Атырау, 23 желтоқсан 15:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жауқазын көктем

8 679 просмотра

Наурыз мерекесі қарсаңында Атыраудың бір топ қылқалам шеберлері өз өнер туындыларын қалың көрермен назарына ұсынды.

Залға қойылған батик, кескіндеме, көркемсурет, гобелен, коллаж және витраж жанрлары бойынша салынған жұмыстар Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің суретші ұстаздары мен студенттеріне тиесілі. Олардың авторлары Отарбай Кендір, Камила Жапалова, Қамбарбек Аманов, Гүлшат Иманғалиева, Айса Отаралиев, Бибінұр Есенғалиева, Жазира Мұқсиева және Дидар Төлеуовтер екен.  

ЖАПОНИЯДА БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ САБАҒЫНА КӨП УАҚЫТ БӨЛІНЕДІ

Көрме жөнінде «АЖ» тілшісімен ой бөліскен аталған кафедра меңгерушісі, белгілі суретші Отарбай КЕНДІР жас суретшілердің «Русский лес», «Көктем», «Керуен» және «Ақшам» атты жұмыстарын ерекше атап өтті.

Бұл көрменің негізгі мақсаты – жастарды шығармашылық жолға шыңдап, қанаттандыру деген ұстаз бейнелеу өнерінің адам жанын сұлулыққа тәрбиелейтінін айтты. Ал «АЖ» тілшісінің «бізде соңғы кезде атаулы мереке күндеріне арналған көрмелер жиі ұйымдастырылады, бірақ, қоғамдағы проблемаларға арналған көрме әлі ашылған жоқ секілді?» деген сауалына суретші былай деп үн қосты:

- Айналамызды әдемі ұстап, табиғатты қорғап, экологияны ластамау үшін ондай көрмелерді жиі ұйымдастыру керек. Келген көрермен суретшінің жұмысына қарап, көп нәрсені түсіну мүмкін. Өмірде байқамаған, көзі шалмаған проблеманы картинадан анық көріп, өзіне бірдеңе түюі әбден рас. Мәселен, Жапония елінде мектептерде математика пәніне емес, бейнелеу өнеріне көп сағат бөледі екен. Осылайша жас ұрпақты бейнелеу өнері арқылы этикалық-эстетикалық тәрбие береді.

БАТИК ӨНЕРІ ТӨЗІМДІЛІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Ал батик өнерімен айналысып жүрген суретші Камила ЖАПАЛОВА болса, осы өнердің өзін алып жүруге асқан шыдамдылық пен ептілік қажет екендігін әңгімеледі. Батик өнері – жібек матаға бояуларды бүрку арқылы салатын сурет өнерінің қиын жанрларының бірі. Камиланың айтуынша, суретші батикті салғанда жібек матаға бояуды түтікше арқылы үрлеп жіберіп, көздеген кескінді келтіріп болғанша араға үзіліс болса да салуға және демалуға болмайтынын айтады. Сондай бір картина салу үшін бір апта, кейде бір ай керек екен. Негізінен, классикалық абстракцияға толы ұлттық бояуы басым көріністерді бейнелеуге бейім батик шебері өзінің жұп-жұқа матаның бетінде жұмыс істегенінде, аспанда қалықтап ұшып жүргендей нәзік әлемге енетінін жеткізді. Камила батик өнерінің бізге Индонезиядан  Еуропаға, Еуропадан Ресейге, Ресейден біздің елімізге келіп отырғанын айтты. Сол себепті, Қазақстанда бұл сала әлі жетік дамып үлгермеген. «Осы батик өнерін кейінгілерге үйретіп, әрі қарай дамуына үлес қосқым келеді» дейді ол. Қарап тұрсақ, оның жұмыстарында түйе бейнесі көп кездеседі екен. Оның себебі, түйе жануарының мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыздың қажетіне жарап, бүкіл ауыртпалығын бірге тартқан қасиетті мал екендігін және түйені салуға бір тылсым күштің үнемі итермелеп тұратынын, түйені мейірімділік символына теңейтінін тілге тиек етті.  

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

17 наурыз 2011, 18:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.