Махамбет ауданында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Көне керуен жолдары және оның бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мәселелері» тақырыбында далалық семинар өтті, деп хабарлайды Махамбет ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еліміздің және Ресей елінен арнайы келген ғалымдар керуен жолдарын барлау барысында «Канал», «Шойтас», «Құлпытас», «Ащысай» тұрағы және Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде жаңадан анықталған алтынордалық «Қарағайлы» мекеніне барды.
Қарағайлы мекенінен қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар, мыс тиындар табылды. Археолог Мадияр ЕЛЕУОВ және Вячеслав ПЛАХОВ бұл аймақта сауда жолы бойында үлкен мекен болған деген пікір білдірді. Сонымен қатар, нумизмат Павел ПЕТРОВ табылған тиындар Алтын Орда дәуірлеп тұрған Өзбек хан кезеңіне (1283-1341 жж.) жататынын нақты айтты. Археолог Марат ҚАСЕНОВТІҢ пікірінше, бұл аймақта Сарайшықтан кейін күйген кірпіштен жасалған осындай кешен алғаш кездесіп тұр.
– «Қарағайлы» мекенінің батыс жағында шамамен 4-5 ғимарат орны төбешік күйінде байқалады. Оның біреуін зерттеген кезде қыш және саман кірпішпен аралас тұрғызылған ғимарат орны анықталды. Екі бөлмеден тұратын ғимараттың үлкен бөлмесінің көлемі – 4,8х4,8 м, кіші бөлме көлемі – 4,8х2,4 м. Қабырғасының қалыңдығы – 1,25 метр болса, сақталынған биіктігі – 80 см. Бөлмелердің еденіне қыш кірпіштер төселген. Сонымен қатар осы аралықта аз мөлшерде тас еңбек құралдарының жаңқалары да кездесті. Ғимарат шамамен ХІV-XVІ ғасырға жататыны анық байқалады. Бұл Сарайшық пен Сарай Бату, Қажы Тархан арасындағы алғашқы ірі ескерткіш деп саналады, - деді музей-қорықтың бас инспекторы, археолог Айбек ТҰРАРҰЛЫ.
Ал сарайшықтанушы Вячеслав Плахов былай дейді:
- Бұл біздің ең алғашқы табысымыз. Нысан батысқа жол тартқан саудагерлердің тынығуына таптырмас орын болғандығымен ерекше. Қайта жасақтауға болатындай күйде сақталған. Сондықтан көп уақыт созбай жұмыстарға кірісу керек. Әрине, мұның бәрі қаражат пен қажырлы еңбекті талап етеді.
«Сарайшық» музей-қорығының археологтары былтырдан бері Ұлы Жібек жолының тармақтарын зерттеп келеді. Жүйелі жұмыстар жүргізудің нәтижесінде биылдың өзінде 10-нан астам алтынордалық тұрақ табылған.
Дайындаған Нұрбейбит НҰҒЫМАНОВ
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған суреттер