Атырау, 11 желтоқсан 13:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Қашаған: мұнай төгіндісіне дайын емес

4 836 просмотра

14-15 наурызда Алматыда «Отын-энергетикалық кешендегі өнеркәсіптік қауіпсіздік. Теңіздегі және құрлықтағы мұнай төгіндісі» деген атаумен халықаралық конференция өтті. Мұнда биылғы жылдың маусымына белгіленген Қашаған кенішінен мұнай өндіруді бастау мәселесі басты тақырып болды.

ДЕКЛАРАЦИЯ ЕМЕС, ЖОСПАР КЕРЕК

Конференцияны ұйымдастырушы – 1994 жылы Лондонда негізі қаланған және ТМД елдерінде мұнай-газ компаниялары үшін халықаралық конференциялар мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын ұйымдастыруға маманданған Confidence Capital компаниясы.

Конференцияда мен күтпеген жағдай орын алды: «технологиялық» атауы бар шара алдағы уақытта Каспийден мұнай өндірудің экологиялық қауіпсіздігіне сенімді емес мамандар үшін трибунаға айналды.

Маңғыстау облыстық ТЖ департаменті бастығының орынбасары Сергей ОЛЖАБАЕВМаңғыстау облыстық ТЖ департаменті бастығының орынбасары С. ОЛЖАБАЕВӘрине, әдеттегі оптимистік пікірлер де болды. Мәселен, Маңғыстау облыстық ТЖ департаменті бастығының орынбасары Сергей ОЛЖАБАЕВ «жұмыстар жүргізілуде», «жатығулар өткізіліп жатыр», «бізде мұнай төгінділерін жоюдың Ұлттық жоспары бар» дегендей бағытта сөз сөйледі. Алайда оның оппоненттерінің дәйектері анағұрлым көңілге қонымды көрінді. Қазақстан табиғатпайдаланушыларының тұрақты даму қауымдастығының атқарушы директоры Галина АРТЮХИНАНЫҢ айтуынша, 2012 жылы қабылданған «ҚР теңіздері мен ішкі су қоймаларындағы мұнай төгіндісінің алдын алудың және әрекет етудің ұлттық жоспары» (айтпақшы, аймақтық жоспар әлі күнге дейін қабылданған жоқ – Л. С.) Каспийдегі мұнай төгіндісіне жедел және тиімді әрекет ету жүйесін құрудың орнына, декларациялық сипатқа ие құжат екен. 

Мұны қоршаған ортаны қорғау министрлігі де түсініп отырған сыңайлы: министр Нұрлан Қаппаров біздің тарапымыздан дайындық жоқ екенін әлденеше рет мәлімдеген болатын. Десе де, осы жазда Қашағаннан мұнай өндіруді бастамақ.

Айтпақшы, конференциядан ҚР ҚОҚМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Данияр ЕРЕНЧИНОВТІ байқап үлгердім. Екі күн ішінде ол аз ғана уақытқа бір-екі рет, онда да тыңдаушы ретінде төбе көрсетіп кетті.

 

«БӘРІНЕ ДЕ ДАЙЫН БОЛЫҢЫЗДАР»

Қазақстан табиғатпайдаланушыларының тұрақты даму қауымдастығының атқарушы директоры Г.  АРТЮХИНАҚазақстан табиғат пайдаланушыларының тұрақты даму қауымдастығының атқарушы директоры Г. АРТЮХИНААртюхинаның айтуынша, мұнай төгілген кезде тез әрекет етуге жалпыланған ақпараттың жоқтығы кедергі келтіруі мүмкін екен. Оператор-компаниялар солтүстік-шығыс Каспийге көп жылдардан бері зерттеу жүргізіп келе жатса да, осы тақырыпқа қатысты бірде бір ғылыми негізделген жарияланым жоқ. Мұнай компаниялары, зерттеу орталықтары мен экологиялық мердігерлер арасындағы дерекқорлар әртүрлі. Ал сарапшылар мен ғалымдар оператор-компаниялардың «құпиялылық және ақпаратты жария етпеу туралы» міндеттемесінен аттай алмайды.

