Атырау, 22 қараша 00:50
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Теңіз толқынымен жарысқан Әсел

Сурет Бейнежазба
1 989 просмотра

Дүние жүзіндегі зерттеушілердің тек 30%-ы әйелдер екені белгілі жайт. Оның ішінде далалық жағдайда жұмыс істейтіндер аз. Солардың бірі – Каспий итбалығын зерттеуге және құтқаруға өмірін арнаған Қазақстандағы ресми эко-амбассадор Әсел БАЙМҰҚАНОВА.

Талдырмаш, әдемі, қара торы ару қаласа, тележұлдыз немесе сұлулық блогері бола алар еді. Бірақ ол туфлидің орнына беліне дейін жететін резеңке етікті таңдады. Ол сәтті кадр шығу үшін қолайсыз Каспийдің өңменінен өтетін желімен жарысып, бірнеше шақырымды шарлап, көбіне дымқыл құмда бауырлап, камераға түсіреді. Міне, жеті жыл бойына әр көктем мен күзде атқаратын тірлігі. Өйткені ол Алматы «Гидробиология және экология институтында» ғылыми қызметкер, оператор және бейнередактор болып еңбек етеді. Біз Әселмен Каспий теңізіне кезекті экспедициясына бірер күн қалғанда тілдесіп, оның неліктен бұлай жасайтынын білген едік.

ҚОРҚЫНЫШТЫ ЖЕҢУ

Ол аты аңызға айналған, еліміздің шығысында жасырынған, туристер үшін тартымды, табиғаты тұмса Мәрмәр асуына өзінің алғашқы дербес жорығын жасады. Ол кезде 6 жаста еді. Бүкіл ауыл қызды іздеп, бақташылар ашығып, тоңып-шашыраған оны алыс қыстақтан әкелді. Әселдің зерттеуші ретіндегі хикаясы осылай басталды. Оның үстіне бұл Әселдің қанында да бар: оның әкесі атақты ғалым-ихтиолог Мирғали БАЙМҰҚАНОВ. Олардың отбасы мекендеген Марқакөл деген жерде ол жергілікті эндемик балығы – Марқакөл майқанын (ленок) зерттеп, қорғаумен айналысқан. Кейін отбасы Алматыға көшеді, бірақ Әселдің әкесі бұл балықты зерттеуді жалғастырды. Бойжеткен филология мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін бітірген және болашақ мамандығын экологиямен байланыстыруды мүлде жоспарламаған еді.

– 2015 жылы әкем оператор ретінде экспедицияға шығуды ұсынды. Алғашқы күндері суықтан, ылғалдан және шағатын жәндіктерден қатты қиналдым. Өрмекші мен жыланнан қатты қорқатынмын. Бірақ ол арахнофобиямды жеңдім: өзінің әлдебір ісімен машақаттанған жиіркенішті түкті өрмекшіні бірнеше сағат бойы бақылап, соңында оны қорықпай ұстап, оны өте сүйкімді деп танитындай жағдайға жеттім, - дейді Әсел. – Бірақ егер жағадағы бір есте қаларлық оқиға болмағанда, мен құрлыққа кетіп, бұл жерге ешқашан оралмас едім.

«...ӨЛІП ЖАТҚАНДА ОҒАН КӨМЕК БЕРЕ АЛМАДЫМ»

Осыдан 7 жыл бұрын сол күні Әсел алғаш рет итбалықтарға жақын барған. Шағын аралда олар үшеуі болды. Оларға жақындау үшін қызға жүзуге тура келді, содан кейін біраз уақыт таязға шыққан соң оларды үркітіп алмау үшін оларға минут сайын жарты қадам жақындап, абайлап жүру керек еді.

