқаб, орамал таққаны үшін тыйым салу ерте секілді. Бұл қоғамды дүрліктіреді деп есептеймін. Қазір бетін әр түрлі себеппен жабуы мүмкін, бетпердені аллергия, тұмаудан қорғану үшін де тағуы мүмкін.
«СӨЗІ МЕН ІСІ ҚАБЫСПАЙТЫНДАР КӨП»
- Бәлкім, олар өздерін Әбу Ханифа мазхабындамын деп, өздері жат ағым идеологиясын ұстануы да мүмкін ғой...
- Иә, олар қазіргі таңда «Әбу Ханифа мазхабындамын» дейді, бірақ ол мазхабта айтылған үкімдермен жүрмейтіндер көп кездесіп жатыр. Сөзі мен ісі бір-біріне сәйкес келмейді. Яғни, Әбу Ханифа мазхабында паранжа болмайды десе, олар бетті жабады. «Әминді» намазда мешітте тұрғанда іштен айту керек, дауыстап айтпау керек десе, «Әбу Ханифа мазхабымен жүрмін» дейді де керісінше дауыстап айтады. Өзін Әбу Ханифа мазхабында көрсетеді, бірақ жасырын түрде жат ағымның сойылын соғып жүргендер баршылық. Бұл жерде сақ болуымыз, жай сөзге алданып қалмауымыз керек. Негізі бұл жерде көбіне ажырататын нәрсе, «Ханафимін» деген адамға «сіз сенім бойынша қандай мазхабпен жүресіз, Матруди мазхабын мойындайсыз ба?» деп сұрақ қою керек. Егер «мойындамаймын,ол адасқан» десе, онда ол жат ағымның өкілі екенін және Әбу Ханафиді толық мойындамайтынын бірден көрсетеді. Ол «Матруди мазхабын ақида бойынша мойындаймын, оның айтқаны дұрыс, мен сонымен жүремін» десе, онда ол адамның дұрыс бағытта жүргенін білуге болады. Көбінесе «ханафи мазхабына өттім» дегендер Матрудиге келгенде сенімді мойындамайды. Ал бұл өте маңызды, бұл осы жерде бөлінеді.
- Бізде солай жауап беретіндер бар ма?
- Өкінішке орай, бар. Мына нәрсені айтқым келеді: саляфилік, уахабилік жат ағымның жетегінде, радикалдық көзқараста жүргендер ұлттық идеологияны мойындамай, салт-дәстүрімізді жоққа шығарып, ата-бабамызды адастыға салып, «Құран бағыштағанда бет жаю дұрыс емес, келіннің сәлем салуы дұрыс емес, Алланың алдында ғана иілуіміз керек, басқа адамның алдында иілуімізге болмайды» деген сияқты көзқараста жүргендер. Бұл үлкен қауіпке әкелуі мүмкін, сондықтан оның алдын алу мақсатында тек қана заң шығару керек.
- Қандай заң?
- Жат ағымдардың атрибуттарын қарап, ақылдаса отырып, арнайы тыйым салу керек. Басқа ағымның жетегінде кеткендерді райынан қайтару өте қиын. Өйткені, бір бағытта қатып қалған, басқаны тыңдауға болмайды дейді олар. Мысалы, салыстырмалы түрде кітап оқу, ұстаздарды тыңдау, дәріс алу керек десе, олар «жоқ олар күмән ұялатады санамызға, өзіміздің сенімімізден адасып қаламыз» деп, ұстаздарының айтуларынша қатып қалады, былайша айтқанда, зомби болып қалады. Болашақта үлкен қауіп осындай адамдардан келуі мүмкін.
- Олардың түпкі мақсаты не?