Бүгінде Қазақстанда Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі табиғи ортаның жағдайы туралы online режимінде шоғырланған ақпаратқа ие бірде бір құрылым жоқ. Төгінді бола қалған жағдайда мұнайдың қалай және қай бағытқа жайылатындығы, Солтүстік Каспий суларында оның әрекеті қандай болатындығы туралы бірде бір зерттеу жоқ. Төтенше жағдай бола қалса, шұғыл шешім қабылдауға бірде бір ведомоство өзіне жауапкершілік алмайды. Өйткені шын мәнісінде  бұл шешімнің неге апарып соғатынын білмейді, - деп есептеген Артюхина солтүстік-шығыс Каспий жағдайына ұқсас басқа елдердің тәжірибелерін ескеріп, Ұлттық жоспардың жаңа нұсқасын дайындау қажеттігін айтты.

Арюхинаның сөзі Олжабаев пен оның әріптестеріне ұнамай қалды. Олар ұзақ уақыт бойына оның сөзін теріске шығаруға тырысып бақты. Ал менің ойыма Мексика шығанағындағы апатты зерттеуші АҚШ үкіметінің арнайы комиссиясының тұжырымдамасы орала кетті. Сол тұжырымдамаға сәйкес, жұмыстың нашар ұйымдастырылуы, ВР мен оның мердігерлерінің арасындағы әрекеттің келісілмегендігі (Қашаған жобасының операторлары арасындағы келіспеушіліктер туралы әңгімелер жүріп жатыр), сонымен қатар қайраңдағы бұрғылау жұмыстарының нашар қадағалануы - апаттың басты себебі болған. «Біздің үкіметіміз осылай болуға мүмкіндік берді», - деп мәлімдеген еді сол кезде комиссия мүшелерінің бірі.

Асбьорн КЛАУССЕНАсбьорн КЛАУССЕННорвегиялық спикер Асбьорн КЛАУССЕН өз елінің тәжірибесі бойынша  (1977 жылы ірі апат болды), теңізден мұнай өндіргенде «ең мүшкіл жағдайдағы сценарийді» жоспарлау керектігін айтты. 1977 жылы Ekofisk бұрғылау платформасында жарылыс болып, мұнай 8 күн бойына атқылап, нәтижесінде Солтүстік теңізіне 200 мыңнан астам баррель мұнай төгіліпті.

Біздің үкіметіміз үшін бұл төбеден жай түскендей болды. Осы апаттан кейін Норвегияда мұндай апаттарға дайын болу үшін заңнама қайта қаралды. Ең керемет жабдықтар мен ең жақсы игерген персоналдың болу керектігі қаншалықты маңызды екенін сонда түсіндік, - деді ол.

1978 жылы елде қызмет етуші компаниялар үшін Норвегиялық таза теңіздер қауымдастығы құрылған. Ол қатысушылардың ерікті жарнасының есебімен қызмет етеді және мұнай дақтарын жою технологиясын жетілдірумен айналысады.

 

РЕСЕЙЛІКТЕР ҒАРЫШТАН КӨЗ ТАСТАДЫ

Конференцияға мұнай компанияларының, Ресей Федерациясының Экология министрлігінің ТЖМ, сонымен қатар Әзірбайжанның мемлекеттік мұнай компаниясының өкілдері қатысты. Әзірбайжанда біздің теңіздегі мұнай төгіндісін жою жөніндегі Ұлттық жоспарымыз секілді жоспарлары тек бекіту кезеңінде екені анықталды. Ресейлік және біздің мұнайшылар конференциядан тыс кезде осы бағыттағы және бұрғылау қалдықтарын жою ісіндегі әзірбайжандықтардың жағдайы бізден де нашар екенін айтып жатты. Есесіне солтүстік Каспийдегі өз учаскелерінде жұмыс істейтін ресейліктер  («Лукойл-Нижневолжскнефть» ЖШҚ) өздерінің мердігерлік учаскелерінің де, көршілес қазақстандық учаскенің де экологиялық қауіпсіздігіне спутниктік мониторинг жүргізеді екен. Олар мұнай өнімдері бар қалдықтардан әдейі құтылатын кемелердің теңізді ластайтындығын жиі тіркейтін көрінеді. Бұдан басқа, спутниктер қазақстандық сектордан белсенді грифондарды – мұнай мен газдың бақылаусыз шығу каналдарын анықтайды. 

