Атырау, 23 қараша 14:56
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Хаменованың ісі: Рысқалиев берген куәлігінен бас тартты

Сурет Бейнежазба
2 624 просмотра

Бүгін, 13 қазанда Атырау облысы әкімінің экс орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВАҒА қатысты кезекті сот отырысында сотталушылардың бірі Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ күтпеген мәлімдеме жасады. Ол өзінің бастапқыда “пара беруші мен пара алушы арасында делдал болдым” деген жауабын өзгертіп, Хаменованың 4,5млн теңгеге ешқандай қатысы жоқ екенін жеткізді.

Ол өз сөзінде бастапқыда берген куәлігі Антикор қызметкерлерінің ықпалымен болғанын жеткізді. 

- Мен ол кезде есеңгіреген қатты күйзелісте болдым. Сол кезде Антикор қызметкерлерінің біреуі келіп, ол қаржыны облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға арналғаны туралы өз жауабымда куәлік ету керек екенін айтты. Егер осылай айтқанда қорғалу құқығына ие болып, ол үшін жауапкершілікке тартылмайтыныма уәде берді, - деді Рысқалиев. 

Рысқалиевқа адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ бірнеше сұрақ қойды: 

- Нақтырақ айтсаңыз, кім тапсырма берді?

- Ол жерде бірнеше адам болды. Мен танымаймын. 

- Сіз Адамов пен сіздің араңызда келісім болғанын Хаменова білмейтінін Антикор қызметкеріне айттыңыз ба?

- Иә. Олар мені дайындады. Мен оларға Адамов туралы және ақша туралы айтсам, Хаменованың түсінбейтінін оларға ескертіп айттым. Ақшаны берген кезде сезік тудырмайтындай етіп сөйлеп, кімнен келгенін, не ақша екенін ашып айтпай, ыммен сөйлесу керек деп олар маған баса тапсырды. Ең бастысы менің ақша алып келгенімді Хаменова түсінсін деді. Олар мені қалай дайындады, мен солай айттым.

Осыдан кейін Жолболов оған неге бастапқыда басқаша айғақ бергенін сұрағанда, оған: 

- Мен осыған дейін көп ойландым. Осыған дейінгі әрекеттерді көріп отырып, қатты шаршадым. Басында, бірінші берген жауаптарыммен қаламын деп тырысқам. Мені сол инструктаждан өткізген Антикор қызметкерлері «осылай соңына дейін барсаң, өзің үшін бәрі жақсы болады, қорғалу құқығына ие боласың, жауапкершілікке тартылмайсың, бәрінен де босатыласың» деген болатын. Бірақ күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қорғау, қолдау туралы әрекеттер жасалмағандықтан, расында мен қандай мақсатта қаржы сұрауға мәжбүр болдым, ел үшін жасалған жұмыстардың жыртығын жамауға демеуші керек болғанын шынымен де бәрі қалай болғанын айтуға шешім қабылдадым,- деді Рысқалиев. 

Рысқалиевтің бұл мәлімдемесінен кейін сотқа қатысуға келгендердің бәрі қол шапалақтап, Хаменова көзіне жас алды.  

- Мұсылмандық танытқаныңызға, Антикордан емес, Алладан қорыққаныңызға, 10 ай бойы тар қапаста қамалып отырсам да бүгін шындықты айтқаныңызға мен рахмет айтамын, - деді Хаменова.

Хаменованың ісі бойынша келесі сот отырысы 21 қазанға белгіленді. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

13 қазан 2022, 22:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.