Атырау, 26 желтоқсан 18:46
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Өз көрерменін іздеу жолында

5 350 просмотра

Жуырда Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрының директоры ауысты. Берік ЖӘМЕНОВТЫҢ орнына театрдың бас режиссері әрі көркемдік жетекшіcі Асылбек ЫҚСАН (суретте) келді. Біз театрда ғана емес, телевизия, газет, аударма ісі және кино саласында да біршама жұмыс тәжірибесі бар бұл кісімен әңгімелескен едік.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Асылбек Ықсан Исатай ауданы, Амангелді ауылында 1955 жылы 17 тамызда туған. 1978 жылы Алматыдағы өнер институтының актерлік факультетін бітірген. Мәдениет министрлігінде, «Хабар», «CaspioNET», «Қазақстан» телеарналарында жұмыс істеп, «Азамат.kz» республикалық газетінің бас редакторы, «Қазақфильм» АҚ-ның дубляж жасау бөлімінде редактор болған. Бірқатар әдеби шығармалардың авторы, ғылыми, философиялық еңбектерді аударған. Алты баласы бар. Қазір Атырауда жұмыс істейді.

«ТЕАТРДА АРАҚ ІШКІЗБЕЙМІН!»

- Асылбек аға, бұл орынға сізді ұсынған кім еді?

- Облыстың кадр мәселесін облыс әкімшілігі шешеді. Сондықтан, мұны да осы салаға жауапты адамдар шешкен шығар.

- Ал Берік Жәменов ше?

- Ол осында бірнеше жыл жұмыс істеген, осы жерде еңбек сіңірген азамат қой. Не себептен оны алды, не себеппен мені әкелді, оны басшылар біледі. Маған тек, Берік Жәменов жұмыссыз қалмайды, оған жұмыс тауып береміз деді.

- Сіз Атырауға бас режиссер болып осыдан екі жыл бұрын келіп едіңіз. Айтарлықтай жаңа леп енгіздім дей аласыз ба?

- Театр труппасы керемет, ұйымшыл, ауызбіршілігі мықты. Бірақ, көп жылдан бері сырттан режиссер шақырып, спектакль қойдырған театр ғой. Негізі театрды бір режиссер ұстап отыру керек. Ал ол мұнда Шапай Зұлқаш аға жұмыс істеген жылдардан кейін көп болмаған.

Ал кейін өзге өңірлерден режиссерларды шақыртты. Олар спектакльді тезірек қойып, тезірек өз үйлеріне кету керек болғасын, спектакль де аз уақыттың ішінде қойылды. Бұл режиссерлардың гастрольдік жұмысы сондай, басқа театрда спектакль қою - ақша табудың бір жолы. Бізде Ораз Сәрсенбеков, Жанат Хаджиев, Тілеген Ахметов деген елімізге белгілі режиссерлар спектакльдер қойды. Қазір оралдық режиссер Мұхан Томанов қойып жатыр. Бұлардың ешқайсысында «провальный» дүние жоқ.

Жаңа леп әкелдім дегенге келсек, қазір бірінші кезекте қалыптастыруды жүргізу қажет. Кешіріңіз, мен енді айтайын, театрда мен ешқашан арақ ішкізбеймін! Қайда барса, онда барсын, екі адамды жұмыстан шығардым. Арақ жүрген жерде береке болмайды.

 

ТАМЫРЫН БАСУ

- Станиславский: «Театр - храм исскуства» деген. Театр – бұл біздің рухани мешітіміз, халықты ағарту жолы. Көрерменді жылату, күлдіру, халықтың жүрегіне сәуле салу – біздің мақсатымыз. Мысалы, «Қос мұңлық» деген спектакльден кейін халық жылап келді. Неге? Бұл көп адамдардың басында бар проблема. Қазір біз өзгердік. Қазір қарттарды қарттар үйіне апарып жатыр. Бұл спектакль сол туралы. Немесе айталық, «Бір түп алма ағашы» спектаклі де халыққа ұнады. Неге? Тағы да көпке таныс проблема. Қазір бір атадан, бір анадан туған балалардың ырың-жырың боп туысқандықтан кеткені басым. Ол көп отбасында бар нәрсе.