Атап айтқанда, ені 50-ден 150 метрге дейін, ұзындығы 300 метрден үш километрге дейін болатын шұбаланған жіп түріндегі дақтар тобы Түп-Қараған (Маңғышлақ) жартыаралынан солтүстік-батысқа қарай теңіздің үш ауданынан байқалған. Оның бүгінгі күні нақты саны белгісіз суға батқан мұнай ұңғылары болуы әбден мүмкін.

 

САЛТАНАТҚА СЕБЕПКЕР ҚАЙДА?

«Салтанатқа себепкер» - Қашаған кенішін игеруші NCOC консорциумынан басқа шақырылғандардың барлығы конференция жұмысына белсенді қатысты. Бағдарламада белгіленген, бір кездері қысқы уақытта Каспийге төгілген мұнайды жинау оңай екенін айтқан Аджип ККО-ның мұнай төгінділерін жою жөніндегі үйлестірушісі Марк ШЕПЕРД келмей қалды. Консорциумнан тек өндіріс қалдықтарына бақылау жасау жөніндегі үйлестіруші ғана қатысты. Қысқы уақытта тайыз сулы жағдайда және құрамында күкіртсутегі жоғары Қашаған мұнайын жинаудың қиындығы туралы айтқан спикерлерді тыңдау үшін Шеперд Алматыға келу керек еді. Мұнайды жою жабдықтары бойынша маманданған даниялық DESMI компаниясының вице-президенті Франдс ПИЛЕГААРД ДЖЕНСЕННІҢ айтуынша, төменгі температурада мұнай жинау қажеттілігімен бетпе бет келетін ірі жобаларға арналған жабдықтарды жасаумен және қызмет көрсетумен дүние жүзінде санаулы компаниялар ғана айналысады екен.

Г. Артюхинаның баяндамасында келтірілген цитаталар:

Мұнай және газ вице-министрі Әсет МАҒАУОВ: «Қолданыстағы редакцияда Ұлттық жоспарды – ресми құжат деуге болады. Ал ол барлық жою шараларына қатысушылар үшін кезекті әрекеттер әдістемесі болуы тиіс».

Қазақстандық мұнай және газ институтының Бас директорының кеңесшісі Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ: «Қазақстанда әрекет ету әдісін таңдау үшін нормативтік база құрылмаған. Төтенше жағдай бола қалғанда, оператор-компаниялар үйлесімді жұмыс істей алмайды».

Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВ: «Мұнай төгіндісіне әзірге дайын емеспіз. Егер осындай төгінді орын алатын болса, апат ауқымды болмақ. Ол Мексика шығанағында болған апаттан да асып түсуі мүмкін».

Олар таныстырған «қысқы» скимерді жасауға үш жыл уақыт кеткен. Айтпақшы, бұл жұмысты Қашағанда жұмыс жасап жатқан трансұлттық компаниялар төлепті. Қашықтықтан басқарылатын скимер теңіз учаскесіндегі бондық бөгеттермен қоршалған 6 метр радиустағы мұнайды сорып алады. Бір скимердің құны – 200 мың еуродан басталады.

Бір қызығы, сатып алынған және базалардың бірінде сақталған, 600 градус Цельсийге дейінгі қызуға төзімді 200 метр арнайы «бондардан» айырмашылығы Қашаған жобасы үшін бұл скимерлерді сатып алмаған.

Олардың (НКОК пен Аджип ККО) құрамында күкіртсутек көп екендігін ескеріп, мұнайдың төгілу мүмкіндігін және тұтану қаупінің жоғары деңгейде екенін жоққа шығармайтыны түсінікті, – деп бөлісті конференцияға қатысушылардың бірі.

Сонда, шынымен де қысқы уақытта төгілген мұнайды жинау жеңіл болғаны ма? – деп тікелей сұрадым мен Дженсеннен.

Жоқ, анағұрлым қиындау, – деп жауап берді ол.

Шепердпен кездескен кезде, мәселен, 20 наурыздағы Қашаған жобасы бойынша өткізілетін қоғамдық тыңдауда осының бәрін оған айтып беруге уәде беремін.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Алматы - Атырау

Суретті түсірген автор

19 наурыз 2013, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.