– Екеуі маған әуестікпен қарап тұрды, ал жартылай бүйірлеп жатқан үшіншісі қызығушылық танытпады. Ауыр, жиі тыныс алып жатты, ол ауырып жатқандай болды. Жақындап барып, оның түрін, азап пен ауруға толы көздерін көрдім. Сенбейтін шығарсыз, бірақ солай еді - ол жылап жатты: оның мойны балық аулайтын торға мықтап оралып қалған екен. Шамасы, ілмек оның мойнында ұзақ уақыт болған сияқты: қанталаған және тыртықтанып қалған оның іздері денесін тілгілеп тастаған, ол кеңінен тыныс ала алмай жатты. Мен өзімді тұншығып қалғандай сезіндім. Есеңгіреп қалып, оған көмектесіп, босату үшін шалт қимыл жасадым. Бірақ үшеуі үркіп, суға кіріп кетті. Дәрменсіздіктен, аяушылықтан күні бойы жыладым. Бірақ өмір ешқашан бұрынғыдай болмайтынын және ештеңе болмағандай өмір сүру мүмкін емесін түсіндім. Итбалықтардың тұңғиық көздеріне тағы бір рет қарап, мүмкіндігінше қорғансыз және жүрекке жылы жануарларға көмектесу үшін жылына екі рет өзімді өркениеттің барлық игілігінен және қарапайым қолайлы жағдайдан әдейі айырамын.

2019 жылдан бері Әсел қатысатын экспедиция Каспий жағалауынан 25 тонна қоқыс жинады, оның жартысынан көбі иесіз қалған балық аулары.

ӨЛЕКСЕЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ЛАГЕРЬ

Менің ең қорқынышты экспедициям 2017 жылдың көктемінде болды. Біздің институтқа келген хабарлама бойынша итбалықтардың жаппай қырылуы тіркелді. Санаулы сағатта біз Маңғыстау қаласына жолға шығып, Баутино ауылының маңындағы Каспий жағалауына жеттік. Көз алдымда қорқынышты көрініс ашылды: әр жерде жараланған итбалықтың өлексесі, кесілген бастары мен дене бөліктері... Сол жерге, өлі итбалықтардың ортасына лагерь тіктік. Аралап, іштей дірілдеп, үлгі мен азуларын алдық. Шатырларда шіріген өлексенің арасында ұйықтадық. Теңіз көкжиегіне қарауға тырысып тамақтандық, бірақ көзіміз еріксіз олардың жансыз, парша-парша болған денелеріне түсетін. Олардың арасында кішкентай ғана қардай аппақ күшіктері көп еді, олар моншақтай көздері жәудіреп, құмда сұлап жатты. Әлі титтей сәбилер. Ілмектерге жабысып қалған өлекселер де болды. Мұның бәрін ұмытқанымды қалар едім...

Жаңалықтар легі бойынша 2017 жылы Маңғыстаудағы теңіз жағалауынан 300-ге жуық итбалық өлексесі табылған. Сарапшылардың пікірінше, итбалықтар мұзжарғыш кеме мен браконьерлердің ау-торының кесірінен қырылған.

ТЕҢІЗ РОМАНТИКАСЫ

Бірақ дәл осы жерде, ғаламтордан, күйбің тірліктен және көліктерден алыс жерде адамның шын мәнінде табиғат перзенті екенін сезіне бастайсың. Міне, осы жерде өмір шынымен қайнап жатыр: оятқыштың орнына, үлкен балықтардың шашыратқан суы, цикадалар мен құстардың кешкі сайрағаны, шөптің сыбдырымен үйлесім тапқан толқын әуені, гүлдердің иісі, теңізге толы саф таза ауа, және отта пісірілген тағам. Ал түнгі аспан, жұлдыздар! Ғаламның бар ұлылығына сүйсінген құмның түйіршігіндей ғана мен бармын.

... Сайын далада адам өзгереді. Құндылықтарды қайта бағалайды, қорқыныш та мүлдем басқаша болады. Мысалы, дауылдан қорқу - заттарымызды шақырымдарға шашып тастап, шатырларды жұлып кететін, басқаруға келмейтін стихия. Тұзды дауылдар немесе жұлқыма толқын сулары. Бірақ мен жақын жерде құлауыма жол бермейтін сенімді адамдар әрқашан болатынын және құрғақ киім ұсынатын жанашыр дауыс еститінімді нақты білемін. Бұл біздің жағдайымыздағы ең бағалы құндылықтардың бірі.