- Мақсаты – елдің ішінде үлкен фитна шығарып, әкені балаға, баланы әкеге қарсы қою, жамағатты имамға, имамды жамағатқа қарсы қою, халықты басшыға қарсы қойып, елді ыдыратып жіберіп, елді жоқ қылу, шариғи мемлекет орнату. Негізгі түпкі мақсат сыртқы көзқарас та болуы мүмкін, қолдан ұйымдастырып шығарған нәрсе ғой. Оның нәтижесін Сириядан көрдік. Сирияға кетіп, елін тастап, тыныш бейбітшілік, бірлікте тұрған елді кәпірстанға санап, Сирияда шариғат бар, ол жерде Ислам мемлекеті құрылғалы жатыр деп, сол жерге барып тұрсақ, қалағанымыз бойынша Құран мен хадиспен жүре аламыз деп барды да, жұмаққа емес, тозаққа түскендеріне көздері жетіп, қаншама адам өкініп қалды.
«ҚАТАЛ ЗАҢ КЕРЕК»
Атырау облыстық дін істері жөніндегі басқармасы басшысы Қайролла КӨШҚАЛИЕВТЫҢ пікірінше, қоғамдық орындарда қара түсті ниқаб киюге тыйым салу туралы заңды енгізсе дұрыс болар еді. Оның айтуынша, бүгінде облыста діни ахуал тұрақты.
- Осыдан алты жылдай бұрын әлеуметтік желіде тазарту жұмыстарын бастадық. Сирияға барып келген 24 әйелдің арасында «деструктивті ағым идеологиясына қалай уландың?» деген сауалнама жүргіздік. Сонда басым бөлігі «интернет арқылы» деп жауап берді.
Бұрын іздеу сайттарында «ислам» деп басқанда уахабилік ағымның видеолары шығатын. Бұрын жат ағымның идеологиясын насихаттайтын шейхтың сайтына, әлеуметтік желідегі парақшасына кіреміз, оған кім жазылғанын тексеріп, оның жүктеген видеосына кім лайк басты, соны қолмен теріп, анықтап шығаратынбыз. Қазір ондай емес. Қазір сол шейхтарға жазылған оқырмандарын, лайк басқан адамдарды автоматтандырылған бағдарлама арқылы шығарып береді. Қай сайтта қанша сағат отырды, бәрін шығарып береді. Біз сол жерде өзіміздің құзырымызға кіретін деректерді ғана аламыз. Біздің басқарма мешіттерде жанжал, әлеуметтік желіде деструктивті ағым идеологиясының таралмауын, діни кітаптардың заңсыз сауда-саттығын қадағалайды, - дейді Қ. Көшқалиев.
Оның айтуынша, бүгінде Атырау облысы бойынша 41 ислам, 3 православтық, 2 католиктік, 1 кришнаиттік және 7 протестанттық бағыттағы діни бірлестік (мешіттер мен шіркеулер) тіркелген.
- Жыл басынан бері қанша діни заң талаптарын бұзу дерегі тіркелді?
- ҚР ӘҚБтК-нің 490 және 453-баптарының тармақтарын бұзған 54 фактісі тіркелген. Бесеуі сот шешімімен қысқартылып, 10-ы қаралып жатыр, ал бір жағдай бойынша профилактикалық ескерту берілді.
- Көшеде жазда, күздің жылы күндерінде қара жамылып, бетін тұмшалағандар көп кездесті. Қауіптену керек пе бұдан?
- Қауіптену керек. Неге? Себебі, олардың идеологиясы біздің ұлттық идеологияны мойындамайды, мақсаты - қазақтығымыздан, ұлттық ұстанымымыздан айыру. Балаларымыздың бойында, сана-сезімінде отбасындағы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, рухани тәрбие болмаса, болашақта балаларамыз отанын, отбасын тастап кетуі мүмкін.
2011 жылы облыс әкімдігі мен прокуратура ғимараттарының жанында лаңкестік әрекеттер орын алып, ұйымдастырушылар кейін жазаланғанда қысқа шалбар киген сақалдылар сейілсе де, кейін киімі мен жүріс-тұрысымен тағы да қоғамдық пікірге қарсы шыға бастады. Әңгіме киімде емес, олардың мектеп тәртібін сақтауға қарсылық танытуында, әскерге бармауында, т. б., яғни азаматтық қоғамның заңдылығын мойындамауында. Сондықтан бұл үшін ауыр жаза қарастыратын қатал заң керек деп ойлаймын.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор