Жақында Атырауда өткен қоғамдық тыңдауда қоқыс шығару тарифін көтеру мәселесі қызу талқыланып, маңызды емес көрінетін коммуналдық мәселе (бұл жерде сомалар аз) көптеген пікір мен наразылық тудырды. Толығырақ – «АЖ» материалында.
Қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Эдуард ОСПАНОВТЫҢ айтуынша, Атырауда қоқыс шығару тарифі – бір адамға орта есеппен 206 теңгеден, Бұл басқа облыстармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мысалы, Алматыда – 553 теңге, Оралда – 496, Семейде – 470. Бірақ бұдан да төмен облыстар бар: Таразда – 35, Көкшетауда – 151, Шымкентте – 171, Ақтөбеде – 180.
Э.Оспанов 2012-2018 жылдар аралығында қоқыс шығару тарифінің өспегенін айтып, оны көтеру орынды деп санайды. Оның ұсынысы – бұл көрсеткішті 594 теңгеге дейін көтеру. Бұдан түскен табыс тек «Арнаулы автобаза» ЖШС-іне ғана емес, жаңа қоқыс сұрыптау зауытына да түседі. Мұнда «Арнаулы автобазаның» қатысу үлесі жартысына жуық.
– Жаңа қоқыс өңдейтін зауыттың тарифке қандай қатысы бар және оны салар кезде халықтан неге сұрамады? Бұл сұрақ бәрінің көкейінде тұрған шығар. Кешен құрылысы 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы мен экологиялық жол картасына енгізілген, - дейді Оспанов. – Зауыт жергілікті меценат Махмұд Мералиевтің жеке қаражатына салынды. Пайдалануға берілгеннен кейін өз тарифі болады. Экология кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты қоқысты бұдан былай көмуге болмайды.
Айтпақшы, жыл сайын қала тазалығын сақтауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Неліктен оларды тарифті ұстап тұру үшін пайдаланбасқа? Бұл сұраққа жауап берген Оспанов тазалық жұмыстарына бөлінген қаржының тарифке қатысы жоқтығын, ақшаның басқа мақсатқа жұмсалатынын атап өтті. Бұл ақшаға тіпті Мостовой каналы да тазартылып жатыр...
Қалалық мәслихат депутаты Гүлзейнеп ДЮСУПОВА 2020 жылы тарифтерді 500 теңгеге дейін көтеруге жол бермегенін айтты.
– «Арнаулы автобаза» ЖШС неге шығындарды азайтпайды, неге оңтайландырып, тарифтер бағасын сол күйінде қалдырмайды? - деп сұрады «Тұтынушылардың құқығын қорғау және бәсекелестікті дамыту» ҚБ президенті Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА.
– Біз жаңа технологиялар бойынша жұмыс істейміз және қызметкерлеріміздің қалай жұмыс істейтінін онлайн бақылаймыз. Жаңа қоқыс жәшіктері орнатылды. Енді әкімдік жақын арада тағы жүз қоқыс жәшігін орнатпақ. Таразда тариф арзан болғандықтан, қала қоқысқа толы, – дейді «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас ІЗТІЛЕУОВ.
ҚОҚЫС ҮЙІНДІСІ БЕС ҚАБАТТЫ ҮЙДЕЙ
Экология белсендісі Арман ХАЙРУЛЛИН тарифтің көтерілуін қолдайтынын мәлімдеді:
– Қоқыс полигоны бес қабатты үйдей болды. Түрлі аурулар, тіпті сібір жарасы да пайда болады. Тіпті полигонда бес минут тұрудың өзі қиын. Медициналық қалдықтарды көп көруге болады. Ауырып қалсақ, 400 теңге емес, 40 мың береміз. Балалар ауырып қалса, біз жауапты боламыз. Экология арзан нәрсе емес, сондықтан артық әңгімесіз тарифті көтеру керек, әйтпесе деградация болады.
Қала іргесіндегі ауыл ақсақалы Күншығар КӨПБЕРГЕН бір үйден бір пакет қоқыс шықса, екінші үйден сегіз қап қоқыс шығады. Сондықтан жаңа баға халықтың қалтасына соғады деген пікірін білдірді. Тіпті төрт ересек, сегіз баласы бар көршінің жағдайын айтып, мысал келтірді. Әрине, жаңа тариф қарапайым тұрғындардың қалтасын қағады.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Нұрлы ХАБИЕВА аз қамтылған отбасыларға коммуналдық төлемдерді төлеуге көмек көрсетілетінін айтты. Тек келіп, ай сайын түбіртекті тапсырса болғаны.
Тағы бір белсенді Нұрлан ЖОНАСОВ қоқыс полигонында жұмыс істейтінін, «Теңізшевройл» мен «НКОК» компаниялары қоқыс тарифінің белгілі бір пайызын төлесе, сол күйінде қалдыруға болатынын айтты. Ал белсенді Лунара МАҚСҰТОВА ірі мұнай компаниялары «халықты улап отыр», сондықтан қоқыс мәселесін олардың қатысуымен шешу керек дейді.
Әріптесіміз, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Виктор СУТЯГИН қызықты пікірін білдірді:
– Бастапқыда қоқыс өңдейтін зауыт қайырымдылық, сыйлық ретінде салынды. Енді ақша сұрайды! Неліктен бәріміз осы зауытқа ақша жинауымыз керек? Құрылысқа қаржы бөлді, енді оны қайтарып беруді сұрап жатыр ма?
«СІЗДЕР ТҮСІНІҢІЗДЕР, БӘРІ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ!»
Алмас Ізтілеуов неліктен тарифтің сөзсіз көтерілу керектігін түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, шығын көбейді, жұмысшылардың жалақысын көтеру керек, бәрі қымбаттады. Балжан Досмұхамбетова одан «қарыз динамикасын» сұрады.
- Түскен ақшаға қоқыс таситын көліктер сатып алдық. Ресей мен Украина арасында соғыс басталғаннан кейін «Сбербанк» пен «Альфабанк» несие беруден бас тартты. Сондықтан біз жабдықты 34 миллион теңгеге емес, 46 миллионға сатып алдық, – дейді Ізтілеуов. Б.Досмұхамбетова инфляцияны қайта қарауды өтінді:
– Ұлттық банктің инфляциясына сенбеуіңіз керек. Оларда басқа, ал сізде басқа. 16-17 пайыз емес! Тұрғындар төлемейді. Тексеріп, заң бойынша жұмыс істеу керек. Бізге негізделген баға керек! Сіздер мемлекеттен ақша аласыздар ма?
- Жоқ, алмаймыз! Біз жеке компаниямыз.
– Сонда қоқыс жәшіктерін кім қойды? Субсидия қайда? – деп залдағылар шулап қоя берді.
– Тұрғындардың сіздің мекемеге жалпы қарызы бүгінде 50 миллион теңгені құрайды. Егер тарифті көтерсе, онда қарыз да өседі, ал егер халық оны төлей алмаса, онда олар қарыз боп қалады ма? Зауыт қалдықтарды жинап, қайта өңдеп, сатады. Қарапайым халық ол үшін неге төлейді? Орал мен Семейді айтып отырсыз, бірақ тарифті бірден үш есе көтеру қиынға соғады, – деді облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Дәурен СЕЙІТҚАЛИЕВ.
– Мен де соған алаңдаймын. Бірақ сіз де түсініңіз: тарифті көтермесек, техникамыз бен жұмысшыларымыздан айырыламыз, – деп жауап берді.
«ЕШТЕҢЕ ЖАСАМАСАҚ, ЖЕТІНШІ ҚАБАТҚА ЖЕТЕДІ»
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ полигон көлемі неліктен үлкейіп келе жатқанын сұрады:
– Есептеріңізге қарағанда, көп нәрсе жасап жатырсыздар. Бірақ неге қоқыс көлемі әлі көбейіп жатыр? Қоқыс бес қабатты үймен бірдей, көп ұзамай жеті қабатты үйдің деңгейге жетеді. Жұмыс жүрмей жатыр ма? Қандай проблемаларыңыз бар?
– Айтарлықтай проблема жоқ, – деп жауап берді Изтлеуов.
Салынып жатқан қалдықтарды сұрыптау зауытының директоры Әзілхан БАЙБАТЫРОВ жобаны қорғай бастады:
– Зауыт жылына 150 мың тоннаға дейін қалдық өңдей алады. 90 адамды жұмыспен қамтамасыз ете алады, орташа жалақы 300 мың теңге болады.
– Зауытқа ақшаны кім бөлді? Жерді қалай алдыңыздар? — деп сұрады Балжан Досмұхамбетова
– 3 млрд теңге – толық сома емес. Жартысын инвесторлар, жартысын банк берді. Қазір зауыт 95 пайызға дайын. Соңғы жұмыстарды испандық мамандар аяқтап жатыр.
– Бұл меценаттың сыйы болса, тұрғындар зауыт пен банкке неліктен ақша төлейді? Бұл қалай сонда? — деп сұрады Б.Досмұхамбетова.
- Жерді өз ақшамызға сатып алдық. Инфрақұрылымды да өз қаражатымызға жүргіздік. Тұтынушылар әрқашан ақша төлейді. Өйткені олар жоғары тарифпен жұмыс істейді.
- Инвестициялық жобаларыңызды көрсетіңіз. Сіздер тегін жұмыс жасайсыздар ма? Тегін жатқан қандай батпанқұйрық? Сіздер зауыт бойынша қоғамдық тыңдаулар өткіздіңіздер ме?
– Жоқ, біз 12 қазанға жоспарлап отырмыз.
Әңгімеге Арман Хайруллин араласып, «сыншыларға» қарсы шықты:
- Алдарыңызда қылмыскер тұрғандай сөйлейсіздер! Отыз жыл бойы қоқыспен айналысуға ешкім келмеді, ал енді келген кезде тежегіш басасыздар! Мұны қалай түсінуге болады? Тарифті көтеруіміз керек! Төрт миллиард теңгеге тутұғыр тұрғызылған кезде қайда болдыңыздар?!
Жиын соңында Әзілхан Байбатыров 10 күн ішінде инвестициялық жоба бойынша, зауыттың шығыны мен кірісі туралы материалдарды ұсынуға уәде берді.
Фархат АБИЛОВ
Суреттерді түсірген автор