Сондықтан, спектакльге келген 600 адамның ең болмағанда, екеуі өздеріне: «Мен әке-шешеме не істедім?» деп ойланса, демек біздің өз міндетімізді ақтағанымыз. Сондықтан, театр тек қана демалатын жер, күліп кететін орын дегенмен келіспеймін.

- Кей режиссерлер секілді актрисалармен қыдырмаймын депсіз...

- Енді бұл сұраққа актрисалармен қыдыратындардың өздері жауап берсін.

- Намаз оқиды екенсіз...

- Иә, он жыл болды.

 

РЕЖИССЕРДІҢ ФЕРМАСЫ

- Өнерден басқа немен айналысасыз?

- Алматыда өзімнің меншігімдегі жерім бар. 8 жыл бұрын мен 5 гектар жерге алма ағаштарын отырғыздым. Жемісін беріп келе жатқанына бес жылдай болды. Алма бағын күтіп-баптау жұмысын мен өзім, өз қолыммен жасадым. Ал одан бөлек шағын фермам бар. Онда сиыр, қой, ешкі, тауық ұстаймын. Мұның бәрі адамға «общениеге» жақсы, табиғат пен жануарлар арасындағы қарым-қатынасты орнату үшін қажет. Біз бала кезден бота, лақ көріп өстік қой. Сондықтан, бізге бұл іс таңсық емес.

 

АСТАНАДАҒЫ ТРИУМФ

- Сіз сахналаған «Шырмауық астындағы шырғалаң» спектаклі Астанада көрерменді көптеп жинады, аншлаг болды деп едіңіз.

- Бұл - Юджин О’Нил жазған керемет әлемдік классика. Біз мұны Астанада қойдық. Сонда көрермен кетпей, тікесінен тұрып қол соқты. Бұл менің өзім қойған спектакль болғасын айтып тұрған жоқпын. Ал бәрі тараса бастағанда Фариза апай (Оңғарсынова) актерларды сахнаға қайта шақырды. Ол бәрімізбен танысып шықты да: «Атырау театры, сіздер менмін деп жүрген театрларды табанға салып таптайтын өнер көрсеттіңдер! Мен сендерді атыраулық болған соң айтып тұрған жоқпын. Ұнамаса, ұнамады деп айтам», деді. Бұл - ол кісінің өзінің берген бағасы.

 

ГАСТРОЛЬШІЛЕРДЕН ҮЙРЕНСІН

- Театр актерларының бірінен мен: «Соңғы кездері Асылбек Ықсан спектакль қоймай жүр. Әртістерге ренжулі. Біз бәрібір облыстық деңгейде қаламыз. Астана, Алматы театрларындай бола алмаймыз» деген әңгімені естідім.

- Талант географияға қарамайды. Құрманғазы мен Дина апамыз Астанада туған жоқ қой. Көп таланттар ауылдан шыққан. Бұған қатысты бұл актердің өзінің бір пікірі бар шығар.

Мен өзімді керемет адаммын дей алмаймын, бірақ, мен әділ болғым келеді. Жаңа спектакльдерді неге қоймай жүрмін? Себебі, театр әртістері әр режиссердің стилін, қолтаңбасын көрулері тиіс. Мәселен, гастрольші режиссерлердің біреуі тұрмыстық драманы, енді бірі психологиялық драманы, үшіншісі комедияны қоюы мүмкін. Сөйтіп, актерлар жан-жақты өсуі үшін әр рөлде, әр образда өздерін сынап отырулары тиіс.

Қазір мен пьеса жазып жатырмын. Дайын спектакльдер де бар. Оған қоса, алты жылдай болды, Сарайшық трагедиясы туралы мистикалық повесть жазу үстіндемін. Сарайшықта алма бағын отап тастағаннан кейін 11 адам қырылды ғой. Одан бөлек, бірнеше көркем және деректі фильмдердің сценарийлері дайын тұр. Иншалла, оларды жақын арада жарыққа шығарамын.