Экспедицияның осы айында әлем қандай болуы керек болса, сондай болады. Ал адамдар шын мәнінде мейірімді, күшті, батыл және ержүрек жанға айналады.

Дала жағдайында қыз балаға ер адамға қарағанда әлдеқайда қиын болатынын мойындаймын. Бұған кез келген еркек шыдай алмайды. Бізді қорғайды. Әйелдер шатырында, ерлердікінен айрмашылығы, жылытқыш болады. Бірақ егер кенеттен жағдай бақылаудан шығып кетсе, мысалы, жел бағытының өзгеруіне байланысты лагерьді кенеттен су басқан болса, онда жынысың маңызды емес. Адреналинмен жүргенде дрон, камера мен фотоаппараттар салынған сөмкелер, радиомен басқарылатын машинкалар, қуаттағыштар мен сымбаулар – менің салмағымнан да ауыр заттар – қауырсындай жеңілдеп кетеді, оны жүгіріп жүріп көтеруге болатынын анық білемін.

Алғашқы экспедицияларымыздың бірінде Шығыс Қазақстандағы Марқакөл көлінде біз қайықпен балық уылдырық шашатын ең үлкен жерге қарай жылжыдық. Сол жерде мен алғаш рет дауылға тап болдым. Иә, қазір ауа-райын Интернетте көруге болады, бірақ кейде кейбір нәрселерді болжау мүмкін емес. Ол күні ауа-райы жақсы болды, біз ауа-райы бұзылмас бұрын жерге жетіп үлгереміз деп ойладық. Бірақ санаулы минуттардың ішінде тымық ауа райы дауылға айналды. Қайық тербеле бастады, қатты қорықтым. Егер мен борттан құлап кетсем, мойынымда ілулі тұрған су асты, жер үсті дрондары, фотоаппарат пен камера бірден су түбіне тартып кетер еді, бірақ мен жабдықтарды тастай алмас едім. Ер адамдар дауылмен күресіп жатты, ал мен не істей аламын? Тек кедергі жасамауым керек. Қайықтың түбіне жаттым, толқын соққысынан тербелген қайықтың бүйірлеріне су кіріп жатты. Суда бұйығып жатып, жыладым, содан кейін ұйықтап кеттім. Кейде ояу болғаннан гөрі ұйықтаған жақсы.

ИТБАЛЫҚ ҰСТАУШЫ ЖАСАҚ

...Кендірлі аралдарының бірінде жатырмыз. Бізден бірнеше шақырым жерде итбалық жатағы бар. Жүздеген итбалық ерсілі-қарсылы, улап-шулап жүр. Олардың өте биязы жануар екенін білесіз бе? Егер итбалық туыстасына жақын жерден бауырлап өткісі келсе, туыстасы оны өткізу үшін ығысады немесе ескекаяғын көтереді... Сондай ғажап! Иә, мен не туралы айтып жатыр едім? Менің міндетім итбалықты ұстау болды. Итбалыққа олар байқамайтындай етіп, бірнеше сағаттап, баяу басып жақындау керек. Уақыт өте аяқ-қолың ұйып қалады, мұздап, дымқылданып, құстар мен жануарлардың нәжістерінің иісі шығады. Әдетте бірнеше аулаушымыз, әрқайсымыз «өз» итбалығымызды таңдаймыз. Тиісті қашықтыққа жеткеннен кейін осы операция командирінің сигналын күтеміз. Ол белгі берген бойда біз дереу, бір уақытта көтеріліп, спринттік қашықтықты тез еңсеріп, жануар тістеп алмас үшін және оны зақымдамау үшін итбалықтың басы мен денесіне тұзақ тастауымыз керек. Содан кейін оны жерге басып, санаулы минутта анализ алып, өлшеп, салмағын өлшеп, оны еркіндікке жіберуіміз керек.

...Әріптесіммен бірге орнымнан атып тұрдым. Осы кезде көзімнің қиығыммен оның адым басқаннан кейін қолын көтеріп, құмға етпетінен құлағанын көрдім. Қол-аяғы ұйып, сіресіп қалған ғой. Мұндай жағдай жиі болады. Көмек көрсетем деп тоқтап қалсаң, бірнеше сағатқа созылған операцияны сәтсіздікке ұшырату дегенді білдіреді. Сондықтан мен аяғымның қарысып қалғанына қарамастан, кедір-бұдыр жерлермен жүгіруді жалғастырдым. Бірақ итбалықты тастай қып ұстап алып, томпиған денесін жерге мықтап басып үлгердім. Кейінірек белгілі болғандай, бұл 83 келі аналық екен.

СЫБДЫР, СЫБЫР ЖӘНЕ ҚАЛАНЫҢ У-ШУЫ

Қалаға оралғанда мұның бәрі түс сияқты көрінеді. Сенесiз бе, Атырау көшелерiмен келе жатып, басқа да қозғалып келе жатқан машиналарды көргенде, балаша қуанып, алақанымызды шапалақтадық. Бұл қуаныштың уақытша екенін бәріміз білеміз, көп ұзамай бізді күйзеліс еріксіз басады - оралғаннан кейін үнемі осылай болады. Әріптесім бізді кем дегенде он күн көргісі келмейтінін күніне үш рет қайталады. Экспедицияның соңғы үш күні өте қиын болды: қатты шаршадық.

Келесі күндерді «эмоционалды шұңқырлар» деп атаймыз. Кеше мен бар назарымды алға қойылған міндеттерге, тасталған балық ауларына ғана аудардым, менің төңірегімде теңіз болды, әр кеш бәсең ғана әңгімелесіп, қорқаулардың ұлығанын естіп, тастың астында тығылған кірпіге елжіреген болсам, бүгін жылы пәтердің ішіндемін. Душқа түсіп, кондиционер қоса аламын, ал сырттан жыпылықтаған белгілерді, қарғалардың қарқылы мен қала шуын бақылай аламын. Ішімде дем жетпегендей сыңайлы. Бүкіл болмысым нені түсінуге тырысуда - не болды? Ақпарат ағыны құлағыма құйылып, миыма қайнаған қалайыдай еніп жатыр. Дүрбелеңнен, мазасыздықтан, шаршаңқылықтан ешқайда құтыла алмайсың. Жолға оралу үшін кемінде бір апта қажет. Қалыптасқан үйреншікті дағдыңа оралу үшін кем дегенде бір апта қажет.

...Әселмен әңгімеміз жаңа экспедицияға бірнеше күн қалғанда болды. Бұл кезде қыз күйзеліс «шұңқырын» еңсеріп, келесі жорығын асыға күткен қуанышты күйде болатын. Бұл мақала жарияланған кезде «Пиранья» аэроглиссері бортта команда мүшелерімен бірге Солтүстік Каспий аралдарына қарай толқындармен жарыса бет алған еді. Бәлкім, сол жерде итбалықтар қалған шығар, өйткені теңіздің қайтуына байланысты үнемі жаңа жағдайға бейімделуге, ғалымдардың жұмысын еріксіз қиындатып жаңа мекен іздеуге тура келетін шығар. Бұл жолғы экспедицияның мақсаты – итбалықтарды санау, аралдар маңынан су сынамалары мен гидробионттарды алу. Тағы да итбалық аулау керек. Экспедиторлар оларға спутниктік таңба салып, ауруды зерттеу үшін қан үлгілерін алады. Ұсталған итбалықтардың бәрі, әрине, кейін босатылады.

«Тағы да сапарға шығамыз. Аралдарға тезірек жетіп, итбалықтарды көрсін деп тілеңіздер», - деп жазады Әсел өзінің Instagram парақшасында. - Оларды қорғау менің өмірлік мақсатыма айналды. Адамдарға кез келген тіршілік иесінің осы планетада өмір сүруге құқығы бар екенін жеткізгім келеді».

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суреттер мен видео Алматы қаласы Гидробиология және экология институтының және Әсел Баймұханованың жеке мұрағатынан алынды

24 қазан 2022, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.