...Мен таңба өнерін талай жылдан бері зерттеп жүрмін. Менің алғашқы әңгімелерімді жазу да осыдан басталды. Бүкіл әлемде бұл зерттеумен төрт-бес адам ғана айналысады екен. Жалпы, әр ұлттың өзіндік болмысын аңғартатын белгілері бар. Ол туралы ұзақ отырып әңгімелеуге болады...

 

ТЕЛЕВИЗИЯ САЛАСЫНДАҒЫ АУЫР ЖҰМЫС

- Сізді «Қазақстан» телеарнасынан Кеден одағына қатысты хабарлардың бір санынан кейін жұмыстан қуған екен?

- Мені ешкім қуған жоқ. Мен ол жерден өзім кеттім. Бұл мен осы уақытқа дейін ешкімге айтпай жүрген жағдай еді. Менің орнымда басқа болса, айқайлап, әп сәтте танымал болып шығар ма еді. Бұл хабарды Серік Жанболат жүргізетін. Кеден одағына кіреміз бе, кірмейміз бе деп жатқан кез. Әлихан Бәйменов пен оған қарсы бір депутат келді студияға. Бәйменов Кеден одағының қазаққа зиянды жақтарын айтты, оның оппоненті одақ бізге керек деді. Бәйменов мықты дайындалған, ол Кеден одағына қатысты бүкіл құжаттың бәрін оқып, зерттеген екен. Әр минут сайын оның сөзі үстем түсіп тұрды, дәлелдері күшті болды. Мен ол кезде сол хабардың бас редакторы міндетін атқардым. Бұл хабардың санын шығармауыма да болады. Бірақ, бұл тақырып сол кездері газет беттерінде де ашық әрі көп айтылып жүрген еді. Содан хабар эфирге шығысымен бір шиеленіс басталды. Астанадан үкіметтің адамдары хабарласып, дау болған. Сол түнде хабарды көшіріп алып, ұшақпен біздің басқарманың төрағасы Астанаға ұшты. Бес адам кінәлі болып шықты. Эфирге шыққанына жауап беретін менен де басқа адамдар бар еді. Мен жігіттерді ыңғайсыз жағдайға қалдырмайын деп жұмыстан шығып кеттім. Оларға басқа жұмыс табу қиындау болды. Онда дау-дамайдың басқа да жайттары болған. Бірақ, мен әзірге бұл туралы айтқым келмейді. Сөйтіп, мен жұмыстан шығып кеткесін «Қазақфильмге» жұмысқа орналастым.

 

БАЛАЛАРДЫ ДА ШАҚЫРАМЫЗ

- Театр труппасына жаңа актерлар келіп жатыр екен...

- Бізге өзінің отбасымен бірге Орал театрының мықты актерларының бірі жұмысқа ауысып келді. Мен Оралдан тағы бір екі қызды жұмысқа алдым. Алматыдан Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының бір түлегі келді. Ал қалғандары – жалпы жергіліктілер.

- Театрды қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұрын не нәрсеге көңіліңіз толмайтын еді?

- Соңғы кездері облыс әкімі театрға келіп, залдың қуыс-қуысына дейін аралап шығады. Театрға қазір барлық жағдай жасалып жатыр. Күрделі жөндеу, реконструкция жасау жоспарда тұр. Дыбыс аппаратураларын әкеліп жатыр. Жарық мәселесін жазайын деп жүр едім. Ол жағынан да керемет жарықтандыру техникалары келе жатыр. Бұл театрдың сахнасы өте үлкен әрі айтарлықтай сыйымды.

Бізге қазір балаларға арналған репертуар жасау керек. Қазақ ертегілері болсын, ұлттық тәрбие беретін новеллалар болсын, балалар спектакльдері біздің сахнада жиі қойылуы тиіс. Сол жағын қолға алып отырмыз. Мүмкін балалар қуыршақ театрының жұмыстарын да біз қосымша атқаратын шығармыз.

- Қызықты әңгімеңізге рахмет